Энергия өндірудің ең тиімді жолын тапқым келеді

24 Ақпан 2017, 15:52 8014

«Мобильді дәрігер» мен зағип жандарға арналған электронды таяқ ойлап тапқан жас өнертапқыш

Өнертапқыш жастар – ел ертеңі. Бәсекеге қабілеттілік озық технологиямен, экономикамен өлшенетін мына заманда техника саласының «жілігін шағып, майын ішетін» буынның қалыптасуы ел ертеңіне деген сеніміңді арттырады. Сүлеймен Демирел атындағы колледждің студенті, 19  жастағы Қуаныш Қырықбаев небір тәжірибелі ғалымдардың қолынан келмеген  құрылғыларды жасап шығарды. «Есептеу техникасы және оның бағдарламасы»  мамандығы бойынша білім алып жүрген жас ғалыммен сұхбаттасып, ойлап тапқан өнертабысы жайлы анықтап білген едік.

 - Қуаныш, ең әуелі, бүгінге дейін өзің жасап шығарған құрылғылар жөнінде айтып берсең. Олар нешеу және қандай мақсатта қолданылады?

 - Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін сан түрлі робот машиналар жасап шығарғанмын. Олардың нақты саны есімде жоқ. Ал көпшіліктің қызығушылығын тудырған жобалар ретінде екі туындымды атап өтуге болады. Олар –  зағип жандарға, қарттарға арналған электронды таяқ және адамның температурасын, қандағы қант мөлшерін анықтап, кардиограммасын жасап беретін «Мобильді дәрігер» құрылғысы.

«Мобильді дәрігер»

 - Осы екі құрал жөнінде кеңірек айтып өтші. Жасап шығару идеясы қайдан келді және оны жүзеге асыру үшін қанша уақыт кетті?

 - Ең алдымен «Мобильді дәрігер» құрылғысына тоқталып өтейін. Қазір көптеген ұялы телефондарда камера бар. Ол камералардың жарқылы (вспышкасы) болады. Осы жарқылды пайдалана отырып, саусағыңызды камераның жанына әкелсеңіз арнайы программамен тамырыңыздың соғу жиілігін анықтауға болады. Осының барлығын зерттей келе, Қытайға тапсырыс беріп, арнайы қосалқы бөлшектерді алдырттым. Үш метр қашықтыққа дейін адамның температурасын есептей алатын аспапты біріктіре отырып, осындай құрылғы жасап шығардым. Ол орнатылған микробақылаушының арқасында «WI-FI»-мен де жұмыс істей алады. Ең бастысы, бұл адам денесіне ешқандай зиян келтірмейді. Сараптама қорытындысын электронды түрде дәрігеріңіздің поштасына жіберуге болады. «Мобильді дәрігер» қарт адамдарға, аяғы ауыр әйелдерге пайдалануға өте қолайлы. Мен бұл жобаны жүзеге асыру барысында шетелдік ғалымдардың тәжірибесіне сүйендім. Оны жасап шығару үшін тура бір ай, он екі күн кетті. Ал екінші жұмысыма келер болсақ, бір жақын танысым зағип жандармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ол маған бірде көзі нашар көретін, болмаса мүлдем көрмейтін мүгедектердің қолына таяқ ұстатқанымен, жолында кездесетін кедергілерді дұрыс сезе алмайтынын айтты. Осы сәтте менің есіме бірден ультрадыбысты аспап түсті. Яғни, бұл құрылғыны таяққа екі жағынан орнататын болсақ, жерді тақылдатып тексерудің қажеті болмайды. Егер адамның алдында бір кедергі болса, ол вибрация арқылы беріліп отырады. Міне, осы идеямның сызба нұсқасын жасап шығарып, ғылыми орталықтарға апарып ұсындым. Көпшілік оң келісімін беріп, қызығушылық танытты. Нәтижесінде санаулы күндердің ішінде таяқты жасап шығардым.

 - Бұл жобаларыңды арнайы конкурстарға ұсындың ба? Бүгінге дейін қандай сайыстарға қатыстың?

 - Ең алғаш Астана қаласындағы Оқушылар сарайында өткен робототехниктер сайысына қатысып, арнайы марапатқа ие болған едім. Ол кезде мен 9-сынып оқушысымын. Міне, содан бері көптеген республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып келемін. Алматыда жыл сайын өтетін өнертапқыштар сайысына қатысамын. Ол жерде жасқа шектеу қойылмайды. Көбінесе үлкен жастағы ғалымдар қатысып жатады. Сол конкурсқа мен өзімнің екі жобамды ұсынған едім. Нәтижесінде «Мобильді доктор» бірінші, электронды таяқ екінші орынды иеленіп, үздік жұмыстар деп танылды.

Зағип жандарға арналған электронды таяқ

 - Қазіргі кезде идея жиі ұрланып жататындығын білеміз. Жобаларыңды патенттеу жөнінде не айтасың?

 - Жоқ, әзірге оған бас қатырмаймын. Мен барлығын өзім үшін жасаймын. Қандай да бір пайда табуды көздемеймін.

- Түсінікті. Жалпы, техника саласына деген қызығушылығың қалай пайда болды?

 - Мені кішкентай кезімнен әрбір заттың жасалу жолы қызықтыратын. Атам әкелетін ойыншықтарды бөлшектеп бұзып тастайтынмын. Кейін оларды қайта біріктіріп жинау мен үшін өте қызық болды. Сондай-ақ, ағаштан кеме, көлік құрастыруды ұнататынмын. Төртінші сынып оқып жүрген кезімде әкем маған компьютер алып берді. Мен оны біраз зерттеп, ішін ашып, ұсақ болттарына дейін бөлшектеп тастадым. Сол кезде үйдегілердің барлығы таңғалған еді. Кейін жетінші сыныпта оқыған кезімде Алматыда «БК плюс» деген компанияда өте білімді азаматтармен бірге бір ай сабаққа қатыстым. Онда біз компьютер жөндеу мен сайт жасау бойынша дәріс алдық. Міне, сол кездің өзінде мен болашақ мамандығымды таңдап қойғанмын. 

 - Биыл елімізде өтетін «ЭКСПО»  халықаралық көрмесіне орай инновациялық жобаларға конкурс жарияланған болатын. Оған жаңа жоба ұсынып көрдің бе?

 - Осыдан екі жыл бұрын дайындаған аспаннан су алуға байланысты жобам бар. Оны негізінен әкем жасап кеткен. Ол кісі өмір бойы физика саласында еңбек еткен ғалым еді. Сол жобаны «ЭКСПО»- ға ұсынбақшы болдым. Алайда қаражат жетіспегендіктен, оны тәжірибе жүзінде көрсетуге мүмкіндік болмады. Қазір көптеген мемлекетте жел генераторын орнатып, одан қуат алады. Ал мен ұсынбақшы болған құрылғы арқылы су алуға болады. Мысалы, конденсат деген ұғым сізге таныс болар. Сол конденсат арқылы ыстық пен суық араласқанда тамшы пайда болады. Яғни, ол аралықта конденсациялау жүргізсе су алуға болады. Бір жағынан қуатты да аламыз. Осы идеяны инвесторларға айтқанда көбі сенімсіздік танытты. Жалпы бізде өнертапқыштарға қолдау көрсететін стартап-жобалар болғанымен, қарқыны баяу. Шетелдегідей жақсы дамымаған. Себебі, біздің бизнестегі ауқатты адамдар жоқ затқа қаржы құйып, тәуекелге баруға келісе бермейді.

 - Математиктер тек сабақта ғана емес, өмірде де уақытын алдын ала есептеп, жоспарлап қоятын халық. Жақында оқуыңды тәмамдайсың. Болашаққа деген жоспарларың қандай?

 - Оқуымды жалғастырамын, әрине. Себебі, бағындыратын белестердің барлығы алда. Оған тек үздіксіз білімнің арқасында ғана қол жеткізуге болады. Ал жақын арада әкемнен қалған тағы да бір жобаны дамытуды көздеп отырмын. Ол – жеміс-жидек сақтауға арналған инкубатор. Жазда өсіретін өнімдер қысқа дейін бұзылып, ұзақ мерзімге сақталмайтыны белгілі. Ал бұл инкубаторда жеміс-жидектер жеті жылға дейін сақтала береді. Міне, осы жобаны соңына дейін жеткізсем деймін. Жалпы, менің ең үлкен мақсатым – еліміздегі энергия өндірудің ең тиімді жолын табу. Негізі, маған күнде сан түрлі ойлар келеді. Қарап тұрсаң, бүгінде қоғамда пайдасы жоқ немесе маңыздылығын жоғалтқан заттар көп. Солардың барлығының басын қосып, әлдеқайда тиімді әрі қолайлы зат шығаруды ойлап жүремін. Сондай-ақ, адамның денсаулығына пайдасы бар нәрселер жасағым келеді. Бұның барлығы – күнделікті ой елегінен өткізетін жайттар.

 - Әңгімеңе рахмет!

Жазира Берғалиева
Бөлісу: