Ералы Тоғжанов: Су тасқынынан зардап шеккен бір де бір отбасы қолдаусыз қалмайды

17 Мамыр 2023, 15:50 953

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Биылғы жылы өңірде су тасқынынан Қобда ауданының Қобда ауылы мен Ойыл ауданының Қаратал ауылы зардап шеккен болатын.

Зардап шеккен отбасыларға барлық қажетті көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта Қобда ауылында 24 үй, оның ішінде 6 екі пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. 30 отбасы жаңа баспанасына көшеді. Комиссия жұмысы аяқталмағанына қарамастан, ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында Қобда ауылындағы 75 отбасы және Қаратал ауылындағы 11 отбасы 500 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. Біз уәде еткендей, бірде-бір отбасы қолдаусыз қалмайды, - деді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, арнайы комиссия барлық ғимараттар мен өзге де нысандарды тексергеннен кейін зардап шеккендер залал сомасы туралы сарапшылардың қорытындыларына сәйкес толық көлемде көмек алады.

Су тасқыны салдарын жою мақсатында Қобда және Ойыл аудандарында жергілікті маңызы бар 25,2 шақырым автожолды, 4 көпірді жөндеу, 3 бөгетті нығайту және 26 су өткізу құбырын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, зардап шеккен мектеп ғимараты мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін күрделі жөндеу қарастырылған. Сонымен қатар, Ойыл ауданының екі ауылында бей-жай қарамайтын азаматтардың қатысуымен екі бөгет салу жоспарлануда.

 

Мария Алимбаева
Бөлісу: