Ерлан Қарин: "Мемлекеттік наградаларды атақты тұлғалардың атымен атау тәжірибесі көптеген елде бар"

26 Сәуір, 20:03 837

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мемлекеттік наградалар туралы заңға өзгерістер енгізілуіне қатысты пікірімен бөлісті. Бұл туралы Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ерлан Қаринның жазуынша, бұл – Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған үшінші заң. Бұдан бұрын вейптерге тыйым салу және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне қатысты заңға қол қойылды.

Енгізілген түзетулерге сәйкес «Айбын» орденінің дәрежелеріне аты аңызға айналған батырларымыз – Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімін беру көзделген. 

Мемлекеттік наградаларды атақты тұлғалардың атымен атау тәжірибесі көптеген елде бар. Мұндай қадам халық қаһармандарының есімін ұлықтауға, жалпыұлттық бірлікті нығайтуға және отаншылдық сезімді оятуға зор үлес қосады,- делінген жазбада. 

Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» орденінің дәрежелеріне ұлт батырларының есімін беруді ұсынды. Сондай-ақ Президент Талдықорғандағы әскери авиабазаға Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің есімін беру туралы мәселе көтерді. Бұл бастамалар келесі жылы 80 жылдығы атап өтілетін ортақ жеңіске өлшеусіз үлес қосқан соғыс және еңбек ардагерлеріне жасалған шексіз құрметтің белгісі.

Зарина Арман
Бөлісу: