Енді сауда орталықтарында қауіпсіздік күшейеді

Енді сауда орталықтарында қауіпсіздік күшейеді

Сауда және интеграция министрлігі бөлшек сауда нысандарында терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарын күшейтуді көздейтін бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

«Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатта министрліктің 2023 жылғы 5 қазандағы №366-НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу ұсынылады. Жоба террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғау жөніндегі 2021 жылғы 6 мамырдағы №305 Үкімет қаулысында көрсетілген нормаларға сүйене отырып әзірленген.

Негізгі мақсат - халық көп жиналатын ірі сауда және ойын-сауық орталықтарындағы қауіпсіздікті күшейту. Құжатқа сәйкес, ауданы 10 мың шаршы метрден асатын орталықтардың иелері мен басқарушы компаниялары қауіпсіздік қызметтерін көрсетуге лицензиясы бар мамандандырылған ұйымдармен келісімшарт жасауға міндетті болады.

Сонымен қатар жобада ғимараттардың инженерлік-техникалық қорғанысы, кіреберістерді бақылау жүйелері және бейнебақылау талаптары нақтыланған.

Үлкен сауда орталықтары келушілерді тексеруге арналған портативті және стационарлық металл детекторлармен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл құрылғылар 2013 жылғы 9 тамыздағы №611 Президент жарлығына сәйкес террористік қауіп деңгейін анықтау кезінде қолданылады.

Ұсынылған өзгерістер қабылданған жағдайда, күн сайын мыңдаған адам келетін ірі нысандарда қауіпсіздік деңгейі артып, ықтимал қатерлердің алдын алу мүмкіндігі күшейеді. Бұл ішкі сауда саласындағы терроризмге қарсы қорғаныс жүйесін жақсартуға бағытталған қадам болмақ.