Ерлан Әбіл: Мемлекеттік қызметшілер қазақ тілін өз деңгейінде білуі керек

5 Қыркүйек 2023, 21:00 790

Мемлекеттік қызмет саласында қазақ тілінің қолданыс аясын барынша кеңейту және насихаттау әрқашан өзекті болмақ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл «Тілім барда айтылар сыр ойдағы» мерекелік шарасында айтты.

Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткен шараның алғысөзін Академия ректоры Ерлан Әбіл бастап, мемлекеттік тілдің мәртебесіне және келешектегі тіліміздің қолданыс аясын дамыту мемлекеттік қызметшілердің негізгі міндеттерінің бірі екеніне тоқталып өтті.

«Тілге деген құрмет әрқайсымыздың жүрегіміздің төрінен орын алуы қажет. Мемлекеттік қызметшілер қазақ тілін өз деңгейінде білуі керек. Осы орайда Академияда мемлекеттік тілге баса назар аударылады. Көп жылдық тәжірибеге сүйеніп, «Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді оқыту тұжырымдамасын» әзірлеп, оның негізінде арнайы Qazaq Resmi Test жасадық.  Қазіргі таңда QRT еліміздегі ауқымды жобаларда қолданылып, тиімділігін көрсетіп келеді. Азаматтар қалаған уақытында ешқайда бармай-ақ, www.qrt.kz сайт арқылы тілді білу деңгейін анықтай алады. Академияға оқуға түсушілер құжат тапсырғанда міндетті түрде мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын сертификат тапсыруы қажет. Мемлекеттік қызмет саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын барынша кеңейту және насихаттау әрқашан өзекті болмақ», – деді ректор.

Сондай-ақ мерекелік іс-шарада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аппарат басшысы Әлібек Ахмедьяров құттықтау сөз сөйлеп, Агенттіктің ұйымдастыруымен өткен «Ең үздік шығарма» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. «Ең үздік шығарма» байқауына белсенді қатысқаны үшін Гүлжахан Үсенова «Алғыс хатпен» марапатталады. Академияның Басқару институтының магистранты Динара Жүнісова ІІІ орынды иеленгені үшін, Академияның Мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті дамыту орталығының басшысы Жанар  Тайжанова жүлделі  ІІ орынды, Агенттіктің Жұртшылықпен байланыс департаментінің бас сарапшысы Гаухар Ерқанатқызы І орынды  иеленгені үшін марапатталады.

Тілдік құзыреттілікті дамыту кабинетінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік кешке Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театрының өнерлі актерлері мен әншілері келіп, көрермендерге рухани-танымы мол шығармаларын орындап, жақсы көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар Академияның Модульдік оқыту бойынша «Мемлекеттік басқару» және «Өңірлік даму» мамандықтарының магистранттары белсенділік танытып, өнерлерін көрсетті.

Перизат Саденова
Бөлісу: