«Ерлігі үшін». Абай облысында жас сарбаз марапатталды

27 Қыркүйек 2022, 00:02 1426

Абай облысы Үржар ауданының тумасы он сегіз жасар Александр Флейтлинг төрт ай бұрын Қарулы күштер қатарына шақырылған болатын.

Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін 31775 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Александр Аликович Флейтлинг «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды EL.KZ.

Биылғы қыркүйек айындағы Қостанай облысында болған өртті жою кезінде Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелеріне Қарулы күштердің әскери қызметшілері де елеулі көмек көрсетті. Олардың арасында «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімнің қатардағы жауынгері Александр Флейтлинг те бар еді.

Қауіп-қатерге қарамастан, ол төрт күн бойына әскери инженерлік техникамен тілсіз жаудың таралуына қарсы тұрып, өртке қарсы бірнеше арықтар жасады.

Абай облысы Үржар ауданының тумасы он сегіз жасар Александр Флейтлинг төрт ай бұрын Қарулы күштер қатарына шақырылған болатын. Бүгінде Қарағанды гарнизонындағы әскери бөлімде материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонында қызмет етеді. Ол ауылда туып-өскен.  Жергілікті ауылшаруашылық колледжінде оқып, механизатор мамандығын алған.

Әулиекөл ауданына екінші қыркүйекте келдік. Өрт өте ауқымды болды. Барлық жер отқа оранды. Бірнеше күн қатарынан жұмыс істедік. Тілсіз жауды ауыздықтау қиын болды. Армияда алған тәжірибемді өмір бойы есте сақтаймын. Өз борыштарын ерлікпен орындаған барлық жігіттерге рахмет, – дейді қатардағы жауынгер Александр Флейтлинг.

Әскери бөлім қолбасшылығы мемлекеттік наградадан бөлек сарбазға он тәулік мерзімге қысқа мерзімді демалыс берді.

EL.KZ
Бөлісу: