19 Тамыз 2015, 05:27
Жастардың басым көпшілігін, әсіресе ауыл жастарын қамтитын еліміздегі ең ауқымды жобалардың бірі «Жайдарман» ойыны екені белгілі. Ресейлік КВН-нің қазақша баламасына айналған бұл ойынды әрбір қазақ баласы біледі. Дегенмен аталмыш ойынға байланысты сыни пікірлер біздің қоғамымызда өте көп кездеседі. Осыған орай, Ел.кз редакциясы Қазақстан КВН Одағының президенті Есен Елеукенмен арнайы сұхбат құрып, сол сыни пікірлер төңірегінде әңгіме жүргізді.
Есен Елеукен туралы қысқа ақпарат
Туған жылы: 05.12.1973 ж.
Туып-өскен жері: Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Шетырғыз ауылы.
Жоғары білімі: Оңтүстік Қазақстан техникалық университеті, «Технологиялық процестер мен өндірісті автоматтандыру» мамандығы
Отбасылық жағдайы: үйленген, бір қызы бар.
Сұхбат
– КВН ба КТК ма? Қайсы атауды қолданамыз?
– Ресейдегі КВН ойынының қазақша нұсқасын бір кездері КТК деп атап жүрді. Мен бұл атауға келіспеймін, өйткені ол – сөзбе-сөз аударма (калька). «Көңілді тапқырлар клубы» дегеннен гөрі, «Әзілқойлар мен тапқырлар отауы» деп аудару келіңкірейтін секілді. Орыстың «веселый» сөзі мұнда жай ғана «көңілді» емес, әзілге жақын, адамдарды күлдіру деген мағынада берілген. Үш жылдан бері «Жайдарман» деп атап жүрміз. Жайдарман – жайдары, көңілді жан дегенге келеді. Бұл атауды енгізерде халық қабылдамайтын шығар деп ойлап едік, керісінше, көрермен бірден қызу қолдау танытты. Одан кейін «жайдарманшылар», «жайдарман тобы» деген ұғымдар пайда болды. Ал КТК атауы ұмытылып кетті.
«КВН тек орыс ұлтының ойыны деген түсінік бары рас. Бірақ ол қате пікір»
– КВН қазақтілді ортаға қалай келді?
– КВН тек орыс ұлтының ойыны деген түсінік бары рас. Бірақ ол қате пікір. Бұл ойынды 50-жылдардың соңында Орталық телеарнада жұмыс істейтін 4 кісі ойлап тапқан: олардың біреуі ғана орыс ұлтынан екен. Бар айыбы бағдарламаның орыс тілінде шығуында шығар. Енді ол кезде басқа мүмкіндік бар ма?! Ойынның ең бір ұтымды тұсы да сол, КВН-де әртүрлі ұлттар ойнады, жоба сонысымен сәтті шықты. Тек орыстар ойнай берсе, қызық болмас еді.
КВН ойыны бұрынғы КСРО құрамында болған елдердің бәрінде бар. Алайда әр халық өз ана тілінде ойнайды. Мысал ретінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Әзірбайжан елдерін келтіруге болады. Қазақша КВН-ге келсек, 80-жылдардың аяғында жоғары оқу орындары арасында, факультеттер арасында ойындар өтіп жүрді, бірақ жүйелі чемпионаттар болмаған еді. Біз де мектеп кезінде өзімізше КВН ойнадық. Бірақ біздің ойын – мақал айту, домбырамен күй тарту, таппақ жаттау, соңында бір қойылым қойылатын және оның өзі «Тамашаның» әзілдерін қайталаумен шектелетінбіз.
Қазақ КВН-ы жүйелі түрде 1999 жылы 23 желтоқсанынан бастап өткізіле бастады. Мұны ең бірінші бастаған Алматай Көздібаева есімді апайымыз. Ол кезде өзінің құрылымы, ұйымы болған жоқ. Орыс тілінде өтетін Қазақстан Супер лигасы бар еді, соның құрамында болдық. Содан 2002 жылы Алматай апайдың жетекшілігімен Супер лигадан бөлініп шығып, Қазақ КТК лигасын құрдық. Артынша барлық елді-мекендерден филиалдар ашылып, белсенді жұмыстар жүргізілді. Халық бізді өте жылы қабылдады.
Алғашқы кезде телеарналар тұрақты көрсеткен жоқ. «Еларна», «Хабар», «31 арна», «НТК» арналары бар болғаны 1-2 ойыннан ғана көрсетіп шықты. Сөйтіп жүргенімізде 2004 жылы Алматай апайымыз науқастан қайтыс болды. Сол жылғы маусымның соңына қарай ұйымдастырушылар арасында пікір қайшылығы болып, түрлі келіспеушіліктер орын алды. Менің ойым жасап жатқан дүниемізді халыққа көрсетіп, жарыққа шығару қажеттігі болды. Өйткені қанша баланың еңбегі бар, оның үстіне тұрақты түрде жарыстар өткізіліп тұрады. Ендеше неге еңбегімізді жарыққа шығармасқа?!
2004 жылдың соңында жастардың болашағына бейжай қарамайтын бір-екі демеушінің арқасында студия алып, ойынымызды өзіміз түсіре бастадық. Сол жылы екі ойын түсірсек, 2005 жылдан бастап тұрақты негізде чемпионатты түсіруді қолға алдық. Дәл осы жылы Қазақстан КВН Одағын құрдық. Президенті қылып мені сайлады. Алдымызда жасалуы тиіс шаруа өте көп еді. Әсіресе бізге шығармашылық ұжым ауадай қажет болды. Осылайша Одақтың жанынан «Есаға» шығармашылық бірлестігін құрдық. Алғашқы кезде біз ойындарды 31 арнаға демеушілердің көмегінің арқасында үлкен қаражат беріп көрсеттік. Бас-аяғы 80 мың доллардай қаражат жұмсадық. Ары қарай жоба тәй-тәй басып кетті.
Бастапқыда ойынды түсіріп, диск арқылы тараттық. Сұранысқа бірден ие болды. Тіпті дискіге таласатын заман болды. Бүгін ойын түсірілсе, ертеңіне халық сол дискіні базардан іздеп жүретін. Қазір айтсаң, ертегідей көрінеді, ал сол кезде біз үшін бұл үлкен қуаныш еді.
2008 жылы ойынымызды «Еуразия» бірінші арнасынан көрсете бастадық. Негізінде, мен барлық арнаға ойындарымызды көрсету бойынша ұсыныспен барып жүрдім. Есіктен кіргізбеген жағдайлар болды, кіргізсе де: «Мынауың сайқымазақ, бұл бізге керек емес» – деп беттен қағатын. Тек «Еуразия» бірінші арнасының басшысы ғана бізді тыңдап, 5 ойын көрсететінін және егер олар жоғары рейтинг жинаса, үздік ондыққа кіре алсақ тұрақты түрде эфир бөлетінін жеткізді. Біз барынша тырысып, ішіндегі жақсыларын іріктеп мұқият дайындалдық. Нәтижесінде ондық емес, бестікке еніп кеттік. Тіпті біздің уақытты талтүс және түнгі сағат 3-ке қойса да, халық бізді көріп отырды. Бұған арна басшылығы қатты таңғалған болатын. Ол кезде жастарға, балаларға деген қызығушылық, сұраныс өте жоғары болды ғой.
2010 жылы жанашыр ағаларымыздың ұсынуы бойынша біз «Қазақстан» Ұлттық арнасына ауыстық. Біздің ең басты артықшылығымыз – жүйелі түрде өтетін біріншілігіміздің болуында еді. Қазіргі таңда екі чемпионат өткіземіз: Республикалық Премьер-лига және Республикалық жоғарғы лига.
– Алғашқыда 31 арнаға ақша төледіңіздер, ал қазір қалай? Қазір енді сіздерге төлей ме?
– Иә, біз бағдарламаларды белгілі бір бағада сатамыз. Қымбат баға деп айта алмаймын. Бірақ өз шығынын жабады. Сонан соң жоғары жақтан қолдау бар. Қазір «Нұр Отан» партиясы Республикалық жоғарғы лига сайыстарына демеушілік танытып отыр. Ал Республикалық Премьер-лига ойындарына ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау таптық. Жайдарманның аты шығып, танымал болғаннан кейін қазір облыстық әкімшіліктердің көпшілігі бізбен бірге жұмыс жасауға пейілді. Баяғыда мұның бәрі жоқ еді.
«Телеарнада көрсетілгенде де, радиодан айтылғанда да, қағаз бен кітап беттерінде жазылғанда да бірдей күлетін болсаң, жымисаң, міне, сол әзілдің төресі»
– Сіз үшін әзіл деген не?
– Телеарнада көрсетілгенде де, радиодан айтылғанда да, қағаз бен кітап беттерінде жазылғанда да бірдей күлетін болсаң, жымисаң, міне, сол әзілдің төресі. Айтылған жерде қалатын әзіл бар, мәңгілік әзілдер де бар. Ол енді шымшып алатын әзілдер. Оған қарқылдап күле алмайсың. Сәл жымиып, мынау бір жақсы дүние екен деп бағалайсың. Ал енді халыққа ең жақыны – бұл тұрмыстық әзіл. Өйткені өз басыңнан күнде өтеді, сол себепті оған еріксіз жымиясың. Бірақ соны кейін естісең, сен оған күлмейсің, өйткені ол кезеңнен өтіп кетесің. Сондықтан да мен әзіл деп көңілімді көтеретін, сосын бір кішкене ой салатын, салмағы бар дүниені қабылдаймын.
– Жайдарманға қызығатын жастар өте көп. Олар жан-тәнімен әзілдеуді жақсы көре ма, әлде қысқа уақыт аралығында тез танымал болуды көздей ма?
– Менің ойымша, барлығы бар. Кейбіреулері екі-үш рет телеарнадан көрініп, тез танымал атанып, тойға немесе телеарнаға шығып кеткісі келеді. Кейбіреулер сабақтан қашу үшін, немесе кейбіреулер оншақты қыздың қолдағанына мәз болып жүреді. Ал енді бірі уақытын тиімді өткізгісі келеді. Осы жерде жетістікке жетемін, менің соған қажетті талантым да, талабым да бар деп келетін азаматтар да бар. Айтарым, тез танымал болуды көздеп келген ойыншылар ұзаққа бармайды. Білініп қалады. 3-4 ойыннан кейін ол әзіл әлемінің қиыншылығына көнбейді. Қиыншылығы өте көп, оңай емес. Бірінші кезекте ата-анасы түсінбей қалады: «Мынауың не, одан да сабағыңды оқы!» – дейтін сарындағы ескертулер жасайды. Дұрыс тамақтанбайды. Түнімен ұйықтамайтын кездер болады. Қай кезде де қиыншылықтың бәріне шыдаған адам ғана жетістікке жетеді ғой. Жоғары лигада ойнап жүргендердің көпшілігі ол кезеңнен өткен. Кейбіреулер әлі күнге дейін Жоғары лигада ойнап жүрсе де, ойыннан кейін бұрқылдап қалатыны бар. Мойындаймын, «Жайдармандағы» балалардың бәрі түгелдей талапшыл, ізденімпаз дей алмаймын. Бірақ, бұл тек «Жайдарманға» тән дүние емес, кез-келген салада бар. Мысалы, журналистикада оқып жатқан жастардың көпшілігімен сөйлесе қалсаң, олар да бірден эфирде жаңалықтар немесе бағдарлама жүргізгісі келеді. Олар да ізденуге ерінеді. Алайда бұл жастық шақтың әсері шығар.
«Жайдарманшыларды ізденбейді деп жатады, бұл айыпты барлық сала мамандарына тағуға болады. Мысалы, жас журналистер де көп ізденбей бірден бағдарлама жүргізгісі келеді»
– Яғни бұл барлық салаға тән проблема ғой?
– Иә. Біреу атасына ас беретін болса, соған қатысып, таңнан кешке дейін сол адамның атасын мақтайтын ақындар да жоқ емес. Өткенде бір танымал ағамызбен сөйлесіп қалдым. Келген әншілердің көбі тойға хит жазып бер дейді. Бірақ ол жарыстарға қатысып, музыкаға, ән әлеміне еңбегім сіңсін деп ойламайды. Бүгін бір хит шығарып, сөйтіп бір жылда өзін көтеріп алуды көздейді деп ашынып отыр. Сол себепті бұл айыпты тек «Жайдарманға» тақпау керек.
– «Жайдарманның» негізгі аудиториясы кім?
– Негізгі аудиториясы әлі де жастар, әлі де болса бала-шаға. Ауылдық, аудандық жерлерге барғанда үлкендер де танып жатады. Түсінгенім, үлкендер тарапы салмақты, мәтінге жақын командаларды бірден таниды. «Күлтегін», «Күлкі терапиясы» секілді топтардың жақсы ойнағанын айтып жатады. Ал енді негізгі аудитория тұрмыстық деңгейдегі әзілдерді ұнататыны жасырын емес. Қазіргі таңда «Назар аудар», «Сағыз», «Аягөз» секілді топтардың танымалдығы соны көрсетіп тұрғандай. Кішкентай балаларға қимылмен жұмыс жасайтындар жақынырақ. Менің қызым да сол. Бұрын тек билейтін команданы жақсы көретін еді, қазір кішкене мәтіндік әзілдерді түсініп келе жатыр.
Кейде аудан орталықтарына іс-шараларға барғанда зал толған кіші сыныптардағы мектеп оқушылары, сол кезде не қоярыңды білмей қаласың. Ал оларға мәтін түрінде айтатын болсаң, зал үндемей отырады. Мысалы, биыл «АЭСА» мен «Жаснарды» Мақтарал ауданына алып барып, семинар ұйымдастырып, соңында кішігірім концерт қойдық. Басым көпшілігі бала-шаға. Жеңіл-желпі әзілі бар «Жаснар» ойнаса, көрермен күледі. Одан кейін АЭСА шықса, басында шапалақпен қарсы алады да, бір кезде бәрі үндемей қалады. Өйткені АЭСА-да мәтіндік әзіл.
– Жайдарман әзіл-сықақ театрларына бәсекелес па?
– Екеуі екі түрлі нәрсе. Әзіл-сықақ театрлары сол жерде нәпақа тауып, бала-шағасын асырап отыр, ал КВН-ге қатысушылар жан дүниесі үшін ғана ойнайды. Мысалы мен былжырап, созып тұрып алатын дүниелерді қабылдамай алмаймын. Мен үшін қойылым ары кеткенде 7-8 минут қана болу керек. Адамды шаршатпаған жөн. Осыдан 15 жыл бұрын КВН ойындары 6-8 сағаттап өтетін. Сол кезде көрермен аяғына дейін шыдап отыратын. Қазір бір жарым сағаттан кейін тыпырши бастайды. Сондықтан да стандарт 1,45 немесе 2 сағат болуы тиіс. Әзіл-сықақ театрларымен салыстыруға келмейді. Бұл – басқа бағыт. Жайдарман – бірінші кезекте сайыс. Бізде бүгін жақсы өнер көрсетіп, ертең дайындықсыз шықса, ұтылғаныңмен қоймай жарыстан шығып қаласың. Оның атағы, абыройы бір тиын.
«Жайдарманды әзіл-сықақ театрларымен салыстыруға болмайды.Жайдарман – бірінші кезекте сайыс»
– Театр басшыларымен қандай қарым-қатынастасыз? Олар өздерінің сұхбаттарында КВН-ді қатты сынға алады ғой...
– Өткенде бір бағдарламада жолықтық. Сол кезде: «Сіздерге не кедергі? Сіздерді ешкім қолдарыңыздан қағып отырған жоқ қой?» – деп айтқанмын. Концерт жасасын, адам толтырсын, сын айтқанша, жұмыс жасап, іздену керек қой! Сонан соң көп жағдайда біз эксперименттен қорықпаймыз. Ал театрлар ондайға бармайды. Олар баяғы жинаған абыроймен қалғысы келеді. Олай болмайды. Әр жыл сайын өзгеріп тұру керек. Тек Шаншардан түрлі эксперименттерді байқауға болады, ал басқалары жайлы айта алмаймын. Мен тіпті оларды іздеп көрмейді екенмін. Реті келсе көремін, болмаса мүлдем қарамаймын.
– Сөз бостандығына тоқталсақ... Жайдарманға цензура әсер ете ме?
– Иә. Кейде балалар дұрыс әзілдей білмейді. Астарлап, шымшылап, қазақы түрде мақтамен бауыздағандай етіп жеткізуге болатын жерде турасынан қойып қалады. Айқайлағанша, тып-тыныш жасау керек. Сөз бостандығына келер болсақ, нақты бір шектеу бар деп айта алмаймын. Мәселе жеткізу формасында.
– Кейде «Жайдарманды» жайдарманшылармен бірге көріп қаламыз, сол кезде олар монтаждың дұрыс жасалмағандығына ренжіп отырады. Шынайы ойын мен теленұсқаның айырмашылығы қаншалықты?
– Мәселе монтажда емес, түсірілімде. Өкінішке қарай, бізде әлі түсірілімнің деңгейі жоғары емес және оған себеп ретінде бірнеше факторды айта аламын. Таңның атысы, күннің батысы бір залда дайындалып жатқан жоқпыз. Негізгі залға ойын күні барамыз, режиссер залды екі-үш рет көргенмен, білмейтін тұстары көп. Сосын шығармашылық топ керек, басы-қасында ұйықтамай жұмыс істейтін. Ондай шығармашылық топты ұстап тұруға менің қаржым жоқ. Бізде тек түсірілімге ғана қаржы бар. Бізді көбіне ресейлік КВН-мен салыстырады. Ресейлік КВН-де Светлана Маслякова деген тұрақты режиссері бар. Александр Масляковтың әйелі. Тәжірибелі кісі, әбден маманданған. Оның сол жерде отырғанына 50 жылдан асып кетті. Ал біздің қазіргі режиссерімізге 3 жыл болды. Осыған қарамастан, Қазақстандағы басқа КВН лигаларына қарағанда біз көш ілгеріміз, бірақ соның өзінде көп дүние жетіспей жатады.
– Қаржы демекші... Сізге қатысты мынадай да айып тағатындар бар: Сіз жастар саясаты аясында Білім және ғылым министрлігінен, телеарнадан, ойынға қатысушы топтардан (жарна ретінде) және билет сатудан ақша алады екенсіз, Жайдарманның ақшасы көп деп жатады. Осыған не дейсіз?
– Халық не дегісі келсе де, өзі біледі. Бірақ мен үшін бұлардың бәрі қауесет сөз. Өзіңіз қараңыз, мысалы Конгресс Холдың бағасы – 1 250 мың теңге, сахнаның декорациясын бір жерге сақтап қоямыз, оны әр ойынға әкеліп орнатудың өзі 300 мың теңгеден асып кетеді. Онымен қоса ЛЕД экраны бар, жарығы бар, соның бәрін есептей келгенде бір ойынның шығыны кемі 3 миллион теңгені құрайды. Содан соң билеттің дені арнайы қонақтар мен жайдарман топтарының жанкүйерлеріне тегін таратылады. Ал сатылғандардың өзінің құны 500 теңге. Түсірілім арзан емес. Қазір бір ПТС-ті алу 1,5 млн теңгеден жоғары. Біз қайта оны көп ойынға алғандықтан арзандау аламыз. Тағы айта кететіні, жайдарманшылар келе сала ойнап кетпейді. Оларды дайындайтын, олармен жұмыс жасайтын 3-4 редакторымыз бар және ұйымдастырушылардың өзі 20 шақты адам. Астанада 5-10 теңгеге ешкім жұмыс жасамайды. Оның әрқайсысының айлығы бар екені бесенеден белгілі.
«Бір ойынға ең кемі 3 миллион теңге кетеді»
Жайдарман – командаларға, оқу орындарына үлкен жарнама. Қазір кез келген телеарнаға бір минуттық сұхбат үшін пәленбай ақша сұрайды. Ал бізде 10-15 минут бойы сол оқу орны туралы жарнама жүріп жатады. Біз жылдың басында 30 мың теңгеден аламыз, артық сұрамаймыз.
Барлық команданың жағдайы жақсы деп айта алмаймын. Қазіргі таңда Жоғарғы лигаға қатысып отырған 3-4 команданы біз қолдап отырмыз. Қаржыдан қиналған командалар біздің мойынымызда. Егер осылардың барлығын есепке алатын болсақ, кейде жетпей қалады. Жұрттар ақшаны залдағы толы адаммен есептейді. Ар жағында не болып жатқанын біле бермейді. Мысалы, Астана қаласы туған күнінде Ресейден 5-6 команданы шақырды. Соған былтыр 15-16 миллион қаржы бөлді, биылғысын білмеймін. Олар дайындықсыз, бұрынғы қойған әзілдерімен келе салды. Соларға берілген 15-16 миллион біздің Премьер Лиганың бір жылдық ақшасын құрайды (он шақты ойынның ақшасы). «Ауылдағының аузы сасық» болып тұр. Ешкімге шағымданғаным емес, тек біз туралы қате ойламасын деп айтып отырмын.
– Ардагер жайдарманшылар қазір қайда жүр?
– Көбі өз мамандығы бойынша жұмыс жасап жатыр. Мен олар туралы мақтана аламын. Көпшілігі өз ортасын тапқан. Барған жерінде міндетті түрде ерекшеленіп тұрады. Себебі олар ортаға бейім. Елдің алдында сөйлей алады. Өзінің ойын ашық жеткізеді. Жылдам шешім шығарады. Пысықтау келеді. Министрлікте де, әкімшілікте де жұмыс жасап жүргені бар.
– Менің жеке көзқарасым, 2000 жылдардың басында жігіттер «гонмен» алды. Кейін мағынасы жоқ әзіл айтады деген сын жиі айтылған соң, «ақылды әңгімелер» көбейіп кетті. Жігіттердің айтып жатқаны «ақылды әңгімелері» қызықсыздау. Бұл кәсібиліктің жоқтығында ма әлде қалай?
– Біреуі болашақ заңгер, біреуі инженер, біреуі мұғалім. Олар театр мамандары емес. Жап-жақсы дүниелерді жеткізе алмайтын жағдайлар барына келісем. Оны мойындаймыз. Кейде қарның ашады. Бірақ, бұл театр емес, былайша айтқанда, шығармашылық топтар арасындағы сайыс. Әйткенмен мейлінше сәтті әзілдерді өткізуге тырысамыз.
– КВН емес, жалпы сатира әлемі жайлы сұрақ. Қазақстанда әзілдің деңгейі қандай? Мысалы Ресеймен салыстырғанда...
– Ресейде орта бар. Алайда соңғы кезде Ресей КВН-і де ақсап тұр. Олардың көп әзілдері саяси тапсырыстар (Украина, Қырым, Батысты жамандау секілді) берілген, ал кей әзілдері етектен төмен болып кетті. Мен оны қабылдай алмаймын. Бірақ соны қабылдап жатқандар көп. Бір театр қызметкері айтқандай, көрерменді театр деңгейіне көтерудің орнына керісінше деңгейі төмендеп барады.
– Себебі неде?
– Қаржыға келіп тіреледі. Басты мақсат қаржы табу болғандықтан арзан нәрсеге ұмтылады. Арзан дүниемен алдай салғысы келеді. Оны көрген көрермен осы дұрыс екен дейді. Сосын біздің ең басты қателігіміз, телеарналардың осындай бағдарламаларға эфир беруінде. Телеарналар рейтинг қуалап арзан бағдарламарды көрсетумен айналысып кетті. Халық телеарнадан көрсетілген дүниенің бәрін дұрыс деп қабылдайды. Жақсылап сүзгіден өткізіп, Көркемдік Кеңес эфирге сапалы дүниелерді ғана жіберетін болса, керемет болушы еді. Біз ұнамаймыз ба, бізді де жауып тастасын. Телеарна «планканы» жоғары қоюы керек. Сонымен қатар әзіл-сықақ бағдарламаларына талапты күшейтуі керек сияқты.
«Жайдарманның жоба ретінде сақталынып қалуының өзі жетістік»
– Жайдарманның 2030 жылдағы өмірін қалай елестетесіз?
– Кішігірім құпия айтайын, келер жылы түсірілім барысын студиялық форматқа ауыстырамыз. Егер қысым көрсетілмесе, күшпен жауып тастамаса, Жайдарман жалғасын таба береді. Тек бағыты өзгерген бағдарлама ретінде қалатын сияқты. Жыл сайын белгілі бір жетістіктерге жетіп жатырмыз. Ол басқаларға көрінбесе де, бізге айқын. Мысалы, осыдан 10-15 жыл бұрын қандай бағдарламалар бар еді? «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бар, әртүрлі пікірсайыс бағдарламалар бар, бәрі көрерменнің сұранысын қанағаттандыра білді. Бірақ қазір олардың бәріне бірдей сұраныс болмай кетті. Осындай қаншама бағдарламар дүркіреп шығып, кейін тоқырауға ұшырады. Ал біздің жобамыз 16 жылға жетіп отыр. Жайдарманның жоба ретінде сақталынып қалуының өзі үлкен жетістік. Мүмкін оның миссиясы алдағы уақытта басқаша болуы мүмкін. Ең бастысы, қазақша сауатты әзілдеуді және түрлі идеяны осы жерге тоғыстыруды ұстаным ретінде сақтап, дұрыс жолда келе жатырмыз.
– Жайдарманның миссиясы қандай?
– Өз ортасын таба алатын, ұлтжанды, ана тілімізде әзілдей алатын, қазақша сөйлеуден ұялмайтын, адамгершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеп шығару.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбат құрушы: Дархан Өмірбек
Фото: Нұрбек Әлманбетов