Ермұрат Бапи бес жылға сотталған блогерлерді бостандыққа шығаруды талап етті

5 Сәуір 2023, 12:28 2657

Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурорға жақында елді дүрліктірген Петропавл қаласында болған оқиғаға байланысты депутаттық сауал тастады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттық сауалда ол сепаратизм сипатындағы оғаш оқиға Қазақстандағы ұлттық-жікшілдік пиғылдың өте қауіпті тақырып екенін тағы бір рет көрсетті. Бұл - «Жаңа Қазақстан» идеясына қарсы бағытталған және оған тікелей төнген қатердің бірегей белгісі деп бағалау керек екендігін айтты.

«Ел ішіне жік салу синдромы қоғамның қатты алаңдаушылығы мен зығырданын туғызып отыр. Сіз бен біз бұл мемлекеттік қаскүнемдікке қызмет бабымен ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен перзенттік парыз тұрғысында алаңдаушылық білдіруіміз керек. Біздің елдің намысын қорғаған ұлтжанды азаматтар Марғұлан Боранбаев Пен Данат Намазбаев «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген желеумен әрқайсысы 5 жылға сотталып кетті. Анығында, бұл азаматтар ұлтаралық араздықтан бұрын қазақ халқының намысын жыртып, ұлттық мүддені қорғап, әлеуметтік желілердегі сепаратистік көзқарастарға қарсы шыққаны үшін сотты болды. Бұл жігіттерге өрескел қиянат жасалды. Көршілес елдердің елірмелері аузына келгенін айтып және жазып жатқан алауыз пікірлермен салыстырғанда, М.Боранбаев пен Д.Намазбаевтың әлемжелідегі әрекеті баланың ойыны болып қалды. Оларға жасалған қиянат пен әділетсіздік осы салыстырудан туындайды. Бір ел неге өзінің сыңарезу саясатшыларына тыйым салмайды, біздің ел неге өзінің елдік мүддесі мен халықтық намысын қорғаған азаматтарын соттайды?», – деді ол.

Депутат олардың не себепті «орыс патриоттары» болып саналғанын және өз халқының намысын жыртқан Марғұлан мен Данат неге қазақ халқының патриоттары бола алмайтынын айтты.

«Көрші елдің ұраншылары қылмыстық сотқа тартылмақ түгілі, өз билігі мен тиісті органдары тарапынан әкімшілік тұрғыда ескерту де алған жоқ. Ал ел намысына араша түскен екі жігіт неге сотты болады? Ендеше, бұған дейін Қазақстанда болып келген сепаратизм синдромын және Петропавл қаласындағы жуықта болған жікшілденудің жиіркенішті жағдаятын ескере отырып, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты үкімді қайтадан қарайтын уақыт та, саяси себеп те, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждығы да туды деп есептеймін! Қазақстанның Жоғарғы сотынан Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты Сот Үкімін қайтадан қарауға, оларды түрмеден босатуға пәрмен беруіңізді сұраймын», – деді мәжілісмен.

Айта кетейік, блогерлер Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбай Facebook желісіндегі жазбалары үшін 5 жылға қамауға алынып, кейін Алматы қаласы ауданаралық сотының шешімімен үйқамаққа ауыстырылған болатын. Сот шешіміне сәйкес, айыпталушылар 2018 жылдан бастап әлеуметтік желідегі парақшаларында ұлтаралық алауыздықты қоздыру мақсатында жазба жариялап, орыс ұлты өкілдерін кемсіткен.

"Мұнымен қоса күдіктілдер орыс ұлтының азаматтарына қатысты күш көрсетуге шақырған", - делінген сот хабарламасында.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: