Еңбек адамы: Техниканың тілін меңгерген маман

19 Қараша, 17:00 360

Жамбыл облысының тумасы Талғат Мылтықбайұлы – үш ұл мен бір қыздың ардақты әкесі. Оның отбасылық құндылықтары мен адал еңбегі көпшілікке үлгі болып отыр. Ол 1990 жылдары еңбек жолын бастап, бүгінгі күнге дейін аймақтағы ауыл шаруашылығының дамуына орасан зор үлесін қосып келеді. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына арнайы қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туған жерден бастау алған еңбек

Талғат Мылтықбайұлы – Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңаталап ауылдық округінің тумасы. Ол 1967 жылы 22 қыркүйекте дүниеге келген. Балалық шағынан-ақ ауыл еңбегінің құндылығын түсініп, ата-анасының үлгісімен еңбекке ерте араласты.

Әкем – механизатор, анам фермада сауыншы болған. Бала күнімізден ата-анамызға қолғабыс етіп, еңбектің дәмін таттық, - дейді кейіпкеріміз.

Білім мен кәсіпке алғашқы қадамдар

Жаңаталап ауылындағы сегіз жылдық мектепті аяқтаған соң, Талғат Байқадам ауылындағы училищеге түсіп, 1985-1987 жылдары машинист-трактор мамандығын алды. Бұл кәсіп оның бүкіл өмірінің негізіне айналды. Әскердегі борышын Мәскеуде 1987-1989 жылдары өтеп келгеннен кейін, туған ауылына оралып, еңбек жолын бастады.

Еңбек жолындағы жетістіктері

1990 жылдары Жаңаталап ауылындағы сиыр фермасында жұмыс істеп, өзінің жұмысын асқан жауаптылықпен атқарған. 1995-1998 жылдары «Коммунар» кеңшарында және заготконторда еңбек етіп, шаруашылықтың әртүрлі саласында тәжірибе жинақтады. Ал 1998 жылдан бері Талғат Мылтықбайұлы «Игілік» өндірістік кооперативінде тракторшы және механизатор болып үзіліссіз жұмыс істеп келеді.

Техниканың тілін меңгерген маман

Теміртабанды трактордан бастап, ауыл шаруашылығы техникаларының барлық түрін меңгерген Талғат, егістік алқаптарын әзірлеу, егін егу және жиын-терім науқандарында ерекше көзге түседі. Ол жыл сайын 1 000 гектарға дейінгі жерді егінге дайындап, кооперативтің мол өнім алуына үлкен үлес қосуда. Техниканың «тілін» жетік меңгерген ол комбайн мен трактордың кез келген түрін шебер басқара алады.

Кооперативтің тірегі және кеңесшісі

Тек егін шаруашылығында ғана емес, Талғат Мылтықбайұлы мал шаруашылығына да қолдау көрсетеді. Оның ауыл шаруашылығындағы мол тәжірибесін аудандағы шаруа қожалықтары жоғары бағалап, кеңес сұрайды.

Еңбек елеусіз қалмайды

Талғат Мылтықбайұлының ауыл шаруашылығындағы қажырлы еңбегі елеусіз қалған емес. Сарысу ауданы, Игілік ауылдық округінің әкімдіктері тарапынан оның жетістіктері Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталған.

Талғат Мылтықбайұлы – ауыл шаруашылығының нағыз маманы, еңбек жолындағы қажыр-қайратымен көпке үлгі. Оның адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі ауылдың өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Еңбек адамының осындай өмір жолы әрбір адамға шабыт сыйлайды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: