Энтони Блинкен Орталық Азияның Сыртқы істер министрлерімен кездесті

28 Қыркүйек, 19:29 392

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы шеңберінде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов және Түрікменстанның Министрлері Кабинеті Төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовтың қатысуымен «С5+1» министрлік кездесуі өтті.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары қауіпсіздік саласындағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу, оның ішінде трансұлттық сын-қатерлерді шешу, экономикалық әл-ауқат және әйелдер құқықтарын кеңейту, балалар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарды қорғауды қоса алғанда адам құқықтарын ілгерілету үшін «С5+1» өңірлік платформасының маңыздылығын қайта растады. Қатысушылар «С5+1» мемлекет басшылары Саммитінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген және Нью-Йорк декларациясында көзделген уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Сөз сөйлеу барысында СІМ басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік геосаяси ландшафттағы Орталық Азияның рөлі туралы көзқарасымен бөлісті. Атап айтқанда, ол өңір мемлекеттерінің негізгі басымдықтары дәстүрлі және жаңа қауіп-қатерлерге қарсы күресте түйінді мәселелерді шешудің кешенді тәсілдерін іздеу, сондай-ақ ден қою шараларын әзірлеу екенін жеткізді.

М.Нұртілеу тамыз айында Астанада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуі өңірдегі интеграциялық үдерістер мен экономикалық өзара байланысты одан әрі нығайтуға ықпал еткені туралы пікір білдірді.

Сонымен бірге барлық азаматтар үшін елеулі нәтижелерге қол жеткізуге баса назар аудара отырып, бірінші кезекте адами капиталға бағытталған Қазақстандағы саяси өзгерістерге ерекше назар аударылды. ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын ілгерілету бойынша «С5+1» отырысын өткізудің маңыздылығын көрсетті.

Мемлекеттік хатшы Э.Блинкен 2025 жыл «С5+1» платформасы шеңберінде АҚШ пен Орталық Азияның берік ынтымақтастығының он жылдығымен белгіленетінін атап өтіп, АҚШ-тың өңір елдерімен әріптестікте жаһандық мәселелердің өңірлік шешімдерін іздеуге бейілділігін атап өтті.

Кездесуге қатысушылар практикалық қорытындылары экономикалық өсудің драйвері бола алатын «В5+1» платформасын және Сыни минералдар бойынша диалогты іске қосу бастамасының уақытылылығын баса айтты.

Зарина Арман
Бөлісу: