Астанада көпқабатты тұрғын үйде болған өрттен зардап шеккен әйелдің жағдайы ауыр, деп хабарлайды El.kz интернет-порталы.
Қайғылы оқиға 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде болған. Тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шығып, сол сәтте ішінде бір отбасы болған. Өрт салдарынан үш бала көз жұмып, олардың анасы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Оқи отырыңыз:
Дәрігерлер мәлімдеуінше, 39 жастағы әйел жедел жәрдем көлігімен шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілген. Оның денесінің 50-55 пайызын күйік шалған. Мамандар науқасқа II-III АБ дәрежелі термиялық күйік, термоингаляциялық зақымдану және II-III дәрежелі күйік шогы диагнозын қойған.
Травматолог дәрігер Марат Сабыровтың айтуынша, әйел бірден арнайы палатаға жатқызылып, бірнеше бейінді мамандардың қарауынан өткен.
Науқас өте ауыр жағдайда түсті. Қазіргі уақытта толық көлемде қарқынды терапия жүргізіліп жатыр, – деді дәрігер.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы
Астананың Есіл ауданында орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан үш бала қаза тапты.
Қайғылы оқиға Түркістан көшесіндегі көпқабатты үйдің 15-қабатында болған. Өрт шыққан пәтерде болған әйел күйік алып, құтқарушылар оны сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметіне тапсырған. Кейін ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді.
Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылған.
Төтенше жағдай кезінде жоғары қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шығып үлгерген. Құтқарушылар өртті толықтай сөндірді.
Ал Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті қосымша мәліметінде өрт сөндіру жұмыстарының күрделі жағдайда жүргізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, ауладағы кіреберіс металл қақпалармен жабылып, аумақ автокөліктермен толып тұрған.
Құтқарушылар оқиға орнына жедел жеткенімен, пәтер есігінің металлдан жасалып, екі құлыппен жабылғаны өрт сөндіру жұмысына қосымша қиындық тудырған. Соған қарамастан, мамандар есікті арнайы құралдардың көмегімен ашып, жалынның таралуына жол бермеген.
Сондай-ақ өрт дабылы іске қосылып, жеделсатылар автоматты түрде бірінші қабатқа түскен. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт көрші пәтерлерге таралмаған.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Ал жергілікті әкімдік зардап шеккен әйелге және қаза болған балалардың отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Куәгер не дейді?
Астанада үш бала қаза тапқан көпқабатты үйдегі өртке қатысты оқиға куәгері сол түнде болған жайттарды баяндап берді. Threads желісінде @asha_1299 атымен тіркелген қолданушының айтуынша, ол шамамен сағат 01:17-де оянып кеткен.
Алғашында пәтерінде күйіктің иісі сезілгенін айтқан тұрғын, артынша қою түтінді байқап, баспалдаққа қарай жүгірген.
Алла… Алла… Алла… деген дауысты естідім. Баспалдаққа шықсам, айнала түгел түтінге толып кеткен. Сол кезде ғана көршінің пәтерінде өрт шыққанын түсіндім. Есігін қақтым, бірақ ешкім ашпады. Басқа көршілерді де оятуға тырыстым, алайда ешкім жауап бермеді, – дейді ол.
Куәгердің сөзінше, бір сәтте ерлі-зайыпты көршілерінің бірі есігін ашқан. Әйел оларға өрт шыққанын айтып, көмек сұраған.
Ер адамнан көмектесуін сұрадым. Іште әйел айғайлап жатты. Бірақ оларда ешқандай құрал болмаған. Содан кейін өз пәтеріме қайтып барып, 101-ге хабарластым. Қабырғаның ар жағынан ыңырсыған дауыстар естіліп тұрды, – дейді тұрғын.
Көп ұзамай тұрғындар жаппай сыртқа шыға бастаған. Сол уақытта оқиға орнына өрт сөндірушілер де жеткен.
Куәгердің айтуынша, көршілердің барлығы ол пәтерде әйел мен үш баланың тұратынын білген. Алғашында балалардың үйде болмағаны туралы ақпарат тарағанымен, кейін олардың қаза тапқаны белгілі болған.
Жылы киімдерімді алуға қайта көтерілдім. Сол кезде ғана балалардың қайтыс болғанын білдім. Көз жасымды тоқтата алмадым. Қабырғаның ар жағынан олардың даусын күнде еститінмін, – дейді ол.
Тұрғынның айтуынша, сыртқа шыққан кезде әйелдің күйеуі мен туыстары да оқиға орнында болған.
Қылмыстық іс қозғалды
Астанада осы жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Астана қалалық Полиция департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, оқиға орнынан табылған балалардың мәйітіне қатысты барлық мән-жайды анықтау үшін кешенді шаралар жүргізіліп жатыр.
Қаза тапқан балалардың денелері табылған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық себеп-салдарын анықтауға бағытталған жұмыстар жалғасуда, – деп мәлімдеді департамент өкілдері.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары өрттің шығу себебі мен қайғылы жағдайдың нақты мән-жайын жан-жақты тексеріп жатыр.