Астаналық ерлер жиі жасататын пластикалық оталар

6 Қаңтар 2020, 12:24 13503

Хирургтың айтуынша, ең қымбат операция 8 миллион теңге тұрады 

El.kz тілшісі Қазақстанда ерлер ең көп жасататан пластикалық операциялар туралы анықтап көрді. Сондай-ақ, пышаққа түсудің ағзаға әсері, оның салдары мен құны жайында отандық хирург Диана Шоманованың пікірін білді. Дәрігер жасанды бұлшық ет пен пресс жасату ерлер арасында сәнге айналғанын айтады. Төсті үлкейтіп немесе ондағы артық майларды алдыру да жиі кездеседі екен. Отандық пластикалық хирургия нарығындағы мұндай өзгеріс ненің әсерінен орын алып отыр? Ерлердің сұлулыққа құмартуы заман талабы ма, әлде...?

Топ-5. Ерлер несіне көңілдері толмайды?

Еліміз тұрмақ, әлемде осыдан 15-20 жыл бұрын пластикалық отаға тек әйелдер қауымы жүгінсе, бүгінде ерлер де сымбатты болуға талпынады. Мәселен, хирургиялық клиникалардың барлық клиенттерінің 18-19%-ін ерлер құрайды. Бұл бүгінде таңқаларлық жағдай емес дейді хирург Диана Шоманова.

– Бізде пластикалық отаға деген көзқарас оң бағытта деп айта алмаймыз. Бұған қазақы менталитетіміз, сонымен бірге дініміз қарсы. Бірақ соған қарамастан, әйелдер де, ерлер де пластикалық операцияға жүгінеді. Әсіресе, өнер адамдары мен саясат сахнасындағы кейбір шенеуніктер де операция жасатады. Сонымен бірге, жасы 40-50-ге таяған азаматтар қабақтарын алдыру, салбыраған беттерді көтеру, көз астындағы мимикалық әжімдерді тарттыруға көбірек келеді. Бірақ елімізде ерлер қауымының 5%-ті ғана отаға жүгінеді, - деді ол.

Елімізде жасанды сұлулыққа қалталы қыз-келіншектердің жүгінетіні айтпаса да түсінікті. Бұл қатарға халық алдында жүрген «жұлдыздарды» да қосуға болады. Олардың көбісі беттегі әжімді, көзді үлкейту сияқты операциялар жасатса, ер-азаматтар қандай оталарға жүгінеді? Хирургия саласында 10 жылдық тәжірибесі бар Диана Сейілхановнаның сөзінше, қазақстандық азаматтар жиі жасататын 5 операция бар. Олар:

– Ринопластика. Бұл –  мұрынға жасалатын отаның түрі. Сонымен бірге, ол барлық жастағы ерлерге тән. Қисық біткен немесе үлкен мұрынды түзеу мен кішірейтуге жігіттер қауымы жиі жүгінеді. Олар қыр мұрынды болып, сымбаттырақ көрінгісі келетін көрінеді. Әсіресе, бұл операция бұған дейін мұрын сынуы немесе қисаюы болған адамдарға өте өзекті. Мұндай жағдайларда мұрынның деформациясы мен асимметриясын түзету қажет. Кейбір азаматтар бұрынғы мұрындарын қалпына келтіру үшін де хирург көмегіне жүгінеді екен. Еліміздің бірқатар хирургиялық клиникаларында аталған ота түрі 100 мыңнан басталып, қиындығына қарай бағасы да өседі; 

– Отопластика. Отаның бұл түрі спортшылар арасында кең таралған. Грек-рим және еркін күрес, бокс, карате, самбо сынды спорт түрімен шұғылданатындардың осал тұсы – құлағы. Өйткені, жаттығулар мен жарыстар кезінде аталған спортты серік еткендер құлақтан соққыны көп алып, соның нәтижесінде есту мүшесі зақымданады. Табиғи қалпынан өзгереді немесе сынады. Сол үшін хирургке отопластика жасатуға келетін спортшы қауымның қарасы қалың. Сонымен бірге, оның пішінін өзгерту мен бет-әлпетіне жарасымды мінсіз құлақты қалайтын ер-жігіттер де жиі кездеседі. Құлаққа жасалатын бұл операция 210 мыңға дейін барады; 

– Әжімдерді жою және жасару. Бүгінде отасыз-ақ бет-әлпеттегі әжімді кетірудің бірнеше әдісі бар. Ең танымалы липофилинг, диспорт және гиалурон қышқылы иньекцияларын жасау. Бірақ олардың барлығы бет күтімі боп саналады әрі нәтижесі айтарлықтай байқалмауы мүмкін. Ал пышаққа түсіп, беттегі әжімді тарттыру бірнеше есе жасаруға мүмкіндік береді. Айтпақшы, отандық хирург бұл ретте блефаропластика арқылы қабақтағы артық теріден құтылуға болатынын да назарға салды. Оның көмегімен көз астындағы қапшықтарды жойып, бет келбетін жас әрі тартымды етуге болады. Оның бағасы 225 мыңды маңайлады;

– Липоксация. 40 жастан бастап ер-азаматтарды жиі мазалайтын мәселе іштің шығуы. Бұл дұрыс тамақтанбау мен салауатты өмір салтын ұстанбаудың нәтижесі. Дегенмен, хирургтер әп-сәтте іштегі артық майларды алдыруға болатынын айтады. Бұл процедура 1 млн.теңгеден басталады. Бірақ кейбір азаматтарға аталған операцияны жасау қауіпті көрінеді. Ал денеге толықтай липоксация жасату 8 млн.теңгеге жуықтайды.  

– Көптеген азаматтар бұл мәселені алға тартып келеді. Бірақ өте толық азаматтарға бұл отаны жасау қауіпті. Майды алу барысында оның терісі жыртылып немесе тігістер ажырап кету ықтималдығы жоғары. Сондықтан ондай азаматтарға салмақ тастап келуді, толық диетаға отыруды ұсынамыз, - дейді дәрігер.

– Модельдеу. Елімізде бұл операцияны жасату қымбат болғандықтан оны жасатуға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Десе де, ерлер көп жасататын операциялардың үздік бестігіне кіреді. Жасанды бұлшық ет пен пресс шығару, мінсіз дене-бітімін жасау көп ерлердің арманына айналған. Ауқаттылар жасататын ота 1,5 млн теңгенің айналасында екен. Алайда жылдар бойы ақшасын жинап, спортты емес, операцияны таңдайтындар кездеседі. 

«Перфекционист болуға болмайды»

Хирург мамандардың айтуынша, біздің елде ең жиі пластикалық ота көзге жасалады екен. Оның да өз сыры бар. Себебі, бұл операция аз уақытта әрі жеңіл жасалатынға ұқсайды. Ал ең қиыны бетке жасалатын ота. Елімізде пластикалық операцияға иек арту дамыған мемлекеттермен салыстырғанда едәуір аз. Десе де, отандық хирургтердің айына орта есеппен 2 млн.теңге табатынын ескерсек, ота жасатушыларды аз деп айту қиынның қиыны.

– Пластикалық операция жасаушылар расында ақшаны көбірек табады. Бірақ біздің міндет емдеу емес. Пациенттердің көбісі пластикалық отаға шарасыздықтан немесе өз-өзіне көңілі толмағандықтан келеді. Әрине, дәрігер ретінде пластикалық операциялардың барлығы сондай психологиялық күйзелістегі адамдар деп те айтуға құқым жоқ. Кейбір адамдар әдемі көрінгісі келетін қасиетке ие болады. Десе де, олардың өз идеалдары, өзі ойлап келген бір образ болады. Оны түсіну де, пациенттің түсіндіруі де оңай емес. Ал келушінің нені қалап тұрғанын ұқпай отаны бастауға болмайды. Тағы бір мәселе, отаны жасатушыға нәтиженің қандай болатынын жобалап ескерту. Бұл операциядан кейінгі жағдайды болжау дегенді білдіреді. Егер мұндай қабілетіңіз болмаса жұмыс істеу қиындық тудырады, - дейді Диана Шоманова.

Хирургтер жұмысы ота аяқталғаннан кейін басталады дейді отандық хирург. 10 жылдан аса уақыт осы салада жүрген ол операция нәтижесі сәтті шыққанша жаны тынышталмайтынын айтады. Ең сорақысы, пациенттің перфекционист болуы.

(Суретте: Пластикалық хирург Диана Шоманова)

– Әрбір операция тәуекелге толы. Сондықтан бұл пациентке бірнеше рет ескертіледі. Кейбір операция жасатушылар отадан кейін перфекционистке айналып жатады. Бұл – заңдылық. Ал нәтиже айтарлықтай нашар болса, оны реттеу хирургтың міндеті. Отаны жасаушыға қаншалықты күмән келтірсеңіз де отаны екінші рет басқа адамға жасату оң шешім емес. Өйткені, хирург қалай тіккенін, пациенттің терісін жақсы біледі. Егер хирург көңіліңізден мүлдем шықпаса ол сізді мықты мамандарға өзі жіберуі керек, - деді ол.

«Хирургтің кінәсін мойындату қиын»

Пластикалық операция кезінде ажал құшатындар да бар. Ал жапа шеккендер мыңдап саналады. Алматылық Бақберген Нұртілеуұлы да ота жасатып, өкініп жүргендердің қатарында. Оның сөзінше, құлағына жасатқан операция сәтсіз шығып, оның табиғи қалпынан да нашар шыққанын алға тартады. Бала күнінен бір құлағы екіншісінен өзгеше біткендіктен оны шаш өсіріп, жасырып келгенін айтады. Тек 18 жасқа келгенде хирургтің көмегіне жүгінген. 60 мың теңгеге жасалған ота ойындағыдай шықпапты.

– Пластикалық отаға жүгінуді бала күнімнен жоспарладым. Өйткені, екеуі екі түрлі болатын. Оны ылғи шашпен жасырып жүру де мүмкін емес. Содан осындай шешімге келдім. Бірақ құлақтарым бәрібір сол қалпы, біріне-бірі ұқсамайды. Содан әлгі хирургке көңілім толмайтынын айттым. Ол маған қайта жасату қажеттігін айтты. Бірақ қосымша ақыға жасатады екенмін. Кінә өзінен екендігін еш мойындамай, өзі уәде еткендей жасай алмады. Енді басқа клиника көмегіне жүгінетін шығармын. Әзірге бұл жайында ойланып жүрмін, - дейді отаға жүгінуші.

Ота қаупі

Кез-келген ота адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан бойдағы кемшілікті өзгертуге асықпаған жөн. Себебі, статистикаға сәйкес, пластикалық түзету жағдайларының 2-5%-ында операциядан кейінгі асқынулар пайда болады. Мұны дәрігерлер де қуаттайды. Пациентке жасалатын барлық ота түрлері тәуекелге барумен тең. Ал операциядан кейінгі ең көп таралатын асқынулардың ақыры өкінішпен аяқталып жатады. 

Инфекция. Абайсызда қолыңызды кесіп алсаңыз да оған мән бересіз. Медициналық спиртпен сүртіп, жоқ дегенде йодты пайдаланасыз. Дәл сол сияқты барлық ота кезінде скальпель қолданылатындықтан тері қабаттары зақымданады. Демек, қабыну процесі туындап, ағзаға инфекция тез түседі. Алайда антибиотиктер дәуірінде операциядан кейінгі инфекцияларға қарсы тұруға болады. Бұған тігістер мен зақымданған теріні дұрыс тазалау арқылы қол жеткізуге де мүмкіндік бар. 

(Суретте: Операция жасауға арналған құралдар)

Серома. Пластикалық отадан кейінгі екінші жиі болатын асқынудың түрі. Бұл іштегі артық майды алдыру кезінде орын алады. Яғни, тері астындағы қажетсіз зат алынған бос орынға сұйықтық жиналып, асқынуға әкеп соғады. Дегенмен, күні-бұрын уайымдамаңыз. Ол қаншалықты жағымсыз болса да, одан арылу жолы да соншалық жеңіл. Артық сұйықтық проблемасын шешу үшін операциядан кейінгі қуысты өте қарапайым дренаждау (сору) жолымен емдеуге болады.

Көгеру. Денеде көгерген жерлер мен тері астына қан құйылу операциядан кейін де болуы ықтимал. Бұл асқыну бетті тарту, ринопластика (мұрын) кезінде де орын алуы, тіпті маммопластика (кеуде), абдоминопластика (іш) кезінде де пайда болады. Хирургтар арнайы препараттарды қолдану мәселені толықтай шешеді деп сендіреді. Сондай-ақ, жарақатты қатты таңу да проблемадан құтылуға жағдай туғызады.

Пластикалық отадан кейінгі асқынулардың жиі орын алатын негізгі үш түрі осындай. Десе де, сымбатты көрінгісі келетіндер үшін бұл мәселе емес. Отандық хирург Диана Шоманованың айтуынша, бойындағы кемшіліктерді түзеуге келгендердің көбісі ескертпелерге құлақ аспайды. Сондықтан әрбір пациент сараптама жасатып, барлық қауіпті өз мойнына алуы тиіс. Өйткені, әрбір адамның ағзасы хирургиялық түзетуге түрлі реакция білдіреді. Операция жасатушының жасы, иммунитеті, гені мен бұрынғы аурулары да ескерілуі тиіс. Керек десеңіз, науқастың ерік-жігері де рөл ойнайды.

– Пластикалық ота қомақты қаржы тұрады. Бірақ оған бизнес көзі деп қараған жөн емес. Өйткені, келушіге ол операцияның қажеттілігі бар ма, оның денсаулығы көтере ме, отадан кейінгі өзгеріс оның көңілінен шыға ма деген сияқты сан сұраққа жауап іздейміз. Пациентке қауіп-қатердің бар екенін, оның ойлағанындай шықпауы мүмкін екенін алдын-ала ескертеміз. Өйткені, пациенттің ойындағы образ бір отамен шешілмеуі мүмкін. Мәселен, қысық көзді бір операциямен ұлғайтып беру мүмкін емес. Ал бұл өз кезегінде пациенттің жүйкесіне әсер етіп, психологиялық ауытқуларға апаруы ықтимал. Сонымен бірге, операцияға жүгінетіндерден 4-5 сараптама алынып, соның нәтижесіне сәйкес ота жасалады. Жалпы, алғанда операцияға дейін де пациент толық тексеріледі, - дейді ол.

Оның сөзінше, келеңсіздіктерге тап болмас үшін мынадай жайттарды ескеру керек:

1. Клиниканы емес, тәжірибелі дәрігерді таңдаңыз. Есіңізде болсын, ең жақсы хирург оның сертификаттарының санымен емес, ол жасаған операциялардың санымен бағаланады. Тіпті, жақын таныстарыңыздың ұсынысына да құлақ түргеніңіз абзал.

2. Шыншыл болыңыз. Операция кезінде барлық созылмалы аурулар қосымша асқынуларға соқтыру ғажап емес. Бұл туралы хирургке алдын-ала ескертіп, өз ағзаңыздың әлсіз жерлері туралы ашық айтып беріңіз.

3. Тексеруден өтіңіз. Күтпеген жағдайлардың орын алмауы үшін операция алдында: бүйрек, жүрек, бауыр сияқты мүшелерді тексерту керек. Қан сараптамасын міндетті тапсырыңыз.

4. Дәрігер нұсқаулығымен жүріңіз. Айталық, таңғыш пен денені қалыпты ұстап тұруға арналған тартқыштарды хирургтың рұқсатымен шешкен жөн. Ал дәрігер тағайындаған препараттарды қабылдау оң әсерін тигізетінін есте сақтаңыз.

Нұрбай Шәкім
Бөлісу: