13.03.2026
09:03
229

Енді ата-аналар баласының WhatsApp чаттарын бақылай алады

WhatsApp мессенджерінде кішкентай баласы бар ата-аналарға арналған жаңа мүмкіндік енгізіле бастады. Енді ата-аналар балалардың аккаунтын өз бақылауында ұстап, олардың кіммен сөйлесіп жүргенін және қосымшада қалай уақыт өткізетінін реттей алады.

Жаңа функцияның басты мақсаты – баланы қажетсіз байланыстардан қорғау әрі мессенджерді қауіпсіз пайдалануға жағдай жасау. Бұл режимде баланың WhatsApp-тағы әрекеттерін ата-ана шектей алады: мысалы, тек хабарлама алмасу мен қоңырау шалуға ғана рұқсат беріп, басқа мүмкіндіктерді өшіруге болады. Сонымен қатар ата-ана баламен кім хабарласа алатынын өзі белгілейді, қандай топтарға қосылатынын қадағалайды және бейтаныс адамдардан келген сұрауларды тексеріп отырады. Құпиялық баптаулары да ата-ананың бақылауында болады.

Бақылау жүйесі арнайы алты таңбалы PIN-кодпен қорғалған. Бұл - баланың өзі баптауларды өзгерте алмауы үшін енгізілген қосымша қауіпсіздік шарасы.

Функция әлем бойынша біртіндеп іске қосылып жатыр, сондықтан кей өңірлерде кейінірек пайда болуы мүмкін. Функцияны қосу әдісі өте қарапайым: алдымен баланың құрылғысына WhatsApp орнатылады, тіркелу кезінде «ата-ана бақылауындағы аккаунт» нұсқасы таңдалады, телефон нөмірі мен туған күні расталады. Содан кейін баланың аккаунты ата-ананың профилімен QR-код арқылы байланыстырылып, PIN-код қойылады.