Ер азаматтарға да буллинг жасалады: депутат дауға айналған пікірін түсіндірді

27 Қыркүйек 2023, 14:42 1088

Мәжіліс депутаты Амантай Жарқынбек «тұрмыстық жанжал үшін әйелдер де жауапкершілікке тартылуы керек» деген мәлімдемесін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Менің айтқым келгені, жауапкершілікті тең бөлу керек. Жасыратыны жоқ, кейде ер азаматтарға да буллинг жасалады. Нақты деректерді келтіре алмаймын. Дегенмен қоғамда көріп жүргеніміздей, әйел адамдар да ерлеріне қысым жасайды. Бірақ мұндай деректер көп емес. Әйелдерді қамасын, оларға айыппұл салсын дегенді заңға ұсыну үшін айтып отырған жоқпын. Бұл пікір болды, - деді депутат Мәжіліс отырысынан кейінгі кулуарда.

Депутат отбасылық жанжалға медиация институты мен ақсақалдар алқасы қатысуы керек екенін айта кетті.

Отбасылық жанжалға медиация институты мен ақсақалдар алқасының араласуын қолдаймын. Бірақ, өкінішке қарай, біз қалаған ақсақалдар алқасы өңірлерде жеткіліксіз. Әрине, медиациямен де бұл процестің қалай жүретініне біз кепілдік бере алмаймыз. Бірақ жастардың бітімге келуіне мүмкіндік беру керек деп ойлаймын, - деді ол.

Депутаттың айтуынша, ер азаматтардың 50 пайызы бұл пікірді қолдаған.

Кез келген жанжалда ер адамды ғана жазалауымыз керек деген дүниеден арылуымыз қажет. Бұл жерде инспекторлар айқай-шу болды деген желеумен ғана келіп шешім шығару емес, нақты кімнің кінәлі екенін көрсететін адами көзқарас керек. Мен алдағы уақытта бұл заң жобасын қолдаймын. Ұсыныстар болса енгіземіз. Неге біз бір жақты ғана шара қолдана береміз? Екеуіне де қолдану керек деген дүниені айтып отырмын, - деді.

Журналистер «бұл жағдайда балалардың мәселесі қайда қалады?» деп сұрады.

Егер әйелге расымен қандай да шара қолданылатын болса, онда ол дүние заңда ескеріледі деп ойлаймын. Неғұрлым медиацияны көбейту керек деп айтар едім. Бір рет қана кездесіп бітімге келу аз. Отбасында «ыдыс-аяқ сылдырлаған» сайын бітімге шақырып отыру керек және медиаторлар кемінде 3 рет кездесу өткізуі керек, - деп жауап берді.

Айта кетейік, депутат Амантай Жарқынбек Мәжілістің комитет отырысында тұрмыстық жанжал үшін ер азаматпен қатар әйел де 15 күнге қамалуы керек екенін айтқан болатын.

Миражан Махан
Бөлісу: