Қазақстанда көпшілік жиналатын орындарда бетті тұмшалап жүруге шектеу қойылатын болды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қариннің айтуынша, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Парламент қарауынан өтіп, қабылданған маңызды заңнамалық өзгерістердің бірі – қоғамдық орындарда азаматтардың бетін жабуына тыйым салу.
Бұл шешім ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Көп жағдайда бұл мәселе тек діни көзқараспен байланыстырылады, алайда біз бұған тек діни тұрғыдан емес, жалпы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік тұрғысынан қарап отырмыз. Енді қоғамдық орындарда азаматтардың бетті тұмшалап жүруіне нақты шектеулер қойылады,– деді Мемлекеттік кеңесші.
Жаңа шектеу қоғамдық орындардағы қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, құқық қорғау органдарының жұмысын тиімді етуге бағытталған. Сонымен қатар бұл бастама халықаралық тәжірибеге де сай келеді. Мәселен, бірқатар Еуропа елінде де бетперде немесе тұмшаланған киім киюге қатысты шектеулер бұрыннан бар.