Туризм саласын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Облыс әкімдерінің орынбасарлары мен өңірлік туризм басқармаларының өкілдерімен өткен кеңесте министр саланы жүйелі түрде дамытуға бағытталған Жол картасын іске қосу аясында бірқатар тапсырма берген.
«Мемлекет басшысы Жолдауында өңірлерге туристік инфрақұрылымды кешенді дамыту бойынша жауапкершілік жүктеді. Бұл міндетті орындау үшін жергілікті атқарушы органдардың, бизнес пен уәкілетті мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы қажет. Министрлік өз тарапынан әдістемелік қолдау көрсетеді. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасын орындау аясында шетелдік туристерді тарту мен заңнамалық базаны жетілдіру бағытында жүйелі жұмысты жалғастырады», – деді министр.
Қазіргі таңда министрлік заңнамаға «курортты өңір» ұғымын енгізуді және міндетті талаптардың орындалуын бақылау жүйесін құруды ұсынып отыр. Жоспарда туристік жобаларға инвестициялық преференциялар мен жеңілдетілген несиелеуді қамтитын арнайы құқықтық режим енгізу бар.
Біздің мақсатымыз – Қазақстанды жыл бойы туристерді қабылдай алатын, жоғары қызмет көрсететін, қауіпсіз инфрақұрылымы мен тұрақты экологиялық үлгісі қалыптасқан туристік бағытқа айналдыру. Осы мақсатта біз жаңа құқықтық тетіктерді енгізіп, бизнесті қолдауды күшейтіп, инвестиция тартуға күш саламыз, - деді министр.
Аталған шараларды жүзеге асыру және Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде әзірленген Жол картасын жүзеге асыру туристер үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, қызмет сапасын жақсартуға және Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші туристік бағыт ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.