Етікші елдің соңы емес

10 Қараша 2018, 16:36 6107

Етікші  Сәбит Ибраевпен сұхбат

Өміріңізде тіс жұлдырып көрмеуіңіз мүмкін. «Атқа мініп көрмедім» десеңіз де сенуге бейілмін. Ал, «осы жасыма келгенше етігімді жөндетіп көрмеппін» десеңіз, кешіріңіз, сене алмайды екенмін.

 

Біздің қазақ біреудің сыртынан сөз айтуға шебер ғой. Байып кеткен, өз ісін дөңгелетіп отырған адам жайлы «Кезінде етік тігіп отырушы еді. Қазір екі дүкені бар. Сол ақшаны адал жолмен тапты дейсің бе?» деп біраз жерге апарып тастаймыз. Әйтпесе, етікші болу адамның қоры болу емес қой.

 

Мен, Қарағанды қаласындағы атақты Майқұдықта тұрамын. Атақты деуімнің де себебі бар. Себебі, Кеңес заманынынң өзінде қылмысы өршіп, барлық Одақтас Республикаларға белгілі болған мекен. Қала берді,  Майқұдықтан шығып, әлемді аузына қаратқан күрзі жұдырықты Генадий Головкинді білмейтін жан кемде-кем.

 

Осы Майқұдықтың 15-шағын ауданда Сәбит атты етікші бар. Мемлекетіміз 2017-2021 жылдар аралығында жаппай кәсіпкерлікке бет бұруды жоспарлап отыр. Ал, бұл ағамыз кәсіпкерлік кемесіне әлдеқашан мініп алған. Өзім бұл жерге  жылына кемінде  екі мәрте бас сұғамын. Бірде етік жөндетіп, бірде балаларымның сөмкесінің құлағын немесе түбін жаматып аламын.  Бірақ, әңгімеміз амандық-саулықтан әрі аспайтын.  Дегенмен, «осы ағамның бір саусағы бүгулі-ау. Бұл кісімен әңгімелесу керек еді» деп  іштей  ойлайтынмын.

- Ассалаумағалейкум, аға! Сіздің алдыңызға келген сайын сөйлесудің сәті түспеуші еді. Сіз екеуміз аз кем сырлассақ қайтеді? Маған мысалы, сіздің  етікшілікке қалай келгеніңіз қызық.

- Жұрттың етігін жамап отыратын адамда не қызық болсын? «Қызық» деп базарда сауда жасайтын адамдардың тұрмысын айтуға болатын шығар. Алдарынан күніне мыңдаған адам өтеді. Таңның атысы келеміз, кештің батысы үйімізге қайтамыз. Бір сыдырғы өмір ғой біздікі.

- Сізді көрген сайын бойыңызда бүккен бір сыр барын байқаймын. Қай жақтың тумасысыз?

- Мен – Қарқаралы ауданы, «Бірінші май» ауылының тумасымын. Есімім - Сәбит, фамилиям - Ибраев. Жаңа «етікшілікке қалай келдіңіз?» деп қызықтадың ғой. Бала кезімнен етікші болуды армандадым десем сенбейсің және оның дұрыс. Қай бала етікші болуды армандасын?  Мені етікшілікке әкелген  ертегіге бергісіз тоқсаныншы жылдар ғой. Тоқсаныншы жылдары сендер баласыңдар. Ол кезде біреуді түрмеге, біреуді көрге тура әрі жылдам  апаратын жол көп еді. Мені Құдай сақтап, етікшілікке әкелген екен. Ауылда өз пимамыздың табанын өзіміз табандап жүруші едік қой. Сол тәжірибеміздің арқасында аш қалмадық.

- Сонымен, алмағайып тоқсандарға дейін қайда қызмет еттіңіз, кім болдыңыз?

- Кәсіби фотограф едім десем сенесің бе? 1986-1990 жылдар арасында осы мамандық бойынша жұмыс істедім. Қазіргі жас балалар секілді фотоаппарат сатып ала салып, фотограф болып кеткен жоқпын. Жарты жылдық оқуын осы Қарағандыда оқыдым. Ол кездерде фото шығару дегеніңіздің өзі машақат жұмыс-тын. Қараңғы бөлме, су құйылған ыдыстар дегенді сендер елестете де алмайтын шығарсыңдар. Ал, бізді қалай оқытушы еді? Фотосуретіңнің сыртқы жиегінің әрбір миллиметріне дейін дәл болуын қадағалайтын. Көрсетілген нормадан артық не кем болса, ана фотоң қанша керемет болғанымен жыртып-жыртып алдыңа тастайтын.

Біздің ауылда тон тігетін цех болды. Мен ол жерде де шамалы жұмыс істедім. Тонды өзің сызып, пішіп, екі күн дегенде бір тон тігіп отыратынбыз. Ол жерде әрине, сенен басқа да адамдар болады. Әйтпесе, бір адам бір тонды екі күнде тіге алмайды ғой.

- Қазір тойларда фотоға түсірушілер жаман табыс таппайды. Сол жігіттердің өнеріне баға берсеңіз?

- Тойда жүргенде кейде қызықтап сұрайтыным рас. Сонда біреуі «ағамнан үйрендім» десе, енді біреуі «бұның не үйренетіні бар?» деп өзіме сұрақ қояды. «Бір ай курста оқыдым» дегендері де кездесті. Қазір, фотоға түсіру және шығару кәдімгідей дамып, қиындығынан арылған мамандық қой. Сонда да ракурс таңдау, фон таңдау, адамдарды киіміне, бойына қарап орналастыру деген шаруаларды фотограф меңгеруі тиіс. Адамның жағасы қисық болса, көйлегі ышқырынан шығып тұрса, ескерту айтуыңыз керек. Қазіргі жастарға бәрібір. Чықылдатып фотоға түсіріп, шықырлатып ақшасын санап кете береді. Осы істі жан-тәнімен сүйіп, осыдан нәпақа тауып жүрген жігіттер бар шығар. Бірақ,  ондай жанкештіні тойдан іздемеу керек.

- Алдыңызға қандай аяқ киімдер жиі келеді? Еркектерге қарағанда әйелдер аяқ киімдерін күтіп киетін болар?

- Негізі жиі келетін етік балалардың етігі. «Липучкасын» ауыстыру, тұмсығын тігіп беру дегендей «диагноздар» қойылады оларға. Ал, еркек пен әйелге келер болсақ, елу де елу дер едім. Бұл етіктің сапасына да байланысты шығар.

- Қымбат аяқ киімдерді жөндеген кезіңіз болды ма?

- Мен мына «точкамда» бес жылдан бері отырмын. Оның алдында қала жақта болғанбыз. Ол жерге қалталы азаматтар үлкен супермаркет салатын болғандықтан біз жан-жаққа бытырап кеттік.  Қала жақта жұмыс істегенімде 50-60 мыңдық аяқ киімдердің де тұмсығы ашылып кеткенін көрдік. Көбісінің реңі сыр бермегенмен өкшесі желініп қалады. Бұл адамның аяқ басуына байланысты дүние ғой. Өкше айырбастап беру, өкшеге нәл қағып беру деген секілді жұмыстарды жасайтынбыз. Әрине, қымбат аяқ киімді жөндеуің де қымбат.

Ал, мына ауданда бағаңды шарықтата алмайсың. Адамдардың жағдайына байланысты етіктерінің сапасы да нашарлау болады. Кейде, жөндейтін жері де қалмаған етіктер келеді алдыма. Ананы жөндегенше жаңа етік алған дұрыс секілді. Бірақ, әкеліп тұрған адамның жағдайы жаңа аяқ киімге келмейтінін түсінесің де жөндеп бересің. Біреулер өлердегі сөзін айтып, қарызға да жасатып жатады. Қарызын қайтаратындар да бар. Таныса да танымағандай өтіп кететіндер де бар. Олардың барлығының артынан жүгіре беруге менің уақытым да, ниетім де жоқ.

- Етікшілікпен отбасыңызды асырап отырсыз ғой. Әлде, басқа да табыс көзіңіз бар ма?

- Басқа табысым жоқ. Аяқ киім жөндеу, қайшы-пышақтарды қайрау дегендей ұсақ-түйек шаруалар ғой. Бірақ, Құдайға шүкір, осымен бала-шағамды асырап отырмын. Той-томалағымнан да, басқасынан да осы етікшілігімнің арқасында қалып көргенім жоқ. Біреулер «өзіңе өзің бастықсың. Саған рахат қой. Кеш барып, ерте қайтам десең де өзің білесің» дейді. Мен таңғы тоғыздан, кешкі алтыға дейін осы жерде жұмыс істеймін. Түскі асыма үйге жүгіріп барып келетінім бар. Егер, мен қалаған уақытымда келіп, қалаған уақытымда қайтар болсам менің бала-шағамды кім асырайды? Менің қалыптасып қалған тұтынушыларым бар. Күнделікті тапсырыстарды «қалай болса солай режимімен»  жұмыс істесең орындай алмай қаласың.

- Етікшіліктің де өз қызықтары бар шығар? Мәселен, аяқ киім ауысып кету дегендей...

- Бауырым-ау, оның несі қызық?! Ол қызық емес, үлкен проблема!  «Тіфә-тіфә» деп түкіріп қояйыншы. Менде ондай мәселе туындамапты. Бірақ, таныс жігіттердің басынан өткен бұндай оқиға. Ондай кезде жаматуға әкелген арзан етік қолтырауынның терісінен тігілген болып шыға келеді. Ауыстырып алған адам өзі әкеліп тастамаса,   «етік менікі емес» деген адамға етігінің жарты бағасын беріп құтыласың. Мың жарым теңге табамын деп, кемі 20-25 мыңның етігін алып бересің. Бұндай қызықтан Алла сақтасын!

 

Сурет автордікі

Бөлісу: