Ерекше қажеттілігі бар балаларға бүкіл жағдай жасалуы тиіс – Әлихан Смайылов

10 Наурыз 2023, 18:37 2410

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Алматыға жұмыс сапары аясында Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығы мен Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы құрылысының барысымен танысып, «CHAMPION» жаңа спорт кешеніне барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

350 төсек-орынға арналған Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының құрылысын 2023 жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр. Стационардан басқа, онда ғылыми-зерттеу және оқу орталықтары, зертханалар, медициналық университеттердің кафедралары және т. б. орналасатын болады.

Жаңа орталықта жұқпалы аурулар, пульмонология және фтизиатрия саласында сапалы медициналық көмек көрсетіледі, зерттеулер жүргізіліп, мамандар оқытылады, озық медициналық технологиялар пайдаланылып, дәрілік препараттар сыналады. Бұдан басқа жаңа нысан базасында республикадағы эпидемиологиялық ахуалды бақылау үшін ахуалдық орталық ашу жоспарлануда.

Премьер-Министр ДДҰ мәліметтері бойынша жыл сайын 2 млрд адам жұқпалы аурулармен ауырып, 50 млн-нан астам адам қайтыс болатынын айтты.

«Орталықтың ашылуы туберкулезден ғана емес, жалпы басқа да жұқпалы аурулардан, оның ішінде аса қауіпті аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік береді. Алматы әкімдігі орталықты ашу мәселесін ерекше бақылауда ұстауы қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова денсаулық сақтау саласын дамыту аясында 2025 жылға дейін полиорталықты қағидаты бойынша 16 емхана салу жоспарланып отырғанын, онда республикада алғаш рет МСАК бірыңғай стандарты енгізілетінін баяндады. Бұл 300 мыңнан астам адам үшін алғашқы медициналық қызметтерді қолжетімді етеді.

Бұдан басқа, 2030 жылға дейін қолданыстағы 25 көп салалы және мамандандырылған стационардың инфрақұрылымы кезең-кезеңмен жаңғыртылатын болады. Сондай-ақ 5 көп салалы стационар (нейрохирургия, инсульт орталығы, эндопротездеу, травматология және ортопедия) базасында арнайы орталықтар құру және басқа да бірқатар қадамды іске асыру жоспарлануда.

Содан кейін Премьер-Министр салынып жатқан Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығына барды, онда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер қосымша білім ала алады. Мұндағы үйірмелерде балалар ғылым мен техника, музыка, шығармашылық, тіл және спорт сияқты бағыттар бойынша өзін-өзі дамыта алады. Сонымен қатар орталықта психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейтін болады.

Әлихан Смайылов қала әкімдігіне қосымша білім беру саласындағы көшбасшылықты одан әрі нығайту үшін тиісті орталықтар желісін арттыру, оқушыларды тегін үйірмелермен, спорт секцияларымен және аула клубтарымен қамтуды кеңейту қажет екенін атап өтті.

Одан кейін Премьер-Министр қайырымдылық бастамасы аясында салынған «CHAMPION» жаңа спорт кешеніне барды. Онда бассейн, ойын және спорт залдары, бес фитнес аймақ, кафе және т.б. бар. Спорт кешені күніне 700 адамға дейін қызмет көрсете алады. 

Жоба әртүрлі форматтағы жаттығулар мен жарыстарды өткізу, сондай-ақ ниет білдірушілердің барлығына, әсіресе әлеуметтік осал топтағы балаларға спортпен шұғылдануға мүмкіндік беру үшін іске асырылды.

Әлихан Смайылов мұндай әлеуметтік жобаларға жеке инвестицияларды тарту аса маңызды екенін атап өтті, өйткені бұл Алматыны салауатты өмір салтын ұстанатын қала ретінде нығайтуға үлес қосады.

«Алматылықтар спортпен шұғылдануды жақсы көреді. Жылдан жылға жалпы дене шынықтырумен айналысатын адамдар саны артып келеді. Бұл үрдісті қолдау керек. Әкімдік ересектер мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға да назар аударуы керек. Олар үшін салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде спортпен шұғылдану және оңалту үшін барлық қажетті жағдай көзделуге тиіс», — деді Премьер-Министр.

EL.KZ
Бөлісу: