Қаладағы зәулім үйлер, көз тартар әдемі ғимараттар нағыз еңбек адамдарының маңдай терімен салынғанын кейде ескермей жатамыз. Расында да бұл үйлер бүкіл тіршіліктің арқауын ұстап тұрған құрылысшы деген мамандық иелерінің қолтаңбасы. Тамыз айының екінші жексенбісі елімізде құрылысшылар күні ретінде атап өтіледі. Мереке қарсаңында Солардың бірі емес бірегейі Шоқан Қабдоллаұлы Ыбыраевтың еңбекпен өрілген өмір жолына үңіліп, сала туралы сұхбаттасқан едік.
El.kz: Шоқан аға, құрылыс саласындағы алғашқы қадам неден басталды? Ең алғашқы шешім, алғашқы арман қайда, қалай пайда болды?
Шоқан Қабдоллаұлы: Арман деген – бала кезден бойыңда бүр жарып, уақыт өте келе тамырын тереңге жіберетін нәрсе ғой. Мен Екібастұзда дүниеге келдім. Ол кезде қалада тау-кен өндірісі қызып тұрған. Көп достарым шахтаға барғысы келді. Мен де солардың қатарында болдым. Бірақ бір ауыз сөз тағдырымның бағытын өзгертіп жіберді. Әкем: «Құрылыс ешқашан тоқтамайды. Адам тұрған жерде үй салынады. Сондықтан бұл мамандықпен арманыңа ешқашан жете алмай қалмайсың», – деді. Сол сәтте менің ішімде бір жарық сәуле пайда болды.
Бұдан кейінгі өмірім – сол шешімнің айналасындағы шеңбердей өрілді. Павлодар техникалық училищесінде құрылысшы мамандығын меңгердім, әскерге барып елге оралған соң да инженер-құрылысшы біліктілігін алдым. Бұл менің тек кәсіп емес, өмірім болатынын сол кезден-ақ сезген сияқтымын.
El.kz: Сіз үшін құрылыс – нысан салу ғана емес секілді…
Шоқан Қабдоллаұлы: Дұрыс айттыңыз. Құрылыс – тек бетон мен кірпіш емес. Ол — адамның өмірін өзгертуге қатысатын әрекет. Сен бір үй салғанда, бір шаңырақтың болашағын қалыптастырасың. Ол жерде балалар өседі, адамдар армандайды, қарттар тыныстайды.
Демек, құрылыс дегеніміз адамдардың сенімін тұрғызу ғой. Ал сол сенімді иықпен көтеріп жүру – үлкен жауапкершілік. Сонымен қатар мынаны ұғыну керек: бұл жол – бір күнде басталып, бір айда аяқталатын шаруа емес. Бұл – бүкіл ғұмыр.
El.kz: Еңбек жолыңыз қай жерден басталды? Ең бірінші кірпішті қай жақта қаладыңыз?
Шоқан Қабдоллаұлы: Алғашқы еңбек жолым туған қалам Екібастұзда басталды. Ол кезде мен шахталарда еңбек ететін жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер салдым. Қарапайым құрылысшы болып бастап, кейін учаске бастығына дейін көтерілдім. Жасым жиырма беске енді толғанда, бүтін бір жобаның жауапкершілігін мойныма алдым.
Бұл менің бұғанамды қатайтты, жігерімді жаныды әрі ширата түсті. Әр шешімім — ондаған жұмысшының, жүздеген отбасының тағдырына әсер ететінін түсіндім. Құрылыста қателік кешірілмейді. Қателік — құлау, ал біз тұрғызу үшін келдік.
El.kz: 1990-жылдардың қиындықтары, сол кездердегі тоқырау кәсіби жолыңызға әсер етті ме?
Шоқан Қабдоллаұлы: Әрине. Тоқырау – тек экономикада емес, адамның ішкі рухында да сезілді. Бірақ мен мойымадым. Құрылыс маған қайта ойлануға емес, қайта тұруға көмектесті. Шағын кәсіппен айналысып, сауда нысандарын салдым. Бұл кезең менің өмірлік икемімді арттырды, тек шебер ғана емес, ұйымдастырушы болуға үйретті.
El.kz: Қазір өзіміз өмір сүріп жүрген елордамыздың алғашқы жобаларына қатысқаныңызды білеміз. Ол қандай кезең болды?
Шоқан Қабдоллаұлы: 2000 жылы Астанаға көшіп келдім. Бұл қала сол кезде бос жазыққа айналған жер еді. Біз әр қабырғасын қолмен қалап, әр көшесін көзбен елестетіп тұрғыздық. «Бәйтерек» монументі, жасыл желекті бульвар, қазір өзіміз кіріп-шығып жүрген көптеген әкімшілік ғимараттар – осы нысандарда жұмыс істедім. Бұл тек кәсіби өсу емес, елдік іске араласу болатын. Елорданың әр кірпіші – менің жүрегімде жатыр.
El.kz: Кейін сіздің кәсіби өміріңіз басқа арнаға бұрылды. Бұл кезең қалай басталды?
Шоқан Қабдоллаұлы: 2011 жылы BI Group компаниясына шақырту алдым. Ол кезде құрылыс саласында тәжірибем мол еді, бірақ жаңа орта, жаңа стандарт, жаңа серпін қажет болды. Мұнда келген соң алғашқы жобам «BI Village Deluxe» тұрғын алабы болды.
Одан кейін бірқатар кешендерді басқардым. «Nova City» тұрғын үй кешенін тұрғызу – мен үшін ерекше құрылыс аймағы болды. Бұл тек тұрғын үй емес, бүтін ықшамаудан. Инфрақұрылымнан бастап, әр ауланың архитектурасына дейін біз ойластырдық. Алты жылым – бір ғана жобамен өтті. Бірақ бұл уақыт – менің кәсіби кемелдену кезеңім болды.
El.kz: Пандемия кезіндегі госпиталь құрылысы ел есінен шыға қойған жоқ деп ойлаймын. Сол сәттерді ұмытпайтын шығарсыз…
Шоқан Қабдоллаұлы: Ұмытылмайды. Ол – кәсіби емес, адами сәт. Бізге небары он сегіз күннің ішінде толыққанды инфекциялық аурухана салып бітіру керек деген тапсырма берілді. Уақыт шектеулі, тәуекел жоғары, қысым күшті.
Ақорда
Біз ұйқыны ұмыттық, көлікте түнеп, жолда тамақтанып жүрдік. Бірақ ешкім шағым айтпады. Себебі, бәрімізде бір ғана сезім мен мақсат болды, ол – алағай да бұлағай шақта елге көмектесу, бір жағына шығысу. Қиын сәтте халық сенім артып тұрғанда, кері шегінуге хақымыз болмады. Бұл азаматтығымызға, адамдығымызға сын.
El.kz: Қаншама жас маман сізбен бірге еңбек етіп, бүгінде жетекші атанып жүр. Бұл сіз үшін нені білдіреді?
Шоқан Қабдоллаұлы: Бұл – менің ең үлкен жетістігім. Қанша нысан тұрғызсақ та, адам тәрбиесі – одан жоғары. Жетекшілік ету деген – тек бұйрық беру емес, жол сілтеу. Мен еңбек еткен жылдары талай жас маманмен жұмыс істедім. Олардың бүгінде өз жобалары бар. Бұл – менің еңбегімнің нәтижесі деп ойлаймын.
El.kz: Өзіңізді қалай дамытып отырдыңыз? Өсу, ілгерілеу үшін не істеу керек?
Шоқан Қабдоллаұлы: Қазіргі құрылыс бұрынғыдай емес. Тек шеберлік жеткіліксіз. Қазір басқару мәдениеті, логистика, халықаралық стандарт, аудит, қауіпсіздік деген ұғымдар алға шықты. Мен Жапонияға барып, озық технологияларды, тәртіп жүйесін көріп қайттым. Соларды қолдануға тырыстым.
Маман тек құрылысшы болмауы керек. Ол көшбасшы, ұйымдастырушы, тәлімгер, стратег бола алуы қажет.
El.kz: Отбасыңыз – ең басты тірегіңіз. Сол туралы бір-екі ауыз айтып өтсеңіз.
Шоқан Қабдоллаұлы: Жұбайым Алма екеуміз бір қыз тәрбиеледік. Қазір күйеу баламызбен бірге тұрамыз. Екі немерем бар – 7 және 8 жаста. Олар – менің қуанышым, келешегім.
Биыл 60 жасқа толсам да, жұмысымды тоқтатқым келмейді. Құрылысты тастай алмаймын – ол менің қанымда бар. Енді мақсатым – немерелерімді еңбекке баулу. Мүмкін, бір күні олар да мен салған жолмен жүрер.
El.kz: Құрылыс сіздің жүрегіңізде қандай орын алады?
Шоқан Қабдоллаұлы: Құрылыс – менің өмірімнің өзегі. Мен үшін ол жай кәсіп емес, ол сенім, ол із, ол болашақ. Құрылыс арқылы мен өзімді де, өзгелерді де қалыптастырдым. Бір қабырға қаласам – бір тағдырға жол аштым. Міне, осы сезіммен өмір сүріп келемін.
El.kz: Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!