Ермек Сағымбаев Президент қабылдауында болды

29 Мамыр, 19:44 647

Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰҚК басшысы Ермек Сағымбаев ведомствоның биыл жыл басынан бері терроризмге және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысының негізгі нәтижелері және алдағы кезеңде қабылданатын шаралар туралы баяндады:

       – осы уақыт ішінде екі лаңкестік шабуылдың жолы кесілгені туралы айтты. Оның біреуі шет мемлекетте шетелдік серіктестермен бірлесіп жасалмақ болған;
      – Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп-тексерген қылмыстық істердің негізінде радикалды діни идеологияның 26 жақтаушысы лаңкестік және экстремистік әрекеттері үшін сотталған. Тағы 22 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр;
      – экстремистік көзқарастарына байланысты республикаға 139 шетелдіктің кіруіне жол берілмеген, 280-нен астам шетелдік азамат Қазақстаннан шығарылған;
      – тыйым салынған діни әдебиеттерді елге заңсыз әкелуге қатысты 190-нан астам әрекетке тосқауыл қойылып, 19 шетелдік жауапқа тартылған;
      – заңсыз айналымдағы 237 атыс қаруы, 27 жарылғыш құрылғы, 4500-ден астам оқ-дәрі және басқа да террор құралдары тәркіленген;
      – жыл басынан бері 340-тан астам терроризмге қарсы оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылған. Терроризмге қарсы күрес шараларын күшейту аясында ІІМ және ҰҚК күштері мемлекеттік және өзге де нысандарға, оның ішінде халық көп жиналатын орындарға 3400-ге жуық тексеру жүргізген;

Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарындағы өзге де шаралардың жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы жұмыстарды күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Перизат Саденова
Бөлісу: