Энергетика министрлігі Риддердегі жағдай туралы мәлімдеме жасады

7 Қараша 2022, 14:01 1567

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді

Энергетика министрлігі Риддер ЖЭО-дағы жағдай туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

7 қарашада (сағат 3.40-та) Риддер ЖЭО-да № 2 қазандық іске қосылды, № 1 қазандық іске қосуға дайындалуда. Жылу желілеріндегі жеткізу температурасы: кесте бойынша – 70 градус, іс жүзінде 30 градусқа дейін төмендеді.

2022 жылғы 3 қарашада Риддер ЖЭО-ны шлактан тазарту үшін № 3 қазандық тоқтатылды. 4 қарашада № 2 қазандық, 6 қарашада қосалқы жабдық бойынша ақауларды жою үшін № 1 қазандық және қыздыру бетіндегі ақауларды жою үшін № 6 қазандық тоқтатылды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің басшылығымен құрылған «Риддер ЖЭО» АҚ төтенше жағдай жөніндегі жедел штабына ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментінің өкілдері де кірді.

Қазіргі уақытта жергілікті ауқымда жарияланған төтенше жағдайдың режимі шеңберінде өңірдің: Өскемен және Согра ЖЭО энергетиктерін тарта отырып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылды, сондай-ақ мазут қорларын жедел толықтыру жүзеге асырылуда.

Осыған дейін Риддерде төтенше жағдай жарияланғандығы туралы облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеген болатын.

EL.KZ
Бөлісу: