13.04.2026
11:49
155

Енді бітіру кеші мейрамханада өтпейді: министрлік жаңа талаптарды жариялады

Қазақстанда мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібі қайта қаралып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет-порталы.

Министрлік Ішкі істер министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, түлектер кешін өткізуге қатысты нақты талаптарды бекітпек. Бірлескен бұйрық қабылданады.

Түлектер кеші тек мектеп қабырғасында өтеді

Жаңа талапқа сәйкес, аттестат тапсыру рәсімі тек білім беру ұйымдарының ішінде ғана ұйымдастырылуы тиіс. Яғни бұрынғыдай мейрамханаға барып немесе қала сыртындағы демалыс орындарында атап өтуге ресми түрде рұқсат берілмейді. Бұл шектеу мектептердің барлығына ортақ талап ретінде енгізілмек.

Ақша жинауға толық тыйым салынады

Маңызды өзгерістердің бірі – қаржыға қатысты. Енді түлектерден, ата-аналардан немесе заңды өкілдерден қандай да бір қаражат жинауға қатаң тыйым салынады. Оған қоса сыйлық беру, түрлі материалдық көмек көрсету сияқты әрекеттерге де жол берілмейді. Бұл дегеніміз – бітіру кеші «міндетті шығынсыз» форматта өтуі керек деген сөз.

Негізгі мақсат – қауіпсіздік

Министрлік бұл шаралардың басты мақсаты – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті. Әсіресе мектеп бітіру кезеңінде жастардың көп жиналатын орындарында тәртіпті сақтау мәселесіне ерекше мән берілмек.

Полиция мен әкімдіктердің міндеті

Бұл ретте Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейтіп, жастар жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты болады. Ал жергілікті әкімдіктер мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырып, ата-аналар мен түлектерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс.

Жалпы, жаңа талаптардың басты бағыты – мектеп бітіру кешін артық шығынсыз, қауіпсіз әрі тәрбиелік мәні бар форматта өткізу.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыдағы мектептердің бірінде бітіруші 138 түлектен және олардың ата-аналарынан жалпы сомасы 41 миллион теңгеден астам қаражат жиналмақ болғаны туралы жазған едік.