Ертең магистратура грантына құжат қабылдау басталады

10 Тамыз 2023, 20:56 1114

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуді 40 мың адам тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, олардың 41%-ы шекті балл жинаған. Орташа көрсеткіш – 70 балл. Ең жоғары балл – 136.

Тестілеу қорытындысы бойынша 281 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 189 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 89 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кешенді тестілеуге кіргізудің үш деңгейлі жүйесінің арқасында 2 бөгде тұлға анықталды. Сондай-ақ тестілеу бейнежазбаларын қайта тексеру нәтижесінде 1 адамның балы жойылды, - делінген ведомствоның ақпаратында. 

Биыл магистратураға түсу ережелері өзгерген жоқ. Кешенді тестілеу үш блоктан тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.

143 білім беру бағдарламалары тобы бойынша республикалық апелляциялық комиссияға 15 мыңнан астам өтініш түсті, оның ішінде мазмұны бойынша – 14 мың, техникалық себептерге байланысты – 1,4 мың. Апелляциялық комиссияның шешімімен 181 бірегей тест тапсырмасы қанағаттандырылды: мазмұны бойынша – 146, техникалық себептерге байланысты – 35 тапсырма.

Шекті балдар да өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік бағыт бойынша 50 балл жинау қажет.

Магистратурада оқуға 13 мыңнан астам грант бөлінді. Грант конкурсына құжаттар қабылдау ертең, 11 тамызда басталады.

Берік Арманов
Бөлісу: