Енді құжат алу үшін саусақ ізін тапсыру керек

25 Қыркүйек 2023, 15:01 1177

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу кезінде азаматтардан саусақ ізі алынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі істер министрлігінде өткен брифингіде Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жанабаев дактилоскопиялық тіркеудің міндетті болатынын мәлім етті. 

Дактилоскопиялық тіркеу – бұл саусақтардың папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы ақпарат алу. Міндетті дактилоскопиялық тіркеу елімізде 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. 12 жасқа дейінгі балалардан басқа, ҚР барлық азаматтары және Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуге жатады. 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар дактилоскопиялық тіркеуден ерікті негізде өтеді. Саусақ іздерін алу Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке куәлікті, паспортты, шетелдіктің елде тұруға ықтиярхатты және азаматтығы жоқ адамның куәлікті ресімдеуі кезінде жүргізілетін болады, – деді спикер.

Нұржан Жанабаевтың айтуынша, саусақ іздерін алу процесінен бас тартқаны жағдайда азаматқа Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 443-1-бабына сәйкес жаза қолданылады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: