Мәжіліс депутаттары білім беру ұйымдарында діни және басқа да зиянды ақпаратқа жол бермеу туралы заң қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Асхат Аймағамбетов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Депутат ұсынылған заң нормаларының ішінде мектептерде діни әдебиеттерді оқыту мәселесіне тыйым салу жайы да көтерілгенін атап өтті.
Яғни, заңда мектептерде балалар үшін жағымсыз ақпаратты таратуға тыйым салу қарастырылған. Ол мұндай тыйымның салынуы мектептердің зайырлы мекеме екенімен байланыстырды.
Бұл анық норма түрлі діни қайраткерлерді және басқа да діни әдебиеттерді немесе ақпаратты мектептерге кіргізбеуге негіз болады деп ойлаймын. Біздің мектептер зайырлы мекеме, түсінесіз бе? Сондықтан зайырлы мекеме толығымен зайырлы болуы керек. Егер діни әдебиетті оқығыңыз келсе мүмкіндігіңіз жетеді, ата-анасы бар. Дегенмен балалар кәмелет жасына толғанша әртүрлі ақпараттардан қорғалуы керек. Өйткені оларға қорытынды шығару өте қиын, - деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, депутаттар дін мәселесіне қатысты мәселелерді жиі көтеріп жүр. Сенатор Руслан Рүстемов елімізде 260 мешіт салынып жатқанын айтып, бала тәрбиесіне алаңдаулы екенін жеткізді.