Еңбек адамын барынша насихаттау керек - депутат

Бүгiн, 14:40 167

Депутат Жигули Дайрабаев Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, еңбек адамының атқарған жұмыысн барынша көрсетуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісменнің сөзінше, өткен жылы көктемгі дала жұмыстары мен егін жинауға 580 млрд теңге бөлініп, биыл 700 млрд теңгеге ұлғайды. Болашақта ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 1,5 трлн, техниканы жаңартуға 400 млрд, ал инвестициялық жобаларға 800 млрд теңге бөлінеді.

Басқа салаларды алып қарасақ, 2024 жылы 500 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек, 580 мың көпбалалы отбасыға мемлекеттік жәрдемақы берілді, ауылдарда 361 медициналық нысандар пайдалануға берілді, 12 мың шақырым автомобиль жол құрылысы жасалынды, 257 мектеп салынды, 39 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүргізіліп, 166 ауылда суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылды. Мұның барлығы қыруар күшпен, ел – жұрттың көз алдында атқарылған жұмыстар! Алайда, осының бәрін көпшілік біле бермейді. Осы күні барлық салада тек негативті көрсететін «блогерсымақтардың» қатары көп. Сол азаматтардың көпшілігі қолына күрек алмаған, халық үшін атқарылып жатқан игі істердің қадірін жете түсініп, байыбына да бармаған жандар!, - деді ол.

Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады. Депутат «Түйір нан – тамшы тер», - деген! Жоғарыда атап өткен барлық ілкімді жобалардың жүзеге асуы қыстың шіліңгір аязында, жаздың аптап ыстығында, күн деместен, түн деместен жұмысын адал атқырып жүрген сол қарапайым еңбек адамының арқасы екенін айтады.

Өкінішке қарай, жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүретіндердің қатары көбейген қазіргі қоғамда сол нағыз еңбек адамдарын ұлықтауымыз керек! Олардың еңбек жолын насихаттауымыз қажет! Ол үшін не істемек керек?!

  1. Телеарналар мен мерзімдік басылым арқылы еңбек адамына арналған мазмұнды арттыруымыз керек. Және ол туралы теледидар контентін халықтың неғұрлым көп тамашалайтын уақытында көрсеткен жөн шығар. Өкінішке қарай, біздің қазіргі тұтас қоғам сол «той бизнесінің» маңайында топтасқандай көрінеді, маған. Ал кейде телеарналар қарапайым халықты ысырапқа салатын сол «тойшыл әртістердің» жарнамасын, өмір салтын насихаттап жатқандай әсер қалдырады. Ақиқаты сол! Мен шынайы өнерге қарсы емеспін, мен тұтас телеарналардың «шоу» болып кетуіне қарсымын! Сондықтан, жекелеген шоу бағдарламалардың орнына қарапайым еңбек адамын, оның өмір салтын насихаттайтын мазмұнды бағдарламаларды көрсетсек деген ұсынысымыз бар; 
  1. Өзіңіз басқаратын министрлікке еліміз бойынша мыңдаған кітапханалар, өзге де мәдениет ошақтары қарасты. Бұл орасан мүмкіндік! Біздің «Ауыл» партиясы жыл сайын ұлт мәйегі ауылды насихаттайтын «Ауыл нақыштары» фотобайқауын өткізіп келеді. Шара барысында, біріншіден, талантты фотографтар өз жұмыстарын танытуға мүмкіндік алса, екіншіден, ауыл өмірінің, еңбеккерінің суреттері көрмелер арқылы халықтың назарына ұсынылуда. Ол туралы пікір де жақсы. Аталғанды негізге ала отырып, Сізден, қалалар мен аудан орталықтарындағы, жұмысшы кенттері мен алыстағы ауылдардағы мәдениет ошақтарында қарапайым еңбек адамы туралы фотокөрмелер ұйымдастыруды ұсынамын;
  2. Әлеуметтік желі – әлеуетті күшке, әлемдік байланыс құралына айналды! Ол шындық! «Заманына қарай адамы, адамына қарай амалы», - деген. Бұл тұрғыда біз заман ағымынан қалмауға тиіспіз! Тиісінше, еңбек адамы туралы телеарналарда түсірілген сапалы контент, сондай – ақ, олар туралы қысқа, қызықты ақпараттар сол әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таратылса одан біз ұтамыз. Мұндай амал ертеңгі елдің иесі бүгінгі жастарды мейлінше көп қамтыған болар еді. Осылайша бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істей берейік!,- деді депутат.
Мөлдір Қайнар
Бөлісу: