Ерлан Қошанов: Жаңа Қазақстан дүниеге жарлықпен келмейді

16 Маусым 2022, 16:13 2175

Жаңа Қазақстан дүниеге жарлықпен келмейді, бірлікпен, ынтымақпен, қажырлы еңбекпен ғана келеді. Бұл туралы Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, - деп хабарлайды El.kz.

«Әділетті Қазақстанның басты көрінісі – әділ сайлау. Осы орайда Жаңа Қазақстанның алғашқы саяси науқаны бұрын-соңды болмаған ашықтық, әділдік жағдайында өткені мәлім. Референдум асқан белсенділікпен, әкімшілік күштеусіз, нығыздаусыз, халықты әбігерге салмай өткізілді. Оның қорытындыларын бұрындары елдегі сайлау үдерісін үнемі сынап келген халықаралық ұйымдардың өзі оң көзбен қабылдап, оң баға беріп жатыр. Тіпті, еліміздегі әсіре сыншыл топтардың өзі де өзгерістердің дұрыс жақта өрбіп отырғанын мойындауға мәжбүр болды. Бұның өзі айқындаған стратегиялық бағыттың дұрыс екенін дәлелдеп отыр. Жалпы алғанда, біз мынаны айқын түсініп-түйсініп алғанымыз абзал - заман түбегейлі өзгеріп жатыр», - деді Мәжіліс төрағасы. Қошановтың айтуынша, біз өмірдің өзгергенін, қоғамның өзгергенін ескере отырып, өзіміз өзгере бастауға міндеттіміз. «Жаңа Қазақстан дүниеге жарлықпен келмейді, бірлікпен, ынтымақпен, қажырлы еңбекпен ғана келеді. Бұл – баршамыздан зор жауапкершілікті, табандылықты, шынайылықты, принципшілдікті қажет ететін жауапты миссия», - деді Е.Қошанов. «Тарихи референдум елімізде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан сенімсіздік сеңін бұзып, билік пен халықтың арасындағы өзара сенімді нығайта түсті. Еліміздің болашақ тарихын айқындайтын маңызды құжаттың тағдырын шешуді Президент халқына сеніп тапсырса, халықтың дүйім көпшілігі өз көшбасшысына берген сенім мандатын жаңартты. Бұл – өзіне-өзі сенімді күшті билік пен өз тағдырын өз қолына ала бастаған ашық және жауапты қоғамның саяси серті. Біз бұл тағлымы зор таңдаудан – еліміздің ішкі және сыртқы саясатының дұрыс бағытта екенін анық көрдік! Конституциялық өзгерістер реформалардың соңы емес, үлкен жолдың, саяси трансформацияның басы ғана екенін жуырда Мемлекет басшысы Ғылым академиясында сөйлеген сөзінде айтқан болатын», - деді Ерлан Қошанов.

Бөлісу: