02.12.2025
11:34
71
Ер жүрек әкенің тәрбиесі: Арманжан Әбдібековтің таңдауы мен тағдыры

Ер жүрек әкенің тәрбиесі: Арманжан Әбдібековтің таңдауы мен тағдыры

Қазақ арасында «Әке көрген оқ жонар» деген терең мағыналы тәмсіл бар. Бірі – әкенің қалдырған жолын жалғастырып, соның игілігін арттырса, енді бірі – әке аманатына адал болуды таңдаған кәсібімен байланыстырады. Қоғамның тыныштығын қорғап, қылмыспен күресіп, ел қауіпсіздігін сақтауда күні-түні еңбек ететін полиция қызметкерлерінің орны әрқашан бөлек. Халық үшін жанын шүберекке түйіп, ерлікпен қаза тапқан батыр Ғазиз Байтасовтың ұлы Арманжан Әбдібеков те әке жолын лайықты жалғастыруды мақсат етіп, құқық қорғау саласын таңдаған жандардың бірі.

Арманжан Ғазизұлы 2000 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Білім негізін осы қаладағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясынан алып, кейін білімін жалғастыру мақсатымен Алматыға жол тартады.

– Отбасымызда екі ағайындымыз. Қазір өзім үйлі-барандымын, бір перзентім бар. 11-сыныпты тәмамдаған тұста мамандық таңдауда көп ойланған жоқпын. Себебі бала күнімнен-ақ құқық қорғау саласында қызмет етуді армандайтынмын. Әкемнің формасына қызығып, ұзақ қараған кездерім есімде. Бізге деген ықыласын білдіру үшін кейде өз формасын киіп суретке түсуге рұқсат беретін. Әкем өз ісін ерекше сүйетін, Отан алдындағы борыштың қасиетті екенін үнемі айтып отыратын. Сондықтан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түстім, – дейді Арманжан Әбдібек.

2021 жылы университетті аяқтаған соң, ол ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау академиясына қабылданып, екі жылдық білімнен кейін прокуратура органдарында қызметін бастайды. Бүгінде Жамбыл ауданы прокуратурасында аға прокурор қызметін атқарып, жауапкершілігі зор міндетті абыроймен орындап жүр. Жас болса да, Арманжан жүріп өткен жолымен көпке үлгі бола білді. Оның әкесі – ел үшін жанын қиған, ерлігі ел есінде мәңгі қалған батыр еді.

2011 жылдың 12 қарашасындағы Тараз қаласында орын алған қайғылы оқиғаны жұртшылық әлі күнге ұмытқан жоқ. Сол күні облыстық полиция департаментіне қарасты жол-патрульдік полиция батальонының взвод командирі болған Ғазиз Байтасов қалада орын алған террорлық әрекетке қарсы тұрып, азаматтардың өмірін қорғау жолында қаза тапты. Қауіп төндірген Мақсат Қариевті тоқтату барысында Ғазиз Байтасов ештеңеден тайсалмай, қылмыскердің соңынан қуып, атыс кезінде ауыр жараланады. Соған қарамастан, қарсыласына қарсылық танытып үлгереді. Террористің қолындағы гранатаны байқап, оны залалсыздандыруға ұмтылған сәтте жарылыс болып, батыр өз өмірін құрбан етеді. Ел тыныштығы үшін жанын қиған полиция капитанына ҚР Президенті «Халық қаһарманы» атағын берді.

Арманжан әкесінің ерлігі жайлы былай дейді:

– Полиция қызметкері болу – кез келген адамның қолынан келе бермейді. Қауіпті жағдайлармен бетпе-бет келіп, ел үшін жанын қиюға дайын болу – үлкен ерлік. Сондықтан бұл салада қызмет ететін әр адамға құрметім ерекше. Әкемнің жүріп өткен жолы, Отанға деген адалдығы менің де мамандық таңдауыма әсер етті. Қазақ «Өмірде екі рет қателеспе: бірі – мамандық таңдауда, екіншісі – жар таңдауда» дейді ғой. Мен мамандығымды шын жүрегіммен жақсы көремін және оған адал қызмет етуге тырысамын, – дейді ол.

Асқар таудай әкенің аманатын арқалаған Арманжан бүгінде әр қадамын салмақтап, атына кір келтірмеуді басты міндет санайды. Ел алдындағы жауапкершілікті сезіну – оның өмірлік ұстанымына айналған.

Патриотизм – туған жерге деген сүйіспеншілік, ана тіліне құрмет, ел мүддесін қорғау және мемлекет дамуына үлес қосу. Арманжанның айтуынша, жас ұрпақтың бойында осы қасиеттерді қалыптастыру үшін ең алдымен отбасыда дұрыс тәрбие берілуі керек. «Отан отбасыдан басталады» деген сөзді алға тартқан ол шаңырақ ішінде ел болашағы жайлы сөйлесіп, өз ісіміз арқылы үлгі болу маңызды екенін айтады.

Бүгінде батырдың ерлігін ұмытпау мақсатында Тараз қаласындағы Қазыбек би көшесіне ескерткіш тақта қойылып, Тектұрмас маңындағы бейіт басына биік граниттен ескерткіш орнатылған. Түймекент ауылындағы орта мектепке оның есімі берілді. Қаланың бір көшесі батырдың атымен аталады. Полиция департаменті ғимараттарында «Ерлік бұрыштары» ашылып, оқу-жаттығу полигонына да оның есімі берілді.

Иә, халық тыныштығы үшін жанын аямайтын құқық қорғау саласының қызметкерлері әрдайым құрметке лайық. Арманжан Әбдібековтің де болашақта білікті маман болып, елге адал қызмет ететініне сенім мол.