02.04.2026
12:42
262

Ереже бұзсаң – психотест: Сенат жүргізушілерге жаңа талап ұсынды

Қазақстанда жол қауіпсіздігі мәселесі тағы да қоғамның өткір талқысына түсті. Алматыдағы адам өлімімен аяқталған жантүршігерлік жол апатынан кейін билік тарапынан бақылау күшейіп, жауапкершілікті арттыруға бағытталған жаңа ұсыныстар айтыла бастады. Соның ішінде ең көп талқыланған бастамалардың бірі – жол ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді психологиялық тестілеуден өткізу.

Қайғылы оқиға және күшейтілген бақылау

21 наурызға қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апаты үш адамның өмірін қиды. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан электромобиль қарсы жолаққа шығып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан көлікпен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы – 20 және 22 жастағы қыздар оқиға орнында көз жұмды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәліге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр. Күдікті жарақат алып, қазір медициналық мекемеде күзетпен жатыр.

Осы қайғылы жағдайдан кейін Алматыға еліміздің түрлі өңірлерінен полиция қызметкерлері тартылғаны белгілі болды. Ішкі істер министрінің орынбасары Бауыржан Әленов бұл әрекетті «жоспарлы шара» деп түсіндірді.

Қандай да бір тазалау жүріп жатыр деп айтудың қажеті жоқ. Бұл – жоспарлы жұмыс. Мұндай шаралар Астанада да, басқа өңірлерде де жүргізіледі. «Аңшылыққа» шықпаймыз, – деді ол.

Сонымен қатар ол жолдағы қауіпсіздік тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті.

Сенаттағы ұсыныс: айыппұл жеткіліксіз

Жол апаттарының жиілеп кетуі Сенат мінберінде де көтерілді. Депутат, полиция генерал-лейтенанты Марат Қожаев жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілерге қатысты жазаны күшейтуді ұсынды.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда айыппұлдар өз тиімділігін жоғалта бастаған.

Кейбір жүргізушілер әкімшілік айыппұлды қауіптің алдын алу деп емес, тек «шығын» ретінде қабылдайды және бұл қорқынышты жайт. Себебі жүргізуші ережені бұзуды тоқтатпайды, тек оны айналып өтуді үйренеді, – деді сенатор.

Ресми деректерге сүйенсек, жол-көлік оқиғаларының 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болады. Оның ішінде ең негізгі себеп – жылдамдықты шамадан тыс арттыру.

Камерадан қашқан жүргізуші – қауіптің көзі

Қожаев қазіргі бақылау жүйесінің де әлсіз тұстарын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда жолдарда белгілі бір аумақты ғана бақылау әдісі қолданылады, яғни жүргізуші камера тұрған жерге жақындағанда жылдамдығын баяулатып, кейін қайтадан арттырады. Осылайша, ережені сақтаудың орнына, жүйені алдауға ұмтылады.

Жүргізуші ережені сақтауды емес, камераны айналып өтуді үйреніп жатыр. Ал жылдамдық белгілі бір нүктеде емес, бүкіл жол бойында сақталуы тиіс, – деді ол.

Сенатор осыған байланысты қала ішінде де орташа жылдамдықты өлшейтін жүйені енгізуді ұсынды.

Ең басты жаңалық: психологиялық тест

Ең маңызды әрі жаңа ұсыныс – жол ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге қатысты кешенді бағалау енгізу.

Сенатордың пікірінше, мәселе тек айыппұлмен немесе құқықтан айырумен шектелмеуі керек. Жүргізушінің мінез-құлқы, тәуекелге бейімділігі, агрессия деңгейі де ескерілуі тиіс.

Біз тек құқық бұзушылық фактісін тіркеумен шектелмеуіміз керек. Жүргізушінің мінез-құлық моделін, оның жол қозғалысына қауіпсіз қатысу қабілетін кешенді түрде бағалау қажет, – деді Қожаев.

Осыған байланысты жүйелі түрде ереже бұзатын азаматтарға:

  • психологиялық тестілеу жүргізу;
  • агрессивті және тәуекелге бейім мінез-құлқын анықтау;
  • қайта тексеру мен қосымша бағалау енгізу ұсынылды.

Бұл тәсіл халықаралық тәжірибеде қолданылып келеді және жүргізушінің тек техникалық емес, психологиялық дайындығын да бағалауға мүмкіндік береді.

Ереже бұзбайтындарға бонус берілуі мүмкін

Сенатор жазаны күшейтуді ғана емес, жүйені толық өзгерту қажеттігін айтты. Оның ұсыныстарының қатарында:

  • айыппұлды жеңілдетіп төлеу мүмкіндігін алып тастау;
  • қайта емтихан тапсырмайынша көлік жүргізуге шектеу қою;
  • қайталанған жағдайда ұзақ мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру;
  • өрескел бұзушылықтар үшін әкімшілік қамау енгізу бар.

Сонымен қатар тәртіпті жүргізушілерді ынталандыру да назардан тыс қалмауы тиіс. Мысалы:

  • сақтандыру құнын төмендету;
  • түрлі жеңілдіктер беру;
  • адал жүргізушілерге бонустық жүйе енгізу.

Қоғамдық жауапкершілік қай деңгейде?

Сарапшылардың айтуынша, жолдағы қауіпсіздік тек заңмен емес, мәдениетпен де тікелей байланысты. Қазіргі жағдайда көптеген жүргізуші жылдамдықты асыруды «қалыпты құбылыс» ретінде қабылдайды.

Ал бұл көзқарас өзгермейінше, қандай да бір жаза толық нәтиже бермейді. Алматыдағы қайғылы оқиға – осының айқын дәлелі.