07.03.2026
16:32
430
Енді дәрігерге қол көтеру – ауыр қылмыс: Қазақстанда заң қатайды

Енді дәрігерге қол көтеру – ауыр қылмыс: Қазақстанда заң қатайды

7 наурыздан бастап Қазақстанда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл түзетулер медицина қызметкерлеріне қарсы жасалатын физикалық зорлық-зомбылық пен қорқыту әрекеттері үшін жазаны күшейтуді көздейді.

Түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп, қабылданған. Енді Қылмыстық кодексте медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндетін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғу үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа бап енгізілді.

Құжат нормаларына сәйкес:

  • зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқытқан жағдайда 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл (865 мыңнан 2 млн 162 мың теңгеге дейін), не дәл сол мөлшерде түзету жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру қарастырылған;
  • егер бұл әрекеттер ауырлататын мән-жайларда жасалса, жаза 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруға дейін күшейтіледі;
  • өмірге және денсаулыққа қауіпті емес күш қолданылған жағдайда 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл (2 млн 162 мыңнан 4 млн 325 мың теңгеге дейін), не дәл сондай мөлшерде түзету жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған;
  • ал өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолданылған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал ауырлататын мән-жайлар болса 7 жылдан 12 жылға дейін жаза белгіленеді.

Сонымен қатар заңнамалық өзгерістермен бірге медициналық ұйымдарда жұмыс орындарының қауіпсіздігін күшейту шаралары енгізілуде. Атап айтқанда, фельдшерлерді бейнежетондармен жабдықтау, қабылдау бөлімдеріне дабыл батырмаларын орнату, бейнебақылау жүйелерін интеллектуалды талдау жүйелерімен біріктіру және 152 стационарда тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеттерін сақтау қарастырылған.

Дәрігерлерге жасалған шабуылдар

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және басқа да медицина қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл тіркелген.

2023 жылдың қазан айында Көкшетау қаласында дене қызуы көтерілген балаға шақыртумен барған медицина қызметкерін екі ер адам соққыға жыққан.

2024 жылдың қаңтарында Қарағанды қаласының Майқұдық ауданындағы аулалардың бірінде ер адам жедел жәрдем жүргізушісін ұрып кеткен. Оған арнайы көліктің қалай қойылғаны ұнамаған.

Сол жылдың қыркүйегінде Бейнеу ауданында мас күйдегі ер адам жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасап, полицияға қарсылық көрсеткен.

Бірнеше айдан кейін, желтоқсанда Қостанай қаласында науқас әйелдің туыстары шақыртуға келген жедел жәрдем фельдшерін соққыға жыққан.

Ал 2025 жылдың маусымында 38 жастағы ер адам Қарағандыдағы облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне шабуыл жасаған. Нәтижесінде дәрігерлер ми шайқалуын, сынықтар мен түрлі жарақаттар алған.