Ең ғажап ана

31 Мамыр 2019, 15:06 7075

Ана туралы айтылмаған баллада

Ана болу... Ана болу деген. Түнде қыбыр еткен дыбысқа ояну, үзік-үзік төрт сағаттық ұйқыны әдетке айналдыру. Сөйте тұра өзін сергек сезіну.

Жүрегіңе бүкіл әлемді сыйдыру. Өзіңнің ғана емес, өзгенің баласының жылағанына жүрегің ауыру, қуанғанына шаттану. Әлемдегі ешбір бала жыламасын, ауырмасын деп тілеу.

Ғалым болу. Әлемнің қалай пайда болғанын, күрделі физикалық процестерді қарапайым тілмен түсіндіру, қиял-ғажайып теорияларға түсініктеме беру.

Бұл барлық аналарға тән қасиеттер. Болуы тиіс. Алайда соңғы уақытта баланың көңілін аулауды оның қолына смартфонмен ұстату деп ұғатын, сүйіспеншілігін инстаграмдағы пост арқылы білдіру деп түсінетін аналардың қатары көбейген сыңайлы. Әлбетте, әрбір бала үшін өз анасы ең керемет. Бірақ дәл осы мақаланы жазу үшін кейіпкерді үш ай іздедім. Әдетте диалог былай басталады:

- Мен ең ғажап ана деген мақалама кейіпкер іздеп жүр едім. Ең керемет, ғажап ананы білесің бе?

- Иә, менің анам керемет. 

- Себебін түсіндіріп айтып бере аласың ба?

- енді өйткені ол менің анам ғой...

Барлық ана жақсы. Қайталап айтамын. Бірақ өз баласына қамқорлығымен ғана емес, тұлғалық қасиеттерге ие, баласына ғана емес, өзгелерге де үлгі болатын аналар іздеп едім. Мұндай аналарды тапқан сияқтымын.

Әйгерім Түлкібаева, 38 жаста.

Менің анам - Саида әкем 36 жасында қайтыс болғанда үш баламен жесір қалды. Ағам ол кезде 10 жаста, мен сегізде, бауырым 2 жаста ғана едік. Бар ауыртпалық анама түсті. Оның үстіне тоқсаныншы жылдар әкесі де, шешесі де бар отбасылардың өзіне оңайға соқпап еді. Анам жедел жәрдемде дәрігер болды. Бізді асырау үшін күн-түн демей жұмыс істеді. Бірақ қазір есіме алсам анамның мұңайған, қиналған жүзін көрмеппін. Қарапайым дүкенге барудың өзін мейрам ететін. Оның өмірдегі миссиясы бізді бақытты ету болған сияқты. Аз ғана жалақысының өзін үнемдеп жазда демалысқа апаратын. Лагерь, ауыл, Қарағанды, Екібастұз ... Сол жазғы демалыстардың әрқайсы есімде. Сапарға жиналудың өзі көңілді өтуші еді. Әдетте әйелдер бір жаққа баратын кезде сөмкесіне косметика, иіссуыларын салады ғой. Ал менің анам сөмкесіне толтырып дәрі-дәрімек салып алатын. "Мама, біз ауруларды қабылдауға емес, демалуға бара жатырмыз ғой? Қайтесіз мұның бәрін жүк қылып?" дейтінбіз біз. "Менің мамандығым дәрігер. Гиппокартқа берген антым бар ғой. Поезда біреу ауырып қалса қайтемін? Дәрігер тек ауруханада ғана емес, өмірдің кез келген сәтінде адамдарға көмектесуге дайын болуы керек" дейтін. Сол қағидасы санама сіңіп қалыпты. Адамдарға көмек беру, адамгершілік таныту, біреудің ала жібін аттамау, барлығына тең қарау - бұл анамның бізге қалдырған миссиясы. Қазір үшеуміз үш түрлі салада қызмет етеміз, жетістіктеріміз де аз емес. Осы күнге жеткізген анамның тәрбиесі деп санаймын. Тоқсаныншы жылдары жоқшылықпен қатар бір жабайы еркіндік болды. Ересектер мең-зең. Жасөспірімдер қараусыз қалғандай болды. Анам бізге білдіртпей, ақырын ғана кітапқа құмарлықты сіңірді. Қолы қалт етсе, бізбен бірге кітап оқитын. Біздің кітапханамызда әлем классиктері, фантастика, ғылыми-танымдық әдебиет, энциклопедия, медициналық кітаптар болды. Шетінен қылғытып жұта бердік. Менің бойымдағы жойқын энергияны анам осылайша пайдалы бағытқа бұра білді. Ол ешқашан бізге ұрысып, бұйырып сөйлемейтін. Кішкентай кезімізден бізбен санасып, тұлға етіп тәрбиеледі. Кейін мен мектеп бітіргенде бірден "заңгер" мамандығын таңдадым. Себебі әкем полицияның "қылмыстық іздестіру" қызметінде жұмыс істеді. Әкем қайтқанда мен  8 жасар баламын. Ойын баласының есінде не қалады дейтін шығарсыз. Алайда әкемнің мен сіңіріп үлгермеген ақыл-өсиетін, тәрбиесін анам бұлжытпай бізге бере білді. Есейіп ересек өмірге желгенше маған әкемнің сөзін, мінезін, қолдауын анам жеткізіп жүрді.

