Енді мал етін мобильді қосымша арқылы сатып алуға болады

6 Мамыр 2023, 03:21 1611

Қазақстанда 1 маусымнан бастап ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған «TortTulik» мобильді қосымша іске қосылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жобаны Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК-дегі экономикалық саясатты талдау орталығымен бірлесіп әзірледі. Қосымша Ауыл шаруашылығы жануарларының базасын кеңейтуге көмектеседі, ол әрбір жануар иесіне (ШҚ, ЖШС, ЖҚШ және т.б.) өз малын түгендеуге көмектеседі. Сондай-ақ қосымшаның арқасында ветеринариялық дәрігерлер ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды уақтылы және толық көлемде жүргізуге мүмкіндік алады.

Қосымша смартфонда онлайн және офлайн режимінде жұмыс істейді. Интернет болмаған жағдайда, бағдарлама желіге қосылғаннан кейін деректер жаңартылады. Бағдарлама арқылы ветеринариялық төлқұжат алуға болады және болашақта малды сатып алу-сату, жоғалтқан таңбаны ауыстыру, сондай-ақ сойғаннан кейін жануарды есептен шығару рәсімдерін жасауға болады.

«TortTulik» ауыл тұрғындары үшін ақпараттық хабқа айналады. Сондай-ақ мобильді қосымшада саланың соңғы жаңалықтарын тарату мүмкіндіктері, алдағы вакцинация туралы хабарламалар және т.б. бар.

Қосымша жаңартылған сайын ет сатып алушыларға арналған бөлім енгізілетін болады. Қазақстандықтар «sogym.kz» қосымша бетінде тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден жануардың ветеринариялық бақылауынан өткен тұтас етіне тапсырыс бере алады.

Әзірге «TortTulik» қосымшасы Android Playmarket-тен жүктеуге қол жетімді болады, әзірлеушілер кейін iOS-тағы смартфондарға бейімделеді. Айта кетейік, бүкіл ел бойынша 1,5 млн мал иесі мобильді қосымшаның әлеуетті пайдаланушылары болады деп күтіліп отыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: