25.02.2026
12:42
943
Енді қоқыс пен темекі тұқылын тастағандарға да айыппұл автоматты түрде келеді

Енді қоқыс пен темекі тұқылын тастағандарға да айыппұл автоматты түрде келеді

Қазақстанда әкімшілік жауапкершілік жүйесі айтарлықтау өзгеріске ұшырайды. 2026 жылғы 12 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (№257-VIII заң) енгізілген түзетулер күшіне енеді. Ал бұл өзгерістер айыппұл салу тетігін автоматты түрде кеңейтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұған дейін автоматты айыппұлдар негізінен жүргізушілерге қатысты қолданылып келсе (жылдамдықты асыру, қызыл шамға өту және т.б.), енді «автоматты режим» ұғымы барлық азаматтарға және кез келген әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты қолданылады.

Кодекстің 31-бабының 1-бөлігіне сәйкес, егер құқық бұзушылық бірыңғай әкімшілік өндірістер тізілімімен (ЕРАП) интеграцияланған цифрлық объектілер арқылы, соның ішінде автоматты режимде жұмыс істейтін техникалық құралдармен анықталса, құқық бұзушылық жасаған тұлға жауапкершілікке тартылады.

Бұл нені білдіреді?

Енді камералар, дрондар және «ақылды» жүйелер тек жол қозғалысын емес, өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтарды тіркей алады. Егер жүйе адамның темекі тұқылын тастағанын немесе аялдамада темекі шеккенін анықтап, тұлғаны сәйкестендірсе, айыппұл автоматты түрде рәсімделуі мүмкін.

Қандай құқық бұзушылықтар автоматты түрде тіркелуі мүмкін?

2026 жылдан бастап автоматты айыппұл салу мына жағдайларда қолданылуы мүмкін:

  • көшеге қоқыс немесе темекі тұқылын тастау (айыппұл мөлшері 43 250 теңгеге дейін өскен);
  • тыйым салынған жерде темекі шегу;
  • жолды белгіленбеген жерден кесіп өту;
  • алкогольді түнгі уақытта немесе кәмелетке толмағандарға сату (ақылды бейнебақылау арқылы).

Яғни бұрын тек бейнежазба ретінде пайдаланылған камералар енді құқық бұзушылықты автоматты түрде тіркеп, айыппұл салу процесінің бір бөлігіне айналуы мүмкін.

Жол қауіпсіздігі: цифрлық бақылау күшейтілуде

Былтыр ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха полиция жыл сайын 13 миллионға жуық жол ережесін бұзу дерегін тіркейтінін айтқан. Оның сөзінше, жол-көлік оқиғаларының 90%-ы жүргізушілер кінәсінен болады.

Қазіргі таңда:

  • ел бойынша 25 мыңнан астам автоматты камера орнатылған;
  • дрондар арқылы 3,6 мың құқық бұзушылық анықталған;
  • патрульдік көліктерге радарлар қойылып, «жасырын» патрульдеу тәсілі енгізілген;
  • республикалық маңызы бар жолдардың 1,9 мың шақырымында орташа жылдамдықты автоматты бақылау жүйесі іске қосылған.

Бұл учаскелерде жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 11%-ға азайған. Алдағы уақытта тағы 1 мың шақырымнан астам жолда осындай жүйе енгізу жоспарланып отыр.

Вице-министр барлық цифрлық шешім «ТОР» платформасына біріктірілгенін айтты. Жүйе көлік қозғалысын қадағалап, іздеудегі автокөліктерді анықтайды, өрескел тәртіп бұзатын «қауіпті жүргізушілерді» және ұзақ уақыт тоқтаусыз көлік жүргізген жүргізушілерді бақылауға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибе

Цифрлық бақылау жүйесі әлемнің көптеген елінде бар. Мысалы, Қытайда камералар бет-әлпетті тану технологиясымен жұмыс істейді. Жаяу жүргінші қызыл шамға өтсе немесе қоқыс тастаса, жүйе бірнеше секунд ішінде тұлғаны анықтайды. Айыппұл электронды әмияннан автоматты түрде алынуы мүмкін.

Сингапурде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жасанды интеллект жүйелері мен роботтар пайдаланылады. Олар темекі шегу, қоқыс тастау, заңсыз сауда жасау сияқты құқық бұзушылықтарды тіркейді.