Жыл сайын қазақ қиносының қоржыны жаңа туындылармен толығып келеді. Өткенімізді бүгінге жалғап, бүгінімізді ертеңге аманаттау мақсатында отандық режиссерлер тәлім-тәрбиелік мәні зор түрлі жанрда фильмдер түсіріп, экранға таспалап, мейлінше, күллі әлемге танытуға ұмтылуда. Көрермендерін өзімен бірге елітіп кететін фильмдердің қатарына «Шырақшы» фильмін жатқызуға болады. Бұл фильмнің режиссері көпшілікке «Келін», «Шал» кинотуындыларымен таныс Ермек Тұрсынов.
Комедия мен трагедия жанрының элементтері кездесетін бұл фильмнің алғашқы көрсетілімі 2019 жылдың маусым айында XXII Шанхай халықаралық кинофестивалінің аясында болған. Бір айта кетерлігі, мұндай масштабтағы фестивальдің бағдарламасы арқылы отандық туынды алғаш рет көрерменге ұсынылған. Оған қоса, бұл фильм былтыр қараша айында Ресейде болған Sochi International Film Festival and Awards кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесіне ие болған еді. Режиссер Ермек Тұрсыновтың айтуынша кинотуынды Екінші дүниежүзілік соғысынан аман елге оралған солдат жайында баяндалады. Оның қолында – немістің қариясынан сыйға алған ескі кинопроектор. Ол қартайған шағына дейін ауыл-ауылды аралап, қолындағы аппаратымен ескі туындыларды көрсетумен шұғылданады. Бас кейіпкер осы ісімен әлемді жақсартуға болатынына кәміл сенеді.
– Басты кейіпкер ауыл-аймақты аралап, фильмдерді көрсетіп жүрген жай ғана қарапайым адам емес. Ол ауыл арасында жарық нұрын шашып жүретін, өз заманының мәдениеттанушысы. Оның кинопроекторы – шырақтың әрі өткен күннен естеліктің символы іспеттес. Басында сценарий бойынша фильмді «Киномеханик» деп атадық. Бірақ түсірілім аяқталған соң, басынан аяғына дейін жіті қарап шықсам, бұл осы атауға қатты келіңкіремейді. Ал екінші себеп – менің түсірген фильмдерімнің атауы қазақша екенін білесіздер... «Шал», «Кемпір», «Келін» деп кете береді. Содан ары ойлап, бері ойлап, «Шырақшы» деген атау дұрыс болады деген ойға келдім. Фильмді тамашалаған соң, әр көрермен өз шырақшысын еске түсіреді деп ойлаймын, - дейді режиссер Ермек Тұрсынов.
(Фотода: Ермек Тұрсынов)
Фильмнің түсірілім жұмыстары Алматыда, Талғарда және Жаркент қаласының маңында жүргізілді. Ал кинокартинаның басы яғни Ұлы Отан соғысының көріністері Венгрияның астанасы Будапешт қаласында түсіріліпті.
– Фильм желісі бойынша картина 50-жылдардағы ауылдық жерлерде түсірілуі қажет. Осындай аймақты таппасақ, қолдан соған сай декорациялар жасайтын шығармыз деп біраз уайымдадық. Бірақ та дәл біз іздеген аймақтар республика бойынша өте көп болып шықты. Тіпті 40-жылдардағы ауылдық аймақтарды да тапқан болатынбыз.
Негізінен бұл фильм идеясының авторы – марқұм Меңтай Өтепбергенов. Дәл сол кісі басты рөлді сомдауы қажет болған. Алайда актер 2016 жылы қайтыс болғандықтан фильмде басты рөлді сомдау жасы 70-ке таяған кәсіби актер Мұрат Мұқажановқа бұйырды. Бас продюсердің айтуынша, бұл фильмге үміткерлер көп болыпты.
– Кастинг кезінде шамамен қырық-елудей адам болды. Жасы егде тартқан көптеген актерларды қарадық. Тіпті елдегі бүкіл драма театрлармен де жұмыс істедік. Негізінен Ермек ешкімге белгісіз жаңа есімдерді ашқанды ұнататынын білесіздер ғой... Көп ойланып, ақыры соңында Қайыржанның рөліне осы кісіні бекіттік, - дейді кинокартинаның продюсері Қанат Төребай.
(Фотода: Қанат Төребай)
Мұрат Мұқажанов – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Актер болуды бала кезінен армандаған ол 1965 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтына театр факультетіне оқуға түседі. Мұнда Әшірбек Сығай, Ерсайын Дүйсенбиев, Құман Тастанбековтермен бірге КСРО-ның халық әртісі Хадиша Бөкееваның жеке шеберханасында білім алған. Айтуынша түсіру алаңында алғаш рет 1967 жылы Александр Карповтың «Дорога в тысячу верст» фильмі түсірілім процесіне қатысқан. Сонымен қоса, Абдолла Қарсақбаевтың фильмдеріне түскен. Кейін отбасы жағдайына байланысты аулына оралуына тура келіпті. Мінеки, арада 50 жылдан кейін Мұрат Мұқажанов түсірілім алаңына қайта оралып отыр.
– Ауылында бұл кісі өзінің шағындау театрында түрлі спектакльдерді қоятынын білдік. Түсірілім кезінде басында қол-аяғы дірілдеп, ештеңе істей алмайтын еді. Тіпті рөлінің мәтінін ұмытып қалып жатқан сәттер де болды. Әбден қинадық қой... (күлді) Сөйтіп, бірте-бірте үйреніп кетті, - дейді Ермек Тұрсынов.
(Мұрат Мұқажанов)
Мұрат Мұқажанов «Кейіпкеріміз екеуіміздің мінездерімізде ұқсастықтар бар» дейді. Ол түсірілім кезінде басынан өткізген кей қиындықтармен бөліскен еді.
– Фильмнің бір сюжетінде сценарий бойынша мен жауынның астында қалып қоямын. Суы салқын болғандықтан аздап тұла бойым суық тартып, тоңған кездерім болған еді. Өйткені бір емес, бірнеше рет дубль жасап отырдық. Ал тоқтамай жауған жауынға біз өрт сөндірушінің техникасын пайдаланған болатынбыз. Сонымен қоса, арасында түнгі түсірілімдер де болды, - дейді бас кейіпкер.
(Кинодан үзінді)
Кинотуындыда бас кейіпкердің жас кезін Қуат Тлеубаев сомдапты. Оған қоса, ол фильмнің қоюшы-суретшісі де екен. Мұндағы жесір әйелдің рөлін «Холодное лето пятьдесят третьего», «Мусульманин» сынды өзге де фильмдер арқылы көпшілікке танылған Ресейдің халық әртісі, театр және кино актрисасы Нина Усатова ойнап шыққан. Осы кинокартинаның сценарийін жазу барысында Ермек Тұрсынов жесір әйелдің рөліне Нина Усатованы бірден елестеткенін тілге тиек етті.
Бұл кино Анапада өткен «Киношок-2019» фестивалінде көпшілікке көрсетілген. Мұнда фильмде басты рөлді сомдаған Мұрат Мұқажанов «Кино өнеріне адал кейіпкердің образын көркем сомдағаны» үшін арнайы дипломымен марапатталған болатын. Ал Нина Усатова болса, Ресейде өткен фестивальде «Үздік әйел адамның рөлі» жүлдесіне ие болған еді.
Сонымен қатар, бұл фильм АҚШ-та өткен Asian World Film Festival әрі Бангладеште өткен Dhaka International Film Festival кинофестивальдеріне қатысып қайтқан. Оған қоса, Моңғолия мен Франция мемлекеттерінде өткен Қазақстан киносы күндері аясында көпшілікке ұсынылған болатын.
(Суреттер авторы Бауыржан Жуасбаев)