«Ерлік жасағандай айтып отырсыз»: Депутаттар Мәжілісте министрді сынға алды

Бүгiн, 11:37 200

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтан бюджетке енгізілген өзгерістер туралы сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ерлан Сайыров Үкіметтің депутаттардың қатысуынсыз бюджеттің бірнеше рет өзгертілгенін сынады.

Биыл Үкімет Парламенттің қатысуынсыз бюджетке 9 рет түзету енгізді. Бұл президенттің қоғамдық бақылау тұжырымына сәйкес келмейді. Депутат жоқ, өздеріңіз қожа, өздеріңіз би – рақат! Сол өзгерістер аясында бір бағдарламаға бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Ең негізгісі, түзетулер арқылы биылғы жылдағы көп шығын қайта қаралған. Сол өзгерістер бойынша биыл қандай шығын қысқартылды? Олардың қаншасы инвестициялық жобаларды іске асырумен байланысты. Ертең осы қысқарған бағдарламаларды бюджетке қайтадан кіргіз деп  депутаттарға өтініш жасамайсыздар ма? – деп сұрады Сайыров.

Ал министр су тасқынына байланысты бюджеттің қайта қаралып, кейбір іс-шаралар мен форумдардың қысқартылғанын атап өтті.

Биыл 9 емес, 10 рет түзетілді. Жақында біз тағы да түзету енгіздік. Соның есебінен 370 млрд теңгеден астам ақшаның қайтадан құрылымын өзгерттік. Ең алдымен, экономикалық өсімге байланысты бағыттарға жібердік. Қазіргі бюджет заңнамасында ол құзірет бізде бар ғой. Жаңа бюджет кодексінде Парламент алдында есептілігіміз көрсетілген. Қандай да бір түзету енгізсек, 5 күннің ішінде алдарыңызға келіп, баяндаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен су тасқынына байланысты бюджеттің шығындарын үнемдеп, тек су тасқыны салдарын жоюға, экономиканың өсіміне байланысты тапсырылған. Сондықтан, біз барлық өнімсіз шығындарды, іссапарға шығындарды, әртүрлі форумдарды қайта қарадық. Сонымен қатар, біраз инвестициялық жобаларды қайта қарадық. Айтайын дегенім, осының арқасында біз ауыл шаруашылығын қаржыландыруды үш есе ұлғайтуға қол жеткіздік. Сол секілді тұрғын үйге байланысты, тұрғындарды газбен қамтуға қосымша 100 млрд теңге бөлуге мүмкіндік алдық. Сондықтан, үнемделген қаржы халықтың тұрмысын жақсартуға, экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталды, – дейді ол.

Министрдің жауабы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың көңілінен шықпай, тәртіптің ақсап жатқанын атап өтті.

Сіз 10 рет өзгерту жасадық деп «ерлік жасағандай» айтып отырсыз. Депутаттың айтқаны дұрыс. Ай сайын бюджетке бір өзгеріс енгізіліп отырған. Яғни, бюджеттік тәртіптің ақсап тұрғанын көрсетіп отыр, - деді Ерлан Қошанов.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: