Ресей киносы ғарышты бағындыра ала ма?

11 Қазан 2017, 13:11 2899

Ресейдің ғарыш туралы фильмдеріне шолу

Әлем әзірге орыс ғарышкерлерін Голливудтың шаблон персонаждары арқылы біледі / «Армагеддон» фильмінен кадр (1998)

Америка – шағын студиялар бар, ірі мэйджорлар бар –  жыл сайын ғарыш тақырыбында, әйтеуір, бірнеше кинокартина шығарып жүр. Ғарыш тематикасы – кино бағыттарының бірі ретінде көрермендер алдында ешқашан қызығушылығын жоғалтқан емес. Мейлі ол ғылыми-фантастика болсын, не ертегі түрінде «ғарыш операсы» болып ұсынылсын – қай-қайсына да көрермен табылады. Бұрын АҚШ пен КСРО, қазір – АҚШ пен Ресей арасындағы ғарышты игеру саласындағы жарыста қай ел мықты деген сұрақты әлі де қызу талқыға сала аламыз, алайда кинодағы ғарыш тақырыбына келсек, Ресей Америкадан сөзсіз жеңіліп жатқаны анық.

Әлбетте әлемдік киноға ықпалын жасап отырған Голливудтың киноиндустриясы мен ірі жоба жоба жасауға келгенде Кино қорына тәуелді болып қалатын жекелеген орыс фильммейкерлерін салыстыру да дұрыс емес. Десек те ғарыш державасы бола тұра бұл тақырыпты тиісті деңгейде игере алмауы Ресей үшін, әрине, кешірілмес күнә.

Дегенмен соңғы жылдары қозғалыс бар секілді. Бүгін сол туралы әңгіме қозғасақ.

Ресейдің космокиносы Голливуд трендтерін тікелей көшіре салмай, өз кинохронологиясын жасауға тырысып жатқаны қызық тенденция. Яғни, белгілі бір өтімді шаблондарға еріп кетпей, тарихи фактілер мен ұлттық мінез-құлыққа сүйене отырып, әбден жарамды деуге боларлық өнімдер шығаруға талпынып жүр.

Ғарыш тақырыбындағы орыс киносы өмірде болған оқиғаларды басшылыққа ала отырып жасалған фильмдермен толығып жатыр. Бұл қалыпты да, өйткені Ресей космонавтикасының тарихында айтуға тұрарлық оқиғалар жетерлік деп есептеймін. Бір қызығы сол – КСРО ғарыш тарихындағы маңызды оқиғалар да хронологиялық ретпен баяндалып келе жатыр.

«Королев» фильмінен кадр (2007)

Ресейдің космокиносы бастау алатын нақты жылды, не кезеңді атау қиын. Бірақ алғашқыларының бірі ретінде 2007 жылғы «Королев» өмірбаян-драмасын айтуға болады. Картинада зымыран құрастыру саласының бас конструкторы, практикалық космонавтиканың негізін қалаушы Сергей Королевтің өмір жолы көрсетіледі. Әсіресе оның репрессияға ұшыраған жылдарына екпін қойылған. Бұл картинаның маңыздылығы сонда – егер Королев дер кезінде ақталмай, айдалып кеткенде – Ресейдің ғарыш саласы қазір қандай күйде болар еді деген сұрақ келеді еріксіз. Фильмде басты рөлде Сергей Астахов ойнады.

 «Гагарин. Первый в космосе» фильмінен кадр (2013)

Осы бағытта жасалған ауқымды жұмыстардың бірі – «Гагарин. Первый в космосе». 2013 жылы шыққан фильмнің бюджеті 7 млн долларды құрады. Түсірілім үшін Қырымда Байқоңыр ғарыш айлағының көшірмесі тұрғызылған, «Восток» кемесінің дәл макеті жасалған, арнайы эффектілер үшін бөлек студиялар жұмысқа тартылған. Бұның бәрі – жобаның қаншалықты маңызды екенін білдірсе керек. Өйткені фильмде ғарышқа ұшқан әлемдегі тұңғыш адам туралы айтылады, екі держава арасындағы жарыс сөз болады, ғарышқа ұшатын мықтыны таңдау кезіндегі оқиғалар көрсетіледі. Гагарин рөлінде – Ярослав Жалнин, Королев рөлінде – РФ халық әртісі Михаил Филиппов.

Фильмге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді, дегенмен қаржылық тұрғыдан өзін ақтай алмады. Солай бола тұра өз жанрының алғашқы қарлығаштарының бірі ретінде маңызы сақталып қалмақ. Бұл фильмге мемлекет тарапынан ұлттық статус берілді.

 «Время первых» фильмінен кадр (2017)

Ресейдің ықпалды кинопродюсері Тимур Бекмамбетов те бұл тақырыптан айналып өтпепті. «Время первых» картинасы да үкімет тарапынан қолдауға ие болып, үлкен ауқыммен 2017 жылдың көктемінде Ресей мен ТМД прокатына шықты. Осы жолы да сюжет өмірде болған оқиғаға құрылған. 1965 жылы Алексей Леонов ашық ғарышқа шыққан тұңғыш адам болып, бәсеке ел – Америкаға тағы бір қыр көрсетіп қойып еді. Алайда оның артында қандай құпия мен күрделі мәселелер болғаны айтыла бермейді. Бекмамбетовтың командасы осы олқылықтың орнын толтырмақ болыпты. Сюжетте Алексей Леонов пен серіктесі Павел Беляевтің басынан кешкен оқиғалары барынша қызық жеткізілген. Оларды кинода Евгений Миронов пен Константин Хабенский ойнайды, ал Королев рөлінде осы жолы Владимир Ильин. Жобаға 83 жастағы Леоновтың өзі кеңесші ретінде атсалысқан.

Айта кетер тағы бір жәйт – фильм біздің елімізде қазақша дубляждалып көрсетілді. Картинаны жасаушылардың айтуынша, бұл адамзаттың ғарышқа қадам басуына бірден-бір себепкер – Қазақ жеріне деген құрметтің белгісі ретінде жасалған әрекет.

Жоғарыда айтылып кеткендей, фильмдер хронологиялық ретпен жасалғанын көріп тұрсыздар. Әйтсе де жобаларды өндірушілер арасында ешқандай байланыс жоқ. «Королевта» зымыран құрастырудың негізі қалана бастаған 1930-1940 жылдар, «Гагаринде» - космонавтика дәуірінің таңы – 1961 жыл, ал «Алғашқылар дәуірінде» державалар арасындағы бәсекенің белең алған кезеңі – 1960 жылдар көрсетілді. Бұл құбылыстың артықшылығы – көрерменде КСРО ғарыш тарихына қатысты тұтас картина қалыптасады, оқиғалар легі түсінікті болады.

«Салют-7» фильмінен кадр

Ресей киносы мұнымен тоқтап қалған жоқ. СТВ компаниясы Кино қорының қолдауымен 1985 жылы болған оқиғаны экрандапты. «Салют-7» фильмінде Кеңес Одағы ғылымының мақтанышына айналған орбита станциясының төңірегіндегі оқиғалар баяндалады. 1985 жылы станция істен шығып, онымен байланыс үзіледі. Ол құлайтын болса, біріншіден, Жердегі елді мекендер мен адамдар құрбан болуы мүмкін, екіншіден, әлемнің алдында масқара болады. Кеңес билігі орбита станциясын құлаудан құтқару үшін екі ғарышкер жібереді – Владимир Федоров пен Виктор Алехин. Олар ғарыш аппаратын тауып, оны қуып жету керек, сосын онымен түйісіп, ішіне еніп апаттың алдын алу қажет. Бұндай күрделі операция да тарихта алғаш рет жасалмақ. Ғарышкерлерді Владимир Вдовиченков пен Павел Деревянко ойнайды.

Негізі «Время первых» пен «Салют-7» бір мезгілде шығуы тиіс еді. Бірақ бір тематикадағы екі картинаның бір-біріне бәсеке болуы екі жаққа да тиімді емес. Ресейдің Мәдениет министрлігі «Салюттің» премьерасын қазан айына шегерді.

Ресейде ғарыш тақырыбындағы кинофильмдер жағдайы осындай. Әзірге нәтижеден гөрі, амбициясы басым түсіп жатыр. Аталғандардың ішінде өзін коммерциялық тұрғыда ақтағандары жоқ. Бұған, әрине, нарықтың шектеулі болуы да себеп. Тек соңғы аталған «Салют-7» көп үміт күттіреді. Фильм Америкада Fantastic Fest кинофестиваліне қатысып, жақсы пікірлер алыпты. Кім біледі, мүмкін ол осы бағытты жандандырушы қозғаушы күш болып кетер.

Ернар Бекенов
Бөлісу: