Энергетикалық сусындар бүгінде жастардың өмір салтының бір бөлігіне айналып үлгерді. Әсіресе студенттер мен жасөспірімдер арасында танымал бұл өнімдер шаршағанды басып, күш пен сергектік береді деген түсінікпен кеңінен таралған.
Dizzy, Red Bull, Monster, Gorilla сияқты брендтер өз өнімдерін жылдам қуат көзі ретінде таныстырады. Алайда мұндай сусындардың «жалған энергиясы» ағзаға ұзақ мерзімде зиян тигізуі мүмкін.
Энергетикалық сусындардың денсаулыққа әсері туралы El.kz интернет порталының тілшісі нутрициолог Арайлым Мұратқызының пікірін білді. Маманның айтуынша, мұндай сусындар құрамындағы кофеин мен қанттың шамадан тыс мөлшері жүйке жүйесіне, ұйқы сапасына және жүрек-қантамыр жүйесіне кері әсер етеді. Энергетикалық сусындар уақытша сергектік сыйлағанмен, денсаулықтың есебінен алынған қуат көзі.
Нутрициолог Арайлым Мұратқызының айтуынша, энергетикалық сусындар жасөспірімдер мен студенттер үшін мүлде ұсынылмайтын өнімдердің қатарына жатады. Оның басты себебі – бұл сусындардың құрамындағы кофеин мен қанттың шамадан тыс көп болуы.
Кофеин мен қанттың екеуі де өз алдына зиян емес. Бірақ мәселе – олардың мөлшерінде. Энергетикалық сусындардағы кофеин мөлшері жасөспірімдерге рұқсат етілген нормадан 1,5-2 есе, ал қант мөлшері кейбір брендтерде 3-4 есе артық, – дейді маман.
Мысалы, бір банка энергетикалық сусын ішу – баланың үш-төрт кесе қою кофе ішкенімен тең. Мұндай дозаның ағзаға әсері айтарлықтай жоғары.
Кофеин жүйке жүйесіне және қан тамыр жүйесіне кері әсер етеді. Нәтижесінде мазасыздық, ұйқының бұзылуы, жүрек соғысының жиілеуі сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Ал артық қант – салмақ қосуға, тіс кариесіне және басқа да зат алмасу бұзылыстарына әкеледі, – дейді Арайлым Мұратқызы.
Сонымен қатар нутрициологтың айтуынша, энергетикалық сусындар балалар мен жасөспірімдердің тамақтану тәртібін бұзады. Себебі мұндай сусындар тәбетті басып, пайдалы тамақтануға деген құлшынысты азайтады.
Энергетик ішкен бала түскі немесе кешкі ас уақытында тамақтан бас тартуы мүмкін. Өйткені сусын ағзаға «бос калория» береді. Яғни, энергия бар, бірақ ағзаға қажетті дәрумендер мен қоректік заттар жоқ. Бұл – ең үлкен мәселе, – дейді маман.
Нутрициологтың айтуынша, энергетикалық сусындардың танымал болуының басты себебі – адамдардың тез нәтиже алуға ұмтылысы мен кофеинге үйреніп кетуі.
Адамдар көбіне шаршаған кезде бірден Red Bull немесе Monster сияқты сусындарға жүгінеді. Себебі олар жылдам сергектік пен қуат береді. Бірақ бұл әсер қысқа мерзімді ғана. Ал ұзақ мерзімде ағза ондай стимуляторларға үйреніп алады, – дейді маман.
Маманның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен АҚШ Педиатрлар академиясы балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды мүлде ішуге болмайды деп ресми түрде ұсынады. Себебі олардың құрамындағы кофеин мен қант мөлшері балалар ағзасы үшін тым жоғары.
Энергетикалық сусындарға тыйым салынбағанымен, олар тек ересектерге арналған. Бірақ тіпті ересек адам үшін де тәулігіне бір ғана банка жеткілікті. Өкінішке қарай, көпшілік бұл шектеуді сақтай алмайды, бір банка екіге, үшке, тіпті төртке айналып кетеді. Сол себепті мұндай сусындарды мөлшермен ішу өте маңызды, – дейді Арайлым Мұратқызы.
Маман балалар мен жасөспірімдерге кофеин бар кез келген сусынды, тіпті қара шайды да беруге болмайтынын айтады.
Мен өз тәжірибемде жиі көремін – ата-аналар немесе ата-әжелер балаларына шай береді. Ал шын мәнінде, бала ағзасына ең пайдалы және қажетті сұйықтық – ол қарапайым су. Энергетикалық сусын тұрмақ, шайдың өзі артық стимулятор болып саналады, – дейді нутрициолог.
Маман энергетикалық сусындарға тәуелділік емес, бірақ үйрену пайда болатынын да атап өтті.
Кофеин мен қантқа ағза тез бейімделеді. Ал үйреніп алғаннан кейін, адам онсыз сергек жүре алмайтындай күйге түседі. Бұл – ең қауіпті сәттердің бірі, себебі норманы қадағалау қиындайды, ал кері әсері күшейе береді, – дейді.
Нутрициологтың айтуынша, адамдардың энергетикалық сусындарға жиі жүгінуінің басты себебі – олардың беретін «жалған сергектік әсері». Яғни, бұл сусындар адамға энергия беретіндей сезім тудырады, бірақ ол уақытша ғана әсер.
Шаршаған кезде адам энергетикалық сусынды ішіп, өзінде энергия пайда болғандай сезінеді. Бірақ бұл – иллюзия, яғни жалған әсер. Энергия шын мәнінде келіп жатқан жоқ, тек ағзадағы кофеин мен қант жүйкеге тез әсер етіп, ми дофамин мен адреналин бөледі. Соның нәтижесінде адам өзін сергек, күшті сезінеді. Алайда екі-үш сағаттан кейін бұл әсер басылып, энергетикалық құлдырау басталады, – дейді маман.
Оның айтуынша, энергетикалық сусындардың әсерін қағаз бен көмірдің жануымен салыстыруға болады.
Энергетикалық сусын – қағаз сияқты лап етіп жанады, бірақ тез өшеді. Ал көмір болса баяу жанады, бірақ ұзақ жылу береді. Сол сияқты, энергетик адамға екі-үш сағаттық «күш» береді, одан кейін ол қайта шаршайды, көңіл-күйі түседі. Бұл ағза үшін үлкен күйзеліс, – деді Арайлым Мұратқызы.
Маманның айтуынша, дәл осы қысқа уақыттық әсер адамдарды энергетикалық сусындарға үйреніп қалуға итермелейді.
Бір рет ішіп көрген адам, кейін «тағы ішсем жақсы болып кетемін» деп ойлайды. Осылайша энергетикалық сусын ішу әдетке айналып кетеді. Ал уақыт өте келе адам ашушаң, тез шаршайтын және мазасыз бола бастайды, – дейді нутрициолог.
Нутрициолог энергетикалық сусындар уақытша сергектік беріп, тез әсер еткенімен, ол қағаз сияқты лап етіп жанып, тез өшетін энергия көзі екенін айтады. Ал нағыз ұзаққа жететін «көмір секілді» табиғи энергия көздері барын атап өтті.
Негізгі табиғи энергетиктер – ұйқы, теңгерімді тамақтану және белсенділік. Бұл үшеуі ағзаға ұзақ мерзімді энергия береді және иммунитетті ұстап тұратын басты факторлар. Бұдан басқа ешқандай сусын не дәрі сізге тұрақты күш бермейді, – дейді маман.
Маманның айтуынша, энергетикалық сусындар уақытша иллюзия тудырып, ағзаны болашақтағы энергиясынан айырады.
Энергетикалық сусын ішкен сәтте сіз болашақтағы энергияңызды қазір пайдаланып жатырсыз. Яғни, бүгін сергек болу үшін ертеңгі күшіңізді «ұрлап» отырсыз. Бұл – жалған энергия. Ал табиғи үш тірекке сүйенсеңіз, ағзаңыз өз күшін өзі өндіреді, сіздің энергияңыз тасып жүреді, әрі ешқандай энергетикке мұқтаж болмайсыз, – деп түсіндірді ол.
«Көптеген энергетикалық сусындардың қаптамасында «дәрумендер мен аминқышқылдарға бай», «табиғи күш береді», «денсаулыққа пайдалы қоспалармен байытылған» деген жазулар көзге түседі. Бірақ шын мәнінде, бұл – жалған әсер тудыратын маркетингтік айла», дейді нутрициолог Арайлым Мұратқызы.
Энергетикалық сусындардағы дәрумендер мен аминқышқылдарының мөлшері өте аз. Олар сіздің ағзаңызға ешқандай шынайы физиологиялық әсер бере алмайды. Сол қоспалар – сусын сатылымын арттыру үшін ғана қосылған бір тамшы элементтер, – дейді маман.
Оның айтуынша, энергетикалық сусындардың негізгі әсер етуші заты – кофеин мен қант. Ал женьшень, таурин, L-карнитин сияқты атаулардың барлығы жарнама мақсатында қолданылатын брендтік элементтер ғана.
Шын мәнінде, ол сусындардағы басты «фундамент» – тек кофеин мен қант. Қалғаны маркетинг. Әдемі атаулар, денсаулыққа пайдалы етіп көрсету тәсілдері – барлығы сатылым үшін жасалған. Жалған маркетинг кофемен, қантты сізге қымбат бағаға сату ғана. Сондықтан тұтынушы бұған алданып қалмауы керек, – деді Арайлым Мұратқызы.
Соңғы жылдары дүкен сөрелерінде «sugar free», «zero», немесе «қантсыз» деп жазылған энергетикалық сусындар көбейді. Көпшілік мұндай өнімдерді «зияны аздау» немесе «денсаулыққа қауіпсіз» деп қабылдайды. Алайда нутрициолог Арайлым Мұратқызының айтуынша, бұл – үлкен иллюзия.
Қантсыз энергетикалық сусындар адамды алдауға апарады. Қант жоқ деген оймен, адамдар өз-өздерін тоқтата алмай, көбірек ішіп қояды. Бұл зиянды әсерді еселей түседі, – дейді нутрициолог маман.
Маманның пікірінше, қанттың орнына бұл сусындарға тәтті дәм беретін алмастырғыштар – сахарозаменительдер, ароматизаторлар мен қосымша химиялық заттар қосылады. Бірақ кофеин мөлшері бұрынғыдай жоғары күйінде қалады.
Қантсыз сусынды ішкен адам өз-өзін алдайды. «Қант жоқ қой, ішсем де болады» деген оймен мөлшерден асырып жібереді. Ал шын мәнінде кофеин ешқайда кеткен жоқ. Сондықтан ол қантпен ішкен сусыннан да зиян болуы мүмкін, – дейді нутрициолог.
Энергияны сақтау мен қалпына келтіру – тек студенттер мен спортшылар үшін емес, ауыр физикалық еңбек ететін немесе түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдар үшін де өзекті мәселе. Мұндай жағдайда көпшілігі сергек болу үшін энергетикалық сусындарға жүгінеді. Алайда нутрициолог Арайлым Мұратқызы мұндай әдістен гөрі табиғи жолмен энергияны арттыруды ұсынады.
Энергияны ұстап тұрудың ең басты үш тірегі бар. Бұл салауатты тамақтану, жеткілікті ұйқы және тұрақты белсенділік. Энергетикалық сусындар уақытша әсер береді, ал табиғи энергия көздері ағзаға ұзақ мерзімді күш-қуат береді, – дейді маман.
Маманның сөзінше, түнгі ауысымда істейтін адамдар үшін ең маңыздысы – ұйқының сапасын арттыру. Егер ұйықтайтын уақыт күндізге түссе де, бастысы – сол ұйқыны сапалы ету.
Күндіз ұйықтайтын болсаңыз, телефонды өшіріп, бөлмені қараңғы ұстаңыз. Терезеге блэкаут перде іліңіз немесе маска тағыңыз. Ұйықтар алдында әлеуметтік желі ақтарудың қажеті жоқ – ол сіздің ұйқыңызды ұрлайды, – дейді нутрициолог.
Оның айтуынша, ұйықтайтын бөлме салқын әрі ылғалдылығы қалыпты болғаны дұрыс – шамамен 18-22°C температура, ылғалдылық 60-70%. Мұндай ортада ағза жақсы демалады және табиғи энергия қоры қалпына келеді.
Түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдарға кейде бір-екі шыны кофе ішуге болады. Бұл денсаулыққа қауіп төндірмейді. Бірақ бастысы – мөлшерді сақтау.
Бір-екі шыны кофе еш зиян келтірмейді. Алайда энергетикалық сусын ішудің қажеті жоқ. Кофеиннің мөлшерін бақылап отыру керек, өйткені шамадан тыс кофеин жүйке жүйесін шаршатады, – дейді Арайлым Мұратқызы.
Энергетикалық сусындарға тыйым ересектерге қатысты қатал емес, дегенмен мөлшер мен жиілікті сақтау – басты шарт. Нутрициолог Арайлым Мұратқызының айтуынша, бір банка энергетикалық сусын ішкеннен адамға бірден зиян тимейді. Бірақ мәселе – көпшіліктің тоқтай білмеуінде.
Негізінде күніне бір банка ішсе, ересек адамға аса қауіп жоқ. Бірақ адамдар көбіне өзіне жеңілдік жасап алады – бүгін бір банка, ертең екі, кейін үш банка ішіп кетеді. Сол себепті мұндай кеңес берудің өзі күрделі, – дейді маман.
Нутрициолог энергетикалық сусынды ішу кезінде оны басқа өнімдермен бірге есептеу керек екенін айтады. Өйткені ағзаға берілген тәуліктік кофеин мен қант мөлшері бар.
Энергетик ішкен адам сол күні тағы не ішіп-жегенін қарауы қажет. Кофе, шай, қант ше? Егер солардың бәрін қосқанда тәуліктік норма асып кетсе, онда ол зиян. Ал норманың ішінде болса, бір банкадан қауіп жоқ, – дейді нутрициолог Арайлым Мұратқызы.