Ермек Маржықпаев Қостанайдағы спорттық инфрақұрылымдарды тексерді

26 Қараша 2023, 03:29 824

Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев өңірдегі бірқатар туризм нысанын аралап, спорт кешендерінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, министр ең алдымен Қ.Оспанов атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 50 метрлік бассейніне барды. Мұнда 34 оқу тобы жасақталып, 500-ден астам адам спорттың осы түрімен шұғылданады.

Бұдан әрі Ермек Маржықпаев мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған «Тобыл-Арена» жабық футбол стадионының жұмысымен танысты. 2018 жылдың соңында қолданысқа берілген спорт кешені футбол матчтарын, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және бұқаралық спорт жарыстарын өткізу үшін салынған.

Сонымен қатар Қостанай қаласында «Артромед» заманауи медицина орталығы жұмыс істейді. Медициналық мекеменің негізгі бағыты – жарақат алған спортшыларды емдеуге және оларды қалпына келтіруге бағытталған. Орталық соққы толқыны терапиясымен, жоғары қарқынды лазерлік терапиямен, неврологиялық, травматологиялық және ортопедиялық, ревматологиялық бейіндегі пациенттерді емдеуге арналған заманауи жабдықтармен жабдықталған.

Сондай-ақ күш спорты академиясының жұмысымен танысты. Бұл жерде өңір тұрғындары спорттың ауыр атлетика, пауэрлифтинг, бодибилдинг, армрестлинг түрлерімен шұғылданады. Сонымен қатар ғимаратта су спорты түрлерімен де айналысуға мүмкіндік бар.

Келесі нысан – бокс мектебі. Мұнда Ермек Маржықпаев спорт түрлері бойынша жергілікті федерациялардың өкілдерімен және аға жаттықтырушылармен кездесу өткізіп, қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, жиын барысында резерв дайындау, жаттықтырушыларды әлеуметтік қолдау туралы сөз болды.

Қостанай облысы әрқашан өзінің атақты спортшыларымен мақтанады. Мирошниченко, Дычко, Левит сияқты саңлақтардың есімі тек өңір халқына емес, бүкіл республикаға танымал. Егер аймақта жақсы жаттықтырушылар мектебі және инфрақұрылым болмаса, мұндай дарынды спортшылар шықпас еді. Сондықтан министрліктің негізгі мақсаттарының бірі – спорт инфрақұрылымын дамыту арқылы халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасау. 2025 жылға дейін елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдана отырып 113 жаңа спорт нысаны салынып, қолданыстағы 26 нысан қайта жаңартылады- деді Ермек Маржықпаев.

Қазіргі таңда Қостанай облысында 40 олимпиадалық спорт түрі бойынша 32 қоғамдық бірлестік, оның ішінде 7 қысқы олимпиадалық бағыт жұмыс істейді. Олимпиадалық спорт түрлері бойынша – 8 864 секция, оның ішінде қысқы спорт түрлері бойынша 685 секция жұмысы қамтамасыз етілген.

Өңірде олимпиадалық спорт түрлерімен 200 мың адам шұғылданады. Оның ішінде ауылдық жерлердегі спортшылардың үлесі – 66 мың адам. Сонымен қатар аймақта 4 338 спорт жаттықтырушы жұмыс істейді.

Перизат Саденова
Бөлісу: