Ертіс жайлы екі аңыз

15 Тамыз 2017, 11:28 62538

Ақиқат пен аңыз

Ертіс – бірнеше мемлекеттің аумағын кесіп өтетін, жалпы ұзындығы 4248 шақырымға созылып жатқан өзен. Оның атауының шығуына екі жарым мың жыл болған деп болжайды ғалымдар.

Ертіс сөзіндегі «ер» ежелгі түрік тілінде «жер» мағынасында болса, «тіс» - «тес» деген ұғымда болуы мүмкін. Яғни, жерді тесіп өту деген мағынаны білдіреді. Ал халық арасында осы өзен туралы мынандай кең таралған екі аңыз бар.

***

Қазынаға бай Алтай тауы қартайғанда артынан қалар ұрпағы болмайтынына қатты налаланып, Алатауға келіп, мұңын шағыпты. «Көл-көсір байлығымды мұра етіп қалдырар ұрпақ көрмедім-ау, мынау олжаны кімге тастаймын» деп ағыл-тегіл жылаған екен. Бір күні оның арманы орындалып, Ертіс атты ұлы пайда болады. Ерке болып өсіп келе жатқан Ертіс, Алтайдағы тастарды жарып өтіп, көп асыр салады екен. Бірде ол әкесіне келіп, «Әке, мен мына шағын аймаққа сыяр емеспін, мені босата гөр, еркіммен кетейін» дейді. Алтай қарт болса, ары-бері ойланып, арманы күлге ұшатын болған соң, ұлын қалайда жібермейін деп шешеді.  Дегенмен, түн кезінде Ертіс, құстар келіп құлағына құйған Обь сұлуды іздеп, қашып шығады. Жолында тұрған тастарды жарып өтіп, кең далаға құлашын жайып, солтүстікке қарай бағыт алады. Екі құстың көмегімен сұлу Обьқа жолығып, Солтүстік Мұзды мұхит алабына қарай аяңдайды.

***

Ертеде ноғай халқының билеушісі қаза болып, оның екі ұлы мұрагерлікке таласады. Біреуі ақыл-парасатты болғандықтан, билікті өз қолына алуға шешім шығарып, екіншісін ханзада етіп тағайындайды. Бірақ бұл ханзадалыққа көңілі толмаған інісі хан болған ағасына қастандық жасамақ болады. Ойлағаны іске аспай, елден қашуға тура келеді. Ұзақ-ұзақ жол жүріп, ақыры суы арнасынан асқан, шөбі шүйгін, балыққа бай бір өзеннің маңына келіп тоқтаған екен. Тұрмысқа ыңғайлы болғандықтан, осы маңға тұрақталып қалады. Бірақ, қашқын деген аты бар оған артынан іздеп келушілер көп болады. Егер құдайы қонақ келіп тұрса, әйелі «адал нитпен келсеңіз, аттан түсіңіз» дегенді «Ер, түс!» деп екі сөзбен ишара білдіретін болыпты. Бәйбішенің сөзі елге таралып, халық өзенді Ертіс атап кеткен екен.

Дана Мәулен
Бөлісу: