Ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен қазақ палуаны

30 Шілде 2021, 15:03 4185

Қазақтың ержүрек палуаны Қажықан Балуан жайында не білеміз?

Қазақ халқында бұрынғы кезден-ақ өз руларыынң атынан шығып, құрметі мен абыройы жолында көк кілемде белдесіп, жеңіс тұғырынан көрініп, намысын қорғаған көптеген палуандар болғаны тарихтан белгілі. Иә, көк кілемде белдесетін палуандық дәстүр ықылым заманнан жалғасқан бұрынғы спорттық өнеріміздің бірі болып саналады. Есімі аңызға айналған әрі жауырыны жерге тимеген палуандар жайында не білеміз? Олар жайында Жәди Шәкенұлы мен Қайрат Айдарханұлының «Алтай алыптары» атты еңбегінде кездестіруге болады. Олай болса, Алтай өңірінің батыр палуаны кім?

Қажықан Малғаждарұлы 1900 жылы туылып, 71 жасында дүние салған. Зираты Алақақ ауылдығының Теректі бөктерінде. Қажықан аяғын апыл-тапыл басқаннан бастап ұлы атасы Оспан қажы мен әжесі Анардың тәрбиесінде болып, ауыл молдасынан оқып сауатын ашқан.

Ауыл арасында замандастарымен күресіп, Қажықанның күші әйгіленіп өзі де сом денелі, шаршы жаралған тұрқынан иығына тұтаса біткен басы үлкен, қалың қасты, қабақты, құлағы тебінгідей, құрыштан құйылғандай бұлшық еттері білем-білем болып сомдалып өсіп келе жатқан кезінде, 1920 жылы Шүйіншалы елінің үкiрдайы Бұршақбай жас ортасынан аса бере көрген жалғыз ұлы Қанжарханның сүндет тойын жасайтын болып, Арал елін тойға шақырады. Тойға келген жұрт той тамағын жеп, Ақтасты қуыстың кезеңінен бәйге атын тосатын болып атқа қонғанда Байқара елі мен Шеруші елі бір болып, Есағасы, Қазыбек елі бір болып ортадан ойын шығаруды жөн көріп, ел ағалары төрт бидің бірі Өміртай гүң, Жақып амбы, Бұлан үкiрдай, той иесі Бұршақбайды ортаға ала бәйге төбенің үстіне келгенде Жәдік елі атақты Қопа балуанын майданға шығарады. Есағасы, Қазыбек елі жағынан той басқарып жүрген Қосай залыңның ағасы Мыңбай ұран салып өз төбесіне келіп Есеғасы Боксары балуанға қолқа салғанда, ол: «Қопаға күшім жетпейді. Екі жастың біріне келгенде жығылып ұятқа қалғанша, шықпай-ақ қояйын», - дейді. Аға балуаның алдынан өткен Мыңбай енді Қазыбек елінің жас балуаны Қажықанды мінгестіріп, Қопаның аяқ жағына апарып түсіреді.


Күреңшелі қиялау жердің өр жағына алып денелі Қопа, еңіс жағындағы шаршы бойлы Қажықанмен қанша аңдысса да, оны өр жағына шығара алмайды. Өзін ұстатпай жүрген жас балуан жаздай жаттыққан машығына басып, іштеп кіріп бақайынан тартып өзі сырғымалы күреңшелі жерде, Қопаның құйрығы жерге тиіп, отырып қалады. Балуаным жықты деп санаған Мыңбай Қажықанды мінгестіріп ала жөнелгенде, Қопаны алып келген Өміртай гүңның Ысқағы Мыңбайдың тізгінінен ала түсіп, жықпаған балуанды неге алып барасың?!.... депсөзге келісіп, сенен мен кем бе! – деп қызынысқан адамдарбір-біріне қамшы салысып кеткенде, екі жақта ұран салып атқа мініп, төбелеске қол қояды. Қымыздың қызуына, ат үстінің желігі қосылған азаматтар шай қайнатым соғысқанда төбе басында қалған билердің алдына руы баян Рүстем деген адам қан сорғалатқан көзін басқан қалпы келіп түсіп «Қанапия мен Әліпбай қатар келіп ұрып кетті», - дейді. Рүстемнің көзінің шығып кеткенін көрген билер желіккен жұртты әрең тоқтатқанымен, Рүстемнің көзінің құн дауы біте қоймайды. Есағасы, Қазыбектің қормал иесі Бұлан: «жыққан балуанымды жықпады деп дау сайлап, алдымен қамшы көтеріп, тойымызды төбелеске айналдырып, Байқара, Баян болып жолсыздық істеп елімізді басынды. Рүстемнің көзінің шығуына себепкер болды» деп дауды билер алдында бітіртпей, Буыршын ауданына, одан асып Алтай аймағының дауиңы (уәлиі) Жуу Шуеге айдайды. Ол кезде Алақақ жері Буыршын ауданына қарайтын Сарсүмбе ауданы құрылмаған кез еді. Буыршын әкімі Лю Шаузу бұл жұмысты шеше алмай, аймақтың Жу Дауиыңнан кеңес сұрағанда Дауның: – Жәдік елі жарғы жарамыз деп жылқы қуып, жанжал тудырмасын. Егер ондай іс туылса, өздері жауапты болатынын ұқтыр. Күзде ел етекке түскенде кесімін жасаймыз. Екі балуан қайта күреседі, егер Қазыбек балуаны Қажықан жықса, Бұланның елі құн төлемейді. Жыққан балуанды мойындамаған Жәдік елі айыпты болады. Егер Байқара балуаны Қопа жықса Есағасы, Қазыбек елі айыпты болудың сыртында, Рүстемнің көзінің құнын төлейді деп бұйырады. Осы бұйрық бойынша Буыршын аудан әкімі Лю Шау Зу келіп екі балуанды Дулайтыда күрестіреді. Екі балуан бірін-бірі жыға алмай айырылысады. Рүстемнің көзіне құн кесілмей, айып -анжысыз дау аяқтайды. Алғашқы күресі осылай басталған Қажықан 1924 жылы Желкектіде Жәдік Ерменжі байдың асы беріліп, жыл бұрын сауын айтылып, Алтай, Сауыр тұтас шақырылады. Асқа ілгері-кейінді келген елді біренеше күн күтіп, белгіленген жұма күні ас беріліп, ертесі таң бозынан ат айдалғанда бәйге төбеге қарақшылар тобы бөлініп, Жәдік, Жәнтекейден шыққан төрт бидің Көкен, Топан ұрпағына алмандас ел бір төбе, Бейсенбі, Құлыбекке алмандас ел бір төбе болып, ат үсті ойындарға қоса балуан күресі басталды. Жәдік жағынан Абылхан бастаған сегіз балуан майданға түсірілгенде Жәнтекейден Қажықан бастаған он сегіз балуан майданға шығарылды.

Ұзын бойлы, ақсары кісі Әлімханды Қажықан шапшаңдықпен іштей кіріп шалып жығып, дау жүрмейтін жүлдесін жеңіп алды.

1928жылы қазан айында Ертіс бойында Есіргеп-Жарылқаптың байы Кіштайдың асы беріліп 50 үй тігіліп, асты Шақабай Наурызбай басқарды. Қажықан балуанды нағашысы – Балбағай Қарақасынан шыққан Құнанбай қажы ат жіберіп алдырып, бас балуанға түсіреді. Бұған қарсы Құрылтайболат елінің жауырыны жерге тиіп көрмеген Байғали балуаны шығады. Дене бітімі үлкен Байғалиды амал-айласы мол, әрекеті шапшаң Қажықан екі аяғының бау тағарынан алақанымен тұсарлай қағып жібергенде Байғали шалқасынан түсіп, намыстанып жатып қалғанда ағасы Ауғали:

Болмаса адам құсаған адамнан жығылмағаның-ай! – деп өкінеді. Денесі шаршы біткен Қажықанды алымсынбаған бұл сөзге намысы келген Құнанбай қажы:

Байғали періштеден жығылуы керек пе екен! Адам, адамнан жығылады, төртбұрышты қойып, домалақ болса да, күші жетпесе неғыл дейсің, – дейді.Бұл күресті көріп, сөз сайысын естіп тұрған Етекбай ақынға асты басқарып жүрген Наурызбай; - Байғалиды өлеңге қос та орнынан тұрғыз, – дейді.

Сонда Етекбай ат үстінен келіп: 

Байғали, разымын туысыңа,

Қарағайдай қасқайған тұрысыңа.

Күш атасын танымас деген осы,

Түстің-ау домалақтың уысына! – дегенде Байғали орнынан тұрып кете берген екен.

1934 жылы Қажықан балуан Алтайдың теріскейіндегі моңғолдар арасына кеткен туысын іздеп Қарайрықтың басы Дөңқарағай асуынан ұрланып өтіп бара жатқанда Монғолия шекара сақшыларының қолына түсіп, түрмеге жабылады.

Сол түрмеде қолды болып жатқан кезінде, 1924 жылдары Кеңес одағынан қашып өтіп Қазыбек елін паналап, одан Монғолияға кеткен елі Найман ішінде Дөртуылдың Жалманбет атасынан тараған Сіләм деген адам ол жақта балуандықпен атағы шығып, Ұланбатырдағы балуандар жетістіріп-тәрбиелеу қызметіне араласады екен. Қажықанның алып күштің иесі екенін білетін сол адам Қажықанның Монғолия түрмесінде жатқанын естіп, Баян-Өлгейдегі үкімет басшыларына айтып жүріп, өзі бас болып, сол жердегі ел азаматтары Қажықанды кепілдік беріп, босатып алып, бірер ай күтімдеп, ең алдымен Сіләм өзі күресіп Қажықаннан жығылып, оның күшін Қобда еліне әйгілейді.

Осыдан кейін, Қобда қазақтары атынан балуан болып Монғолияның орталығы Ұланбатырға барып 300 балуан қатынасқан мемлекеттік балуандар сайысында ауыр салмақтылардан соңғы үш балуанның бірі болып (екі монғол, бір қазақ) талданады. Ендігі жерде үш балуан күрескенде, Қажықан алдымен түскен балуанмен алысып, оның мыс шегелі етіктің өкшесімен тепкен өрескел қылығына орай, содырлық сойқан емес, күрестің тәртібіне сайдырып, ебін келтіре құйрығының жырмышынан қолын салып жіберіп баланы иіргендей иіріп-шіріп алып ұрады. Осы кезде екіншісі Қажықанды дем алдырмай майданға шақырады. Майданға шыққан Қажықан не жығып жібермей, не одан жығылмай, аңдысып жүріп алады. Ақыры лажы қалмаған сарапшылар: «екі балуан тең болды», — деп жарыс нәтижесін жариялап, арыс майданында жеңген екі балуанды қатар сыйлайды. Осы майданда сарапшылар бастығы Қажықаннан;

Күшің мен айлаң басым екен. Неге біраз қайрат көрсетпедің? – дегенде Қажықан: — Тепе-тең болғанымызды жөн санадым, – дейді.

Қажықанның артық күш шығармағанына ренжіген Сіләмға: — Алтайдың күнгейі мен теріскейі емес, мынау Ұланбатыр

ғой, – деп жауап береді. Сонда Сіләм: — Е, сен екі балуанды жыққаныммен қалың монғолға шамам жетпес деп ойлаған болдың ғой. Оның да жөн екен, – дейді.

Монғолия газеттерінде аты-жөні жарияланған Қажықан Монғолия мемлекетінде жүлде алған тұңғыш қазақ балуаны сипатымен Ұланбатырда «теңдессіз балуан» аталып, жас балуандарға тәрбиеші болып тұрған шағында екінші дүниежүзілік соғыстың басталған кезеңіне дөп келеді. Монгол үкіметі «байтал түгіл, бас қайғы» дейтін жағдайға тап болғанда, Баян-Өлгей жеріне қазақтардың ішіне қайтып келеді. 1944 жылы Сарсүмбе ауданына қарасты ел Өр Алтайдағы төңкеріс жағдайымен Монғолия жеріне өткенде өз ауылына қосылып, туысымен аман- есен қауышты. Туыстарды аман-есен көру ғанибет болғанымен, бұл кезде атасы Оспан қажының ұрпақтары малы азайып кедейлесіп қалған кезі еді. Сол себепті Қажықан атасы Оспанмен бірге туған Базардың баласы Кәрменбайдың ауылына барып тұрады. Ауылда бекер жатуды жөн санамаған Қажықан малшы-қойшыға бас болып, Кәрменнің малының шетіне шығып жүреді. Қажыхан бір күні түнде «Оспан батырдың адамдарына азық алуға келдік» деген 12 адамның қой күзеткен күзетшіні байлап қойып, қойды бөліп айдап бара жатқан үстінен түседі.

Ай, жігіттер! Батырдың адамдарына азық алуға келсеңдер күндіз келсеңдер болмай ма? Түндегі мыналарың не қылық?! десе, сөзге келмеген бейсауат адамдар сойылға қол қояды. Олардың түзу ниетті жандар емес, ұры екенін білген балуан қызыл жұдырығымен араласып ұрылардың төртеуін ұрып түсіріп, қойларын да айырып алып қалады. Ертесі шаң Қарақастың зәңгісі Нұрлан келіп айып-анжысын беріп, адамдарын босатып алған.

1944 жылы Шіңгіл бойын қыстап жұтап, жадап-жүдеп қайтқан ел 1945 жылы ашаршылыққа ұшырап тұрмыста қиын-қыстау күнге қалса да әркім өз білгенінше жан бағудың қам-харекетіне кіріседі. Осы кезде Қом бойына түсіп харекет істеген Қажықан бір орыстың бір десент (15 му) жерінің пішенін көтеріп алып, шабуға кіріседі.

Дәл осы кезде балуанның жанынан өтіп бара жатқан он орыс жігіті оның дене бітімін көріп таңырқап: - Әй, қазақ. Денеңе қарағанда балуан боларсың, – дейді. Шалғысын шыңап, енді жұмысқа түскелі тұрған Қажықан: -Әрине болсақ болармыз, күрескілерің келіп тұрма? – дейді аналарға. — Иә, күрескіміз келеді. Бірақ бәс тігеміз. Онымызды бірдей жығып кетсең мына жерді біз шауып берейік. Ал бізді жыға алмасаң ақысыз шауып бересің, – дейді олар. Он жігіт пен өз күшін шамалаған балуан мақұлдық береді. Сонымен майдан басталады. Он жігітті бірдей алып соғып астына басып алған балуан жығылдық деп мойындағанда қоя беріп, орыстардың өз жерін өздеріне шаптырып, толық ақысын алып қайтып кетеді.

Бір жылдары Сұмдайрық өзеніне Андрей деген орыс көпір салып, Арал жайлауына көшетін елден көпірден өткен бір үйден бір тоқтыны көпірден өткен ақысына алады екен. Елден соңырақ жалғыз келіп көпірден өтпекші болған Қажықанды кескестеген орыс: — Әй, қазақ! Қайда барасың? Өзің біліп өте беретін бұл көпірді сенің әкең салып па еді?! Көпірді мен салған екенмін, иесі менмін, кімді өткізуді өзім білемін, деп әкіреңдейді. Өзің білсең не аласың?, - дейді Қажықан. Қажықанның күш иесі екенін байқаса керек, Андрей: – Бір тоқты бер десем қара басыңа артық айтқан болармын. Ақша бер десем қалтаң түбі белгілі шығар. Мына біреу тасты күнде тіземе дейін көтеріп, одан ары апара алмаймын. Салмағы 18 пұт (288 килограмм). Сен кеудеңе дейін көтеріп апарсаң өтте кет. Әйтпесе ақшаңды бер! – дейді. Осы сөзге мақұлдық берген балуан әлгі тасты «Әуп!» деп кеудесіне апарып, өзенге қарай ала жөнелгенде Андрей: — Әй, Қажықан, балуандығыңды естуші едім, болды. Сен жеңдiң, мен жеңілдім. Әр жылы өзің ғана емес бір үйлі жан бодау төлемей өте беріңдер, – деген екен. Қажықан балуан Алтайдың күнгейі ғана емес, теріскейінде де ат шығарып 1930 жылдары Монғолия елінің алып балуаны аталуымен бірге суырып салма ақын да болған. Оның:

Сан арып, бұл өмірде сан жүдедім,

Сондада орындадым ел тілегін.

Алыстым аюмен де арыстанмен,

Көтерді, қайыспады қос білегім.

Атандай алыптарды жерге тықтым,

Күш сынасқан жерімнің бәрінде ұттым.

Туған ел намысыңа шаптым жалғыз,

Майданда балуандықтың туын тіктім, – деген асыл сөздері де артқа қалған.

Міне, бұл Қажықанның ғана емес, майданға түскен барлық арыс алыптарының ой-арманы екені хақ. («Алтай тарихи материалдары» және Көбен Асқарұлының жазбалары пайдаланылды)

 

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: