Енді қазақстандықтар құмар ойындарға қарсы өз бетінше шектеу қоя алады

18 Наурыз, 10:30 862

Құмар ойындарға қатысудан өз бетінше шектеу жөніндегі қызмет цифрлық форматқа ауыстырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп ҚР азаматтары мен резиденттерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өз бетінше шектеу жөніндегі қызметті автоматтандыру бойынша жұмысты аяқтады.

Бүгінгі күннен бастап Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады.

Бұл рәсім «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңының 15-1 бабында көзделген және автоматтандыруға дейін тиісті тұлғаларды өзін-өзі шектегендер тізіміне қосу 8 жұмыс күні ішінде қағаз форматта жүзеге асырылды.

Жаңа қызмет өтініштерді өңдеу мерзімін едәуір қысқартады және құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу рәсімін жеңілдетеді. Бұл барлық азаматтарға, ең алдымен құмар ойындармен шектен тыс әуестенетін тұлғаларға барлық лицензияланған ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің заңды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Өзін құмар ойындарға қатысудан шектеу үшін ҚР азаматына немесе резидентіне өз телефонына eGov mobile мобильді қосымшасын жүктеп, электрондық цифрлық қолтаңбаны жасап алу керек.

Өтініш ЭЦҚ мен өтінімге қол қою арқылы онлайн беріледі. Өтініш бергеннен кейін сервис өтінішті дереу тіркейді және өтініш берген тұлға өтінішті қайтарып алу құқығынсыз 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдардың тізіміне енгізіледі. Бұл ретте, құмар ойындарға қатысуды шектеу және бәс тігу мерзімі аяқталғанға дейін шектеуді ұзарту туралы өтініш беруге болады.

ҚР «Ойын бизнесі туралы» Заңына сәйкес тізімге енген тұлғалар туралы мәліметтер құпия болып табылады. Тиісінше, мұндай мәліметтер тек ТСМ-нің лауазымды тұлғаларына, сондай-ақ құмар ойынға қатысқысы келетін адамдардың тізімде болу деректерін ЖСН енгізу арқылы жекелеген сұрау салу үшін лицензияланған ойын бизнесі ұйымдастырушыларына ғана қолжетімді.

Осылайша, ойын бизнесі субъектілерінің әрбір сұрау салуы тізімде тұрған адамдардың өзге де жеке деректерін ашпай-ақ тек қана ЖСН деректемелері бойынша жеке өңделетін болады. Ойын бизнесі субъектілерінің тізімнің толық нұсқасына қол жеткізе алмайды.

Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан бас тартқысы келетін тұлғалар өтінішті дербес ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, өздігімен беруге тиіс екеніне назар аударамыз. Өтінішті үшінші тұлғалардың бере алмайды.

Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп егжей-тегжейлі бейне нұсқаулық әзірленді, ол «eGov mobile» мобильді қосымшасында және ТСМ-ң интернет-ресурсында https://youtube.com/shorts/_Nq7Zb_M-4Y?feature=share сілтемесі бойынша қолжетімді.

Сонымен қатар цифрлық сервиспен қатар ҚР азаматтары мен резиденттері үшін Заңның 15-1-бабына сәйкес ойын бизнесін ұйымдастырушылары арқылы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өзін-өзі шектеу туралы жазбаша өтініш (қағаз нысанда) беру мүмкіндігі сақталады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: