«Ерлердің ісін еңсере аламыз»

5 Наурыз 2020, 17:08 5443

Жүрегі – нәзік, білегі – «азық» нәзікжандылар

Жаны нәзік болғанмен, жаратылысы ерек әйел адамдары үшін кез келген сала жат көрінген емес. Оларды нағыз ерлерге арналған қызметтерде үздік жұмысшы ретінде көруге болады. Тіпті, қоғамдық көліктің тізгінінде де, ауыртпалығы зор құрылыс саласында да, автокөлік жөндеу ісінде де кездестіресіз. El.kz порталы мереке қарсаңында ілгеріде аталған жұмыстарда ерлерден кем түспей, абыройлы атқарып жүрген нәзікждандылармен тілдескен еді.

«19 жылдан бері жүргізушімін»

Қоғамдық көлік жүргізушілері десе көз алдымызға тек ер адамдар елестейді емес пе? Алайда, бұл саланың қиындығына қарамай, бірнеше жылдан бері жүргізушілікпен айналысып келе жатқан аруларымыз да баршылық екен. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында ондай нәзікжандылардың саны – 9. Солардың бірі 19 жылдық еңбек өтілі бар – Камила Ақназарова. Десе де, оның бала күнгі арманы мүлдем басқа болған.


(Суретте: Камила Ақназарова)

– Бала кезден ақ халатты абзал жандарға қарап қатты қызығатынмын. Өскенде қалайда дәрігер боламын деп ойлаған едім. Бірақ өмірдің өз жоспары бар екен. Жолдасым жүргізушілікпен айналысатын. Ол кезде Алматы қаласында тұратын едік. Үйде отыра бермей, мен де қызмет жасайын деген ой тыным бермей, осы салаға келдім. Әрине, отағасы қарсылық білдірді.

Нәзікжанды жүргізуші ең алғаш рөлге отырғанда бойын қорқыныш билегенін жасырмайды.

– Оңтүстік астанамызда алты айдай троллейбус жүргізушілігінің оқуын аяқтадым. Бірінші рет сапарға шыққанда іштей сенімсіздік болғаны рас. Бірақ, алған бетімнен қайтпаймын деп шештім. Қобалжулар өткен соң, сенімді жүргізе бастадым. Қанша дегенмен, бұл жай жұмыс емес, қанша жанның тағдыры тұрған жауапкершілігі мол жұмыс.

Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген Камила Ақназарова бүгінде немере сүйіп, әже атанып отыр.

– Әрине, бұл жұмыстың бір қиындығы отбасыңа көп уақыт арнай алмайсың. Бұрынғы жұмыс кестесі тіптен ауыр еді. Ерте үйден шығып, кеш қайтасың... Ондай сәттері жолдасым да, балаларым да маған барынша демеу білдіріп, жұмысымды жақсы атқаруға септігін тигізді. Олардың қолдауы болмаса, осынша жыл қоғамдық көліктерде жүрмес едім.

Бірнеше сағат бойы рөлде отырудың қаншалықты денсаулыққа зиян екені белгілі. Нәзікжанды жүргізуші ондай мәселелер жиі туындайтынына қарамай, жұмысымнан қалмаймын дейді.

– Тек біздің жұмыста емес, қазір көптеген офистік қызметтерде денсауылығына қатысты проблемалар бар емес пе? Әрине, оларды оң шешуге тырысып, кері әсерлері туралы тіптен ойланбаймын. Себебі, жол негативті ұнатпайды. Өздеріңіз білетіндей, жолда сен әйелсің бе, ерсің бе, барлық ережелер мен қағидалар ортақ.

19 жылдық еңбек өтілінде К.Ақназарова ешқашан ірі жол көлік апатына түсіп көрмеген.

– Шүкір, барынша ұқыпты, тәртіпті жүргізуге тырысамын. Ілгеріде айтып кеткендей қаншама жанның өмірі сенің қолыңда тұрғандықтан, алып-ұшып, көзді жұмып айдай бермейсің. Кейде уақыттан қалып бара жатқанда, кішігірім ереже бұзулар болғаны болмаса, аса залал әкелетін тосын оқиғаларға ұшырамадым.

Он жылдан бері Елордамызда қызмет етіп келе жатқан Камила жас астанамыздың көз алдында гүлденіп кеткенін айтады.

– Біз келген уақыт пен қазіргі кез жер мен көктей. Қаншама жаңа ғимараттар салынып, қалаға өзгеше ажар кірді. Қоғамдық көліктер де заманауиланып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін жақсы жағдай жасалынуда. Жас астанамыздағы осындай қызу тіршілікке өзінше үлес қосып жатқаныма қуаныштымын, – дейді жүргізуші.

Камила Ақназарова бұл жұмыста зейнеткерлік жасқа дейін жүретінін айтады.

– Денсаулығым көтерсе әлі он шақты жыл көлік жүргізуге ниеттімін. Жалпы, осы салаға келемін деген нәзікжандыларға айтарым – бойдағы, ойдағы қорқыныш, үрейді жеңсеңіз болғаны. Әрине, жол ережелерін жақсы білуі міндетті, сонымен қоса батылдық пен төзімділік те ауадай қажет етіледі.

Автомеханик Қымбат

Көлік жөндеу ісі де қаракөздер үшін қиын шаруа емес секілді. Әйел адамына мүлде сай келмейтін мамандық дегеннің өзінде осы салада елеулі еңбек етіп келе жатқан қыздарымыз бар екен. Соның бірі қарағандылық – Қымбат Қалиева.


(Суретте: Қымбат Қалиева)

Қымбат автомеханик атанып кетемін деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Жоғары оқу орнын журналистика мамандығы бойынша аяқтаған ару дипломын қолына ала сала, тілшілік қызметіне кірісіп кетеді. Бірақ, бұл салада керемет белсенділік танытып, өзін-өзі жігерлендіре алмапты.

– Жалпы, әлеуметтік желіде өзінің үйімен саяхаттайтын адамдарды жиі ақтаратынмын. Олардың өміріне деген қызығушылық мені автомеханикаға алып келді десем болатындай. Себебі, көлік жөндемек түгілі, оны жүргізе де алмайтынмын. Не керек, осы саланың қыр-сырымен танысып көрейін деп шештім.

Қымбаттың мақсаты айқындалған тұста техникалық қызмет көрсететін бір станцияның хабарландыруын оқып қалады. Олар өздеріне механик, көмекші, видеoграфтар іздеп жатыр екен.

– Виедограф етіп алса да, еден жусам да, бір нәрсені біліп шығамын деген оймен келдім. Олар менің бетіме қарап, ертең кешкі уақытта келуім керек екенін айтты. Жұмыс кестесін ұсынды және тағылымгерлерге төленетін азын-аулақ жалақасы барын айтты. Қуанышымда шек болған жоқ.

Бұл уақытта ол журналистика саласындағы жұмысын тастамаған екен. Күндіз анда, кешкілік мұнда Қымбат үшін ауырлық тудырған соң, бір жағына шығу туралы ойлана бастайды.

– Маған ой келгенде әлеуметтік желіден мотивация беретін посттар шыға келетін секілді көрінеді. Бұл жолы да бір минуттық көліктер туралы керемет түсірілімді көзім шалды. Ол бейнероликте автомобильдің моторын жасап, сыртын әрлеп, теміртұлпардың түрлі тұстарын көрсетеді. Қатты ұнады. Содан бастап, өзіме не керегін толық түсінгендей болдым.

Жарты жылда Қымбат автомеханиканың қыр-сырын толық меңгеріп алады. Ол өз болашағын осы саламен нық байланыстырып қойған.

– Өзімді көлік жөндеуде бақытты сезінемін, – дейді автомеханик ару.

Құрыш білекті құрылысшы ана

Құрылыс саласы әйел адамдары түгілі ерлердің өзі әрең төтеп беретін ауыр жұмыс. Бірақ, нәзікжандылар өздерінің қайсар-қайтпастығының арқасында барлық салаларда тер төгіп келеді. Гүлбайра Даскеева да өзінің соңғы жиырма жылғы өмірін құрылыс аумақтарында өткізген. Жасы 50-ге таяған Жамбыл облысының тумасы әлі де осы қызметтен алысқа кете қоймапты.

Негізгі мамандығы бойынша тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласында қызмет істеп жүрген Гүлбайра тоқырау жылдары астанамызға қоныс аударады. Екі қолға бір күрек іздеген жас ананы тағдыр жолы құрылысқа әкелген.

– Құрылыс саласы – амалдың жоқтығынан келген жерім емес. Шын жүрегіммен кірісіп, жас астанамыздың гүлденуіне, көркеюіне үлес қосу мақсатыма айналды. Оның үстіне, демеу беріп, қолдау көрсетіп жүрген жолдасым екеуміз бірге жұмыс жасадық. Осы саланың арқасында жақсы жетістіктерге жетіп, білікті құрылысшыға айналып шыға келдім.

Гүлбайра Даскеева бұл істің қыз балалары үшін ауыртпалығы біршама екенін де жасырмайды.

– Әйел затына лайықты жұмыс емес. Тек төзімділік пен шыдамдылықтың арқасында ауыртпалыққа төтеп беруге болады. Сол сияқты жасап жатқан ісіңе кішкене махаббат та болу керек. Ол болмаса, жеңіл жұмыстың өзінен ат тоныңды ала қашасың...

Құрыш білекті құрылысшы Гүлбайра Адибайқызы жиырма жылдың ішінде көптеген құрылыстарда жүмыс істеген.

– Сыртқы істер министрлігінің, Жоғарғы соттың, Үкімет үйінің, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ғимараттарын салуға ат салыстым. Одан басқа да қаншама кешендердің бой көтеруіне кішкене болса да үлесімді қостым. 2000 жылдары іргесі қаланған мемлекеттік ғимараттардың барлығында еңбектендім.

Бүгінде ұл-қызынан екі немере сүйіп отырған ардақты ана, асыл әже құрылыс саласында кішігірім кәсібін дөңгелетіп отыр.

– Оншақты жұмысшылардан құралған фирмам бар. Қазірде үлкен кешендерге құрылыс жүргізбесек те, жергілікті тұрғындардан сұраныстар келіп жатыр. Бұл сала – біздің жас астанамызбен бірге дамуымызға көмектесті, қиын кезеңнен шығып, өз ісімізді табуға ықпал етті, – дейді тәжірибелі құрылысшы Гүлбайра Даскеева.

«Инженерия да жат емес»

Меруерт Камалханова – құрылыс нысандарының инженерлік жүйелері бойынша өндірістік-техника бөлімінің инженері. Қазіргі таңда стеротиптерге қарамастан әйелдер ер адамдармен бірге тең дәрежеде қызмет етіп келе жатқанының тағы бір мысалы бола алатын Меруерт бұл салаға саналы түрде келген.


(Суретте: Меруерт Камалханова)

– Осы заманға сай зәулім ғимараттардың көптеп бой көтеруі менің құрылыс саласына деген махаббатымды оятты. Ерікті түрде осы мамандықтың иесі атандым. Сол сияқты өзіміздің жас астанамыздың жандануына титтей де болса үлес қосуды армандадым, – дейді бойжеткен.

Инженерия – біліктілікті, білімділікті ұштастыра отырып, шығармашылық пен техниканы біріктіретін күрделі сала.

– Инженер болу оңай емес. Әсіресе, қыз баласы үшін... Тосыннан туған түрлі сәттерде тез шешім шығара білу маңызды және ол шешімің оң болуы керек. Сол сияқты қазір мен екі құрылыс нысаны бойынша жұмыс атқарып жатқандықтан, қосарланған тапсырмалар туындайды. Сондай кезде абдырап қалмай, шапшаңдық танытып, сұраныстарға жауап беру білу қажет.

Меруерт өз кәсібіңді толық меңгеріп алған жанға қай салада болмасын, қиындық туындамайды дегенді алға тартады. Расында да, білек сыбана кіріскен жұмысыңның қыр-сырын толық игерсең, алынбайтын қамал жоқ. Мейлі сен әйел заты болсаң да...

(Суреттер кейіпкерлердің мұрағатынан)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: