02.08.2025
11:39
598
Энн Хэтэуэйдің Голливудтағы жаңа белесі

Энн Хэтэуэйдің Голливудтағы жаңа белесі

2026 жыл Энн Хэтэуэй үшін ең өнімді әрі маңызды кезең болғалы тұр. Ол алты бірдей жобада бой көрсетіп, Голливуд сахнасында жаңа белестерді бағындырып жатыр. «Дьявол носит Prada 2» секілді культті жалғастан бастап, Ноланның «Одиссеясына» дейінгі әрбір рөл актрисаның мансабында жаңа кезеңге жол ашты. Бұл материалда Хэтэуэйдің соңғы жобаларына шолу жасап, оның экрандағы жаңа бейнесін талдаймыз, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

The Devil Wears Prada

2006 жылы жарық көрген «Дьявол носит Prada» фильмі — Энн Хэтэуэйдің шығармашылық жолындағы шешуші кезең. Бұған дейін романтикалық комедияларда көрінген актриса осы рөл арқылы өзін жаңа қырынан көрсетті. Университетті енді аяқтаған, жазуға құмар жас журналист Энди Сакстың образында ол күрделі эмоциялық трансформацияны шебер жеткізді.

Сюжетке сәйкес, Энди сән индустриясына кездейсоқ қадам басып, атақты журналдың бас редакторы — Миранда Пристлидің көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Сән әлемінен алыс, бірақ кәсіби идеалдары жоғары қыз үшін бұл орта бөтен әрі қатігез. Алайда сол орта оның ішкі ұстанымдары мен өмірлік жолын қайта ой елегінен өткізуге мәжбүрлейді.

Мерил Стриптің Миранда рөліндегі суық харизмасы, Хэтэуэйдің шынайы ойыны және шебер жазылған сценарий — бәрі бұл картинаны заманауи классикаға айналдырды.

Фильмнің бюджеті 35 миллион долларды құраса, әлемдік табысы 326 миллион долларға жетті. Мерил Стрип бұл рөлі үшін «Оскар» номинациясына ие болды, ал Энн Хэтэуэй Голливудтағы жаңа буын актрисаларының көшбасшылары қатарынан көрінді.

Фильм тек сән индустриясының жарқыраған, бірақ қатыгез шындығын көрсетіп қана қоймай, адам мен мансап, еркіндік пен ыңғайға көну арасындағы күрделі таңдаулар туралы терең ой тастайды.

20 жыл өткен соң Энди мен Миранда экранға қайта оралады. Disney студиясы 2026 жылдың 1 мамырында фильмнің жалғасы жарық көретінін растады. Жаңа бөлімнің сценарийі құпия сақталғанымен, бірнеше нұсқа талқылануда.

Басты шабыт ретінде Лорен Вайсбергердің «Месть носит Prada» романы қарастырылып отыр. Бұл шығармада Энди сән әлемінен кеткен соң, өткеннің құпиясы оны тағы да Мирандамен жолықтырады. Тағы бір сценарий бойынша, сюжет Миранда мен Эмили арасындағы билік күресіне құрылмақ: Эмили енді ірі жарнама агенттігінің жетекшісі, ал Миранда банкрот болудың алдында тұрған журналын құтқару үшін бұрынғы көмекшісімен мәмілеге келуге мәжбүр.

2025 жылдың 30 маусымында 20th Century Studios сиквелде негізгі актерлік құрам сақталатынын хабарлады:

  • Энн Хэтэуэй
  • Мерил Стрип
  • Эмили Блант
  • Стэнли Туччи

The Odyssey

Кристофер Нолан ежелгі грек мифологиясының жауһары — «Одиссея» эпосы негізінде жаңа ауқымды жобасының түсірілімін бастап кетті. Гомердің поэмасына негізделген бұл картина режиссерге тән кең масштаб, символизм және философиялық астармен ерекшеленбек. Universal Pictures туындыны «мифологиялық блокбастер» деп сипаттап отыр, ал фильм IMAX форматында жарық көреді.

«Одиссея» — Троя соғысынан кейінгі үйіне оралу жолында түрлі сынақ пен қақтығысты бастан өткеретін Одиссей туралы эпос. Бұл — адам болмысы, ерлік, сенім мен аман қалу жолындағы күрес туралы мәңгілік шығарма. Нолан бұл эпосты заманауи визуалмен жеткізе отырып, түпнұсқаның рухын сақтап қалуды көздейді.

Фото: reddit.com

Жобаның ең үлкен жаңалығы — Энн Хэтэуэйдің Пенелопа рөлін сомдайтыны. Бұл кейіпкер — Одиссейдің жары, күту мен беріктіктің символы. Хэтэуэй үшін бұл — ішкі драмаға бай, терең рөлдердің бірі. Бұған дейін де ол нәзік, бірақ күрделі кейіпкерлерді сенімді жеткізе алатынын дәлелдеген, енді мифологиялық аңыз бейнесін экранға алып шығуға дайын.

Актерлік құрам:

  • Мэтт Деймон — Одиссей
  • Том Холланд — Телемах, Одиссейдің ұлы
  • Зендая — Афина, даналық пен соғыс құдайы
  • Шарлиз Терон — Цирцея, сиқыршы
  • Лупита Нионго — Клитемнестра
  • Бенни Сэфди — Агамемнон

Желіде Том Холландтың түсірілім алаңынан алғашқы кадрлары таралып үлгерді, бұл жобаға деген қызығушылықты тіпті арттыра түсті.

Фильм 2026 жылдың 17 шілдесінде көрерменге жол тартады — бұл Нолан үшін дәстүрлі жазғы премьера мерзімі. Universal Pictures жобаны жылдың басты кино оқиғасы ретінде ұсынбақ.

«Одиссея» — Энн Хэтэуэй үшін де, Кристофер Нолан үшін де маңызды жоба. Бұл рөл актрисаның драмалық мүмкіндігін жаңа деңгейге шығарады. Ал режиссер үшін — мифологияны жаңа формада ұсыну амбициясы. Жұлдызды құрам, терең мағына мен визуалды ауқым — бәрі бұл туындыны 2026 жылдың ең күтілетін фильміне айналдырып отыр.

The Princess Diaries

Кино әлемінде сирек кездесетін сәттер болады. Көрермен жүрегінде орны бар кейіпкер жылдар өткен соң экранға қайта оралады. Энн Хэтэуэй үшін дәл сондай сәт туып отыр: актриса Миа Термополис рөлін үшінші рет сомдамақ.

Алғаш рет 2001 жылы жарық көрген «The Princess Diaries» фильмі күллі әлем жасөспірімдерінің арманына айналды. Қарапайым америкалық оқушы қыздың бір сәтте Еуропадағы патшалықтың мұрагері екенін біліп, нағыз ханшайымға айналуы — бұл оқиға ертегі мен шындықтың арасындағы жіңішке жіпті дөп басқандай еді.

Арада ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Disney студиясы жобаның үшінші бөлімін қолға алғанын ресми мәлімдеді. Сценарий авторы — Флора Грисон. Режиссерлік тізгін — «Crazy Rich Asians» пен «Raya and the Last Dragon» сынды сәтті жобалардың авторы Адель Лимге сеніп тапсырылған.

Фото: townandcountrymag.com

Энн Хэтэуэй өзінің қатысуын әлеуметтік желі арқылы бейнежазба жариялап растады. Роликте бұрынғы фильмдерден үзінділермен қатар, әйгілі «Shut up!» деген сахна да қайта көрсетілген.

Фильмнің нақты желісі құпия күйінде қалып отыр. Бірақ бір нәрсе анық: бұл жолы Миа — жас ханшайым емес, өмір көрген, шешім қабылдай алатын әйел. Оның патшалыққа көзқарасы да, өз орнын түсінуі де өзгерген. Бұл — ертегінің жалғасы ғана емес, өз таңдауын жасаған әйелдің хикаясы болмақ.

Премьера уақыты әзірге белгісіз. Алайда көрермен қауым бұл қайта оралу сәтін ұзақ күтті — енді тек нәтижесін асыға тамашалау қалды.

Flowervale Street

2026 жылы жарыққа шығатын «Flowervale Street» — ғылыми-фантастика жанрындағы жаңа әрі ерекше жобалардың бірі болмақ. Фильмнің режиссері, сценарий авторы және продюсері — Дэвид Роберт Митчелл. Бұған дейін «It Follows» және «Under the Silver Lake» сынды тың туындыларымен ерекшеленген кинематографист бұл жолы да көрерменді күтпеген әлемге жетелемек.

Фильмнің оқиғасы Америкадағы 1980 жылдары өрбиді. Негізгі назар — бір отбасы мен олардың жасөспірім балаларының күнделікті өміріне, сондай-ақ олардың айналасында орын алатын түсініксіз, тіпті фантастикалық оқиғаларға аударылған. Жоба логлайны толық жарияланбағанымен, фильмге динозаврлар мен уақыт шеңберінен тыс құбылыстар қатысы бар екені белгілі. Бұл туындыны Universal IMAX форматында «қол жетпес аттракцион» ретінде сипаттап отыр.

Фото: collider.com

Басты рөлдердің бірін Энн Хэтэуэй сомдайды. Оның нақты кейіпкері туралы ақпарат әзірге құпия сақталуда. Алайда ол отбасы мүшелерінің бірі, ықтимал ананың рөлінде көрінуі мүмкін деген болжам бар. Жанында Юэн Макгрегор, Мэйси Стелла және Кристиан Конвери сынды актерлер бар.

Энн Хэтэуэйдің бұл жобадағы ойыны оның жанрлық ауқымын тағы бір мәрте айқындай түсуі мүмкін. Бұған дейін ол «Отверженные» фильміндегі рөлі үшін «Оскар» иеленген, ал «Интерстеллар» мен «Темный рыцарь» секілді блокбастерлерде де өзін жан-жақты актриса ретінде дәлелдеген еді.

«Flowervale Street» фильмі АҚШ-та 2026 жылдың 14 тамызында прокатқа шығуы жоспарланған. Түсірілім жұмыстары 2024 жылдың наурызында Лондон мен Атлантада басталған.

Бұл жоба тек ғылыми-фантастикалық хикая ғана емес, сонымен қатар отбасылық драма мен визуалды экспериментті өзара ұштастыратын ерекше кинотәжірибе болғалы тұр.

 

Verity

2026 жылдың 15 мамырында көрерменге ұсынылатын ең күтілетін премьералардың бірі — Колин Гувердің көп сатылған романы негізінде түсірілген «Веритидің құпия күнделігі» фильмі. Психологиялық шиеленіске толы бұл триллер өзінің терең драмасымен және жұлдызды актерлік құрамымен назар аудартады.

Басты кейіпкер — жеке өмірін ел көзінен таса ұстауға тырысатын танымал жазушы Верити Кроуфорд. Бұл күрделі образды Энн Хэтэуэй сомдайды. Оның жары — Джереми рөлінде Джозеф Гордон-Левитт ойнайды. Ал оқиғаны алға жетелейтін негізгі кейіпкер — жас жазушы Лоуэн Эшлидің бейнесін Дакота Джонсон экранға алып шығады. Фильмнің түсірілімі 2025 жылдың ақпан айында Нью-Йоркте басталған.

Фото: russh.com

Сюжет желісі бойынша, Лоуэн қаржылық қиындыққа тап болып, күтпеген жерден тартымды ұсыныс алады. Бестселлер жазушысы Веритидің күйеуі Джереми одан әйелі бастаған роман сериясын жалғастырып жазуды сұрайды. Бұл үшін Лоуэн олардың зәулім үйіне көшіп, психологиялық жағдайы күрделі Верити Кроуфордпен бір шаңырақ астында өмір сүруге мәжбүр болады.

Алайда үй ішіндегі тыныштық сырттай ғана. Лоуэн жазушының жеке қолжазбасына тап болады. Бұл жазбалар — Веритидің ішкі әлемінің ең қараңғы тұстарын ашатын, оқиғаны мүлде басқа бағытқа бұрып жіберетін деректерге толы. Біртіндеп Лоуэн шындық пен қиялдың, өткен мен қазіргі жағдайдың ара-жігін ажырату қиындап бара жатқанын сезіне бастайды.

«Веритидің құпия күнделігі» — адам санасындағы күмән, қорқыныш пен сенімнің шегін зерделейтін күрделі туынды. Энн Хэтэуэй үшін бұл рөл — эмоциялық қалыңдық пен ішкі драманы қатар жеткізуге бағытталған кезекті кәсіби белес.

Mother Mary

Энн Хэтэуэй актерлік мансабындағы ең күрделі тәжірибесін бастан өткерді. A24 студиясының «Мать Мария» атты музыкалық драмасында ол жан дүниесі күйреп, ішкі тығырыққа тірелген әйгілі поп-жұлдыздың бейнесін сомдайды. Бұл рөл оны бұрын-соңды болмаған тереңдікке алып кеткен.

Фильмді режиссер Дэвид Лоури түсірген. Сюжетте атағы аспандап тұрған әнші гастрольдік турды аяқтаудан бас тартып, өзін қайта құру үшін шығармашылық тоқырауға тап болады. Ол жалғыздықта қалған сәтінде жақын құрбысы, модельер (Микаэла Коэл ойнайды) арқылы өзін қайта табуға тырысады.

Хэтэуэй бұл жобаға шын ықыласпен кіріскен, бірақ режиссердің талаптары оны толықтай актерлік қауіп аймағына алып барған. Рөлге дайындық барысында ол өзін тәжірибесіз актриса секілді сезінгенін жасырмайды.

«Күн сайын камера алдында жеткілікті дәрежеде ойнай алмайтыныңды сезіну — үлкен кішіпейілділік мектебі. Бұл әлсіздік емес. Бұл — бастауға дайындық. Бірақ кей дүниеден бас тартпай, соған жете алмайсың. Бұл қиын, бірақ сонымен бірге босататын процесс болды», — дейді актриса.

Фильмнің шарықтау сәттерінің бірі — психологиялық тұрғыдан аса ауыр көрініс. Түсірілім кезінде Хэтэуэй шектен шыққан эмоциялық күйге түсіп, өз серіктесі Микаэла Коэлден кешірім сұрауға мәжбүр болған. Коэл оған еш кідіріссіз: «Мен сені жақсы көремін. Саған сенемін», — деп жауап берген. Режиссер бұл сахнаны түсіру бір аптаға созылғанын, ал түсірілім барысы «Апокалипсис сегодня» стиліндегі тығыз эмоционалдық шиеленіске ұласқанын атап өтті.

Фильмнің толық мазмұны мен премьера күні құпия күйінде қалып отыр. Алайда белгілісі — хикаяның негізгі бөлігі бар ішінде өтеді. Хэтэуэйдің кейіпкеріне арналған сахналық костюмдерді әзірлеу процесі де фильмнің маңызды желілерінің бірі. Бұл рөлге дайындалу үшін актриса вокал мен биден жеке сабақтар алып, музыкалық образға ден қойған.

Фильмнің музыкасын заманауи поп-индустриядағы ең ықпалды авторлар — Джек Антонофф пен Charli XCX жазған. Қосалқы рөлдерде FKA twigs, Хантер Шафер және Кайя Гербер бой көрсетеді.

«Мать Мария» — поп-мәдениеттің сыртқы жылтырауын емес, оның астарындағы психологиялық соқпақтарды ашатын фильм. Энн Хэтэуэй бұл жолы тек әнші емес — өз болмысын іздеген адамның ішкі күресін көрсете алатын актриса екенін тағы бір мәрте дәлелдейтін болады.

Yesteryear

Энн Хэтэуэй Amazon MGM Studios ұсынатын «Yesteryear» фильмінде басты рөлді сомдап, шындық пен иллюзия арасындағы шекараны зерттейтін оқиғаға жол бастамақ. Фильмнің сценарийін «Оби-Ван Кеноби» сериалының авторы Ханна Фридман жазып жатыр. Жоба Каро Клэр Берктің аттас романына негізделген.

Фильмнің басты кейіпкері — Натали есімді әйел. Әлеуметтік желідегі сегіз миллион жазылушысы оның өмірін мінсіз үлгі ретінде көреді: ферма үйі, сымбатты күйеуі, алты баласы — сырт көзге бәрі тамаша. Бірақ шын мәнінде бұл өмір — кәсіби түрде ұйымдастырылған шоу: бала күтушілер, продюсерлер, жарнама келісімдері және алгоритмге бағынышты күн тәртібі.

Оқиға шарықтауына бір тылсым оқиға себеп болады — Натали күтпеген жерден 1805 жылға тап болады. Бұл жаңа әлемде оны әлеуметтік медиа да, жалтыр камера да құтқармайды. Қолайсыз үй, қатал тұрмыс, дөрекі фермер күйеу және шынайы өмірге бейімделмеген балалар — жаңа шындықтың шеңбері осындай. Уақыт кері ағыспен жүріп жатқандай. Тіпті Натали өзін белгісіз адамнан жүкті екенін аңғарады.

Фото: movieweb.com

Басты рөлді Энн Хэтэуэй сомдайды. Бұл образ — оның актерлік диапазонына уақыт пен сана кеңістігіндегі әйелдің драмасын қосатын жаңа қыр. Сонымен қатар, актриса жобаның продюсерлерінің бірі ретінде де қатысады. Фильмді Somewhere Pictures компаниясы Адам Шульман, Сюзан Баймел және Гаймон Касадимен бірлесіп өндіруде.

«Yesteryear» — сатира, фэнтези, драма мен әйел тағдырын бір арнаға тоғыстыратын ерекше кинотуынды болуға уәде беріп отыр. Бұл — тек уақыт саяхаты туралы емес. Бұл — өзінің кім екенін, шынайы өмірдің мәнін, таңдау еркіндігі мен жалған идеалдардан арылуды іздеген әйел туралы хикая.