17.04.2025
18:21
25656
Ерлан Қарин сүйінші жаңалық айтты

Ерлан Қарин сүйінші жаңалық айтты

Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Президенттің тағы бір бастамасы жүзеге асырылғанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның халықаралық «Әлем жады» тізіміне енгізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында еліміздің деректі мұраларын сақтау бағытындағы жұмысты жандандыруға қатысты нақты тапсырма берген болатын. «Хандар шежіресі» қолжазбасы – XVIII ғасырда жазылған, ұзындығы 3 метрден асатын бүктеме қағаз түріндегі құжат.

ЮНЕСКО мойындаған бұл бірегей артефакт қазақ елін басқарған хандардың шежіресі бай екенін аңғартады. Сонымен қатар VI-XIX ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалардың шығу тегін және олардың өзге халықтармен қалай байланыс орнатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Бұған дейін ЮНЕСКО тізіміне Қожа Ахмет Яссауидің және оның шәкірттерінің қолжазбалары, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы туралы мұрағат материалдары, сондай-ақ Арал теңізінің мұрағат қоры енгізілген болатын, - деп жазды Ерлан Қарин.