21.02.2026
13:13
2508
Ермахан Ыбырайымовтың халықаралық турнирі неліктен қыздар арасында өтеді

Ермахан Ыбырайымовтың халықаралық турнирі неліктен қыздар арасында өтеді

Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимовтың турнирінің жеңімпаздары анықталды. 

Дәстүрлі турнир Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Үндістан және Қазақстан спортшыларының қатысуымен өткен болатын. Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі болған Ермахан Ибраимовтың атындағы халықаралық турнир биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. 

2008-2009 ж.т.

48 келі. Алтанзул Алтангада/Моңғолия
51 келі. Айым Танкибаева/Қазақстан
54 келі. Сабрина Чакоманова/Өзбекстан
57 келі. Рамина Маханова/Қазақстан
60 келі. Алина Құдайгенова/Қазақстан
65 келі. Келими Маиситуре/Қытай
70 келі. Камила Оспанова/Қазақстан
75 келі. Самира Тургунова/Өзбекстан
80 келі. Айдана Убайдуллақызы/Қазақстан
+80 келі. Нилуфаркон Абдухошимова/Өзбекстан

2010-2011 ж.т.

46 келі. Рухшонабоне Ахадова/Өзбекстан
48 келі. Фарангиз Усвалиева/Өзбекстан
50 келі. Парвина Шакарова/Өзбекстан
52 келі. Лашын Дәулетжан/Қазақстан
54 келі. Айлин Серікова/Қазақстан
57 келі. Кумринисо Мухаммадова/Өзбекстан
60 келі. Балым Ғабитқызы/Қазақстан
63 келі. Мехримах Киличова/Өзбекстан
66 келі. Аяулым Оспанова/Қазақстан
70 келі. Мадина Нурманова/Қазақстан
75 келі. Диана Надырбек/Қазақстан
80 келі. Жансая Ержан/Қазақстан
+80 келі. Елнура Қоңырат/Қазақстан

Осы орайда атақты боксшы турнирдің ерекшелігі мен болашағы туралы ойымен бөлісті.

Тәуелсіз Қазақстан болғалы елімізде жарыстардың өтуі тоқтаған емес. Бізге дейін де Серік Қонақбаев, Әбдісалан Нұрмаханов, Виктор Демьяненконың атындағы жарыстар ұйымдастырылатын. Менің немесе өзге де боксшылардың турнирді өткізудегі мақсаты – туған өлкесіндегі спорттың дамуына атсалысу. Менің алғашқы бәсекем Ақтөбе қаласында басталған еді. Одан кейін Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында жалғасты. Артынша Алматы қаласына көштім. Бастапқыда менің жарысымда тек ұлдар ғана жұдырықтасатын. 2016 жылы қазіргі әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин маған елімізде жасөспірім және жастар санатындағы қыздар арасында бірде-бір халықаралық жарыс өтпейтіндігін айтты. Оның үстіне қазір Олимпиадада да әйелдердің салмағы уақыт өткен сайын артып жатты. Осыны ескере келе, қыздар боксының дамуына өз үлесімді қосуды жөн көрдім. Кейінгі сегіз жылда бұл бәсекеде Елдана Талипова, Бақыт Сейдіш секілді спортшылар, сондай-ақ Өзбекстаннан Олимпиада ойындарына қатысқан боксшылар жүлде үшін бақ сынады, - деді Ермахан Ыбырайымов. 

Ермахан Ыбырайымов 1996 жылы Атланта Олимпиадасында ҚР құрамасының ту ұстаушысы болған. Спортшы сол сында бокстан қола жүлде иеленді. 71 келіде ел намысын қорғаған Жамбыл облысының өкілі бұл жетістігін Сиднейде мәңгіге тарихқа жазып, чемпион атанды. Сондай-ақ, боксшы 1997 жылы әлем біріншілігінде күміс, 1999 жылы қола жүлде иеленді. Ал 1998 жылы Азия ойындарында топ жарды. Бұдан бөлек ол Азияның бірнеше дүркін чемпионы және 1998 жылы әлем кубогында қола жүлде иеленген.