Қазақстанда жекеменшік білім беру және медициналық ұйымдарды қаржыландыру тетіктері түбегейлі қайта қаралады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оның айтуынша, өзгерістер мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмалары аясында жүзеге асады.
Вице-премьердің сөзінше, бүгінде білім беру саласында пилоттық режимде жекеменшік мектептерді цифрлық есепке алу, негізгі үдерістерді автоматтандыру және оларды бюджеттеу жүйесімен синхрондау тетігі енгізілген. Нәтижесінде елімізде 785 жекеменшік мектеп толық цифрландырылған.
Оқи отырыңыз:
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий енгізуді тапсырды. Мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірлердегі оқушы орындарының нақты тапшылығын жабатын мектептерге ғана бағытталмақ.
Мемлекеттік қолдау тек әлеуметтік қажеттілікті өтейтін жекеменшік мектептерге көрсетілуі тиіс. Ал қымбат әрі элиталық мектептерді мемлекет есебінен қаржыландыру тоқтатылады, – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігіне бір айдың ішінде жекеменшік оқу орындарының жаңа стандарттарға сәйкестігін тексеру мақсатында лицензиядан кейінгі бақылау жүргізу жүктелді. Бақылау барысында білім сапасы, педагог кадрлармен қамтылу және балалардың қауіпсіздігі басты назарда болады.
Аида Балаеваның айтуынша, бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беру уақытша тоқтатылады.
Мемлекеттік қаржы:
Сонымен бірге білім саласына жекеменшік инвестиция тарту мақсатында мемлекеттік тапсырыссыз, тек инвестициялық шығындарды өтеу тетігі сақталады.
Денсаулық сақтау министрлігі президент тапсырмасына сәйкес медициналық көмекті жоспарлауда халықтың нақты қажеттілігіне, демографиялық және көші-қон деректеріне сүйенетін болады. Қаржыландыру көлемі ең тиімді мемлекеттік және сенімді жекеменшік емханаларға бағытталады.
Қосарланған төлемдер мен жалған есепті болдырмау үшін бірыңғай цифрлық бақылау жүйесі енгізіледі. Барлық қаржыландыру көздерінің деректері біріктіріліп, пациенттермен кері байланыс мобильді қосымша арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар лицензиялау талаптары қатаңдатылып, медициналық қызмет сапасына бақылау күшейтіледі.
Айта кетейік, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасына сай, құқық қорғау органдарымен бірлесіп тексеру жүргізіліп жатыр.
Үкімет отырысында жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесіндегі заңбұзушылықтар да айтылды. Қолданыстағы тәртіпке сай, мемлекеттік мектептерде орын болмаған жағдайда оқушы жекеменшік мектепке жіберіліп, әр балаға мемлекеттен субсидия төленеді. Алайда кейбір кәсіпкерлер бұл механизмді теріс пайдаланған.
Аудит нәтижесінде:
1 333 оқушының бір мектептен екіншісіне 5-тен 12 ретке дейін «көшірілгені»,
64 жекеменшік мектепте оқушылар саны жобалық қуаттан екі есе артық болғаны анықталған.
Осыған байланысты Үкімет жекеменшік білім беру және медицина ұйымдарын қаржыландыру механизмдерін қайта қарау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.
Сонымен қатар Ұлттық құрылтайда балаларды әлеуметтік желілерден шектеу мәселесі көтерілді. Бұған дейін әлеуметтік желілердің жастарға әсері туралы жазғанбыз.