Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллиннің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Ерден Рашидұлы Хайруллиннің мезгілсіз қайтыс болғаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Бұл Қазақстан спорт қауымдастығы үшін орны толмас қаза. Ерден Рашидұлы спортты дамытуға және жас спортшыларды тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосты. Марқұмның отбасына, туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын, - деді Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарына барған Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллин қайтыс болды. Алдын ала ақпарат бойынша, оның жүрегі тоқтап қалған.
Ерден Рашидұлы Алматы қалалық спорт басқармасын 2022 жылдың мамыр айынан бері басқарады. Оған дейін Алмалы ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген.