Рим билігі әлемге әйгілі Треви фонтанына келушілерге жаңа тәртіп енгізуді жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – тарихи ескерткіштің қадір-қасиетін сақтау және туристердің бақылаусыз әрекеттеріне тосқауыл қою, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Римге келген туристер Треви фонтанының су құйылатын алаңына, яғни баспалдақтармен төмен түсіп, тиын тастайтын аймаққа жақындау үшін 2 еуро төлеуі тиіс болады. Ал фонтанды жоғарыдан, алаңнан тамашалау бұрынғыдай тегін болып қала береді.
Неліктен мұндай шешім қабылданды?
Бұл бастама алғаш рет 2024 жылы туристік ағымды азайту және «тұрақты туризмді» дамыту жоспары аясында ұсынылған. XVIII ғасырда салынған Треви фонтаны – Римге келген әрбір турист міндетті түрде баратын орындардың бірі. Алайда мұнда адам тым көп жиналғандықтан, қалта ұрылары да жиі кездеседі.
Рим қалалық кеңесінің туризмге жауапты мүшесі Алессандро Онорато Corriere della Sera газетіне берген сұхбатында:
Мен фонтанға қолжетімділіктің жаңа, уақытпен шектелген формасын қолдаймын, – деді.
Оның айтуынша, билет енгізудің басты мақсаты – табыс табу емес, адамдар легін реттеу және тарихи мұраға деген құрметсіз әрекеттерді тоқтату.
Жиналған қаражат қайда жұмсалады?
Қала билігі билеттен түскен қаржы туристерге ұсынылатын қызмет сапасын арттыруға және Римдегі сансыз мәдени мұра нысандарын күтіп-ұстауға бағытталатынын мәлімдеді. Алдын ала есеп бойынша, бұл жүйе жылына 6,5 миллион еуроға дейін қосымша табыс әкелуі мүмкін.
Қай уақытта төлеу керек?
Ақылы кіру таңғы 9:00-ден кешкі 21:00-ге дейін ғана қолданылады. Ал түнгі уақытта фонтанға жақындау тегін болады. Билеттер ең көп адам жиналатын сағаттарда фонтанның төменгі аймағына кіруге мүмкіндік береді. Айта кетейік, бұл аймаққа кіру былтырдан бері-ақ шектеле бастаған.
Биліктің мәліметінше, соңғы бір жылда кезек жүйесі мен кіру-шығу бағыттарын ұйымдастыру жақсы нәтиже берген. Жыл басынан бері шамамен 9 миллион адам фонтанға жақындау үшін кезекте тұрған. Рим мэрі Роберто Гуальтьери кей күндері келушілер саны 70 мың адамға дейін жеткенін атап өтті.
Билетті қайдан алуға болады?
Билеттерді онлайн қосымшалар мен арнайы сайт арқылы, сондай-ақ оларды сатуға келісім берген қонақүйлер мен мекемелерден сатып алуға болады. Ал төлем жасағысы келмейтіндер үшін фонтанды алыстан тамашалау мүмкіндігі де бар.
Римнің мәдениет саласына жауапты басшысы Клаудио Паризи Пресичче баспасөз мәслихатында:
Фонтанды көруге ешқандай кедергі болмайды, – деп нақтылады.
Айта кету керек, Рим тұрғындары бұл төлемнен толықтай босатылады. Сонымен қатар, оларға қаладағы бес аз танымал нысанға, оның ішінде Аппий жолындағы Максенций вилласына енгізілетін 5 еуролық жаңа алым да қолданылмайды.
Бұған дейін қазақстандықтар Франциядағы тау шаңғысы курортына тегін бара алатыны туралы жазғанбыз.