Қазір ойласам, анам біз үшін өз жастығын сарп еткен екен. Жолдасынан айырылғанда әлі жап-жас келіншек. Жоғары білімді, сымбатты, сұлу келіншекке көзін салғандар да, өзге жартымен "бір бүтін болуға" ақыл айтқан жеңгетайлар да болған шығар. Бірақ олардың ешқайсы бізге жеткен емес. 2013 жылы 58 жасында анам өмірден озды. Мен үшін бұл қаза тым ауыр болды. Үйде көңіл айтуға келген кісілер ығы-жығы. Менің көзім ісіп, мең-зең болып жүрмін. Бір мезетте ағам ас үйге кіргізіп алып қатқыл үнмен "анамды кейін өзіміз қалғанда жоқтаймыз, қазір жиналып өзіңе кел" деді. Сол сәтте алдымда қорған болар ағамның барын түсіндім. Менің анамның маған берген тағы бір сыйы - бұл менің ағам мен бауырым екенін сол кезде ұқтым. Бұл өмірде бір-бірімізден жақын жанның жоқ екенін бала кезімнен түсінетінмін. Сондықтан да біз ешқашан бір-бірімізбен төбелесіп, ренжісіп көрмеппіз. Мен мектепте оқып жүргенде ағам Мәскеуге оқуға кетті. Әлі есімде 12 беттік дәптерге әзер сыйған хаттарымыз. Қазір өзім де анамын. Анамның тәрбиесін, әрбір айтқан сөздерін ұмытпай, ары қарай таратуға тырысамын. Жаныңдағы жақындарыңды қадірлеу, өміріңнің ешбір сәтін жағымсыз дүниелерге жұмсамау, адал болу, балаларыңды мәпелеп өсіру ғана емес, азамат етіп тәрбиелеу. Анам сияқты бола аламын ба білмеймін. Себебі ондай ғажап аналар өте сирек.

Ләззат Мықтыбаева, 40 жаста. 

16 жасында кеншілердің шағын қаласына жазғы практикаға келген алматылық ерке ару осында қалып, 10 баланың анасы болуды армандамаған шығар, білмеймін. Оның ата-анасы ауқатты адамдар еді. Анам Светлана өте сұлу болды әрі өлеңді тамаша шырқайтын. Қою қара шашы бар, келісті өңді талдырмаш қыз еді. Консерваторияға түсіп, әнші болғысы келетінін кейде айтып қалатын. Алайда жүрекке махаббат келсе, санаға ерік берсін бе? Анам әкемді кездестіріп қалады. Сөйтіп ерке, шолжаң қыз оқуды тастап, әкеме тұрмысқа шығады. Сөйтіп көп ұзамай ағам, содан соң мен, іні-сіңлілерім дүниеге келіп, анам он баланы дүниеге әкелгені үшін алтын алқа алды. Аты ғана ғой "алтын алқалы" ана деген. Шындап келгенде бәрімізді жеткізу ата-анама оңай болған жоқ. Әкем кеніште істейтін қарапайым шахтер.

(Фотода: Ләззаттың анасы)

Анам балаларға қарайды. Біздің отбасы тоқсаныншы жылдардың таршылығын да, екі мыңның есерлгін де көрді. Бірақ әке-шешемнің арқасында ешкімнен кем болмадық. Үйдің ересектері институтта оқып жүргенде оңай болған жоқ. Үкіметтен бір тиын көмек жоқ. Бәріміз тек әкемнің тапқан-таянғанына қарап отыратын едік. Ағам екеуміз ақылы бөлімде оқыдық. Кішілер мектепке енді бара бастаған. Отбасыға салмақ салмайын деп оқуды тастап кеткің келетін кездерде анам ондай ойлардың өзін тыйып тастайтын еді. Қазір анам 66 жаста. Кенжесін үйлендіріп, немерелерін бағып отыр. Анамның өміріне көз салып ойланып отырмын. Егер дәл оның өмірін маған берсе, шыдар ма едім?  Бақыттымын деп айтар ма едім? Бауырымыз Мұхаммед науқасқа шалдығып он жасында көз жұмды. Қайғыны еңсеріп енді бойын тіктей бастағанда әкеміз аты жаман ауруға тап болды. Қатерлі ісік қойсын ба, бір жылға жетпей әкем көз жұмды. Қанаттары қатайып үлгермеген тоғыз баламен анам қалды. Білесіз бе, қазір есіме алып отырсам анамның кейіген, налыған, күрсінген кезін есіме түсіре алмай отырмын. Жоқ, анам не болса о болсын дейтін адам емес. Ол әкемді де сүйетін. Онымыздың әрқайсымызды жалғыз баласындай жақсы көреді. Сол бізге деген махаббаты шығар оны мықты ететін. Бірде анамнан "Сен бізді туғаныңа өкінбейсің бе? Он баланы туу тұрмақ, асыраудың өзі оңай емес қой?" деп сұрадым. Анам "Бала деген бақыт емес пе? Мен сендерді туғаныма қалайша өкінемін. Титтей де өкініш жоқ, мен бақыттымын," деді. Қазір өзім де анамын. Үш балам бар. Бірақ дәл менің анамдай ана бола алмаспын. Ол үшін білім де, тәрбие де жетіліксіз. Ондай ана болу үшін өте үлкен жүрек керек.  

Алуа Қаратай, 23 жаста

Менің анам Жанат Қаратай бес баланы өсіріп, тәрбиеледі. Жоқ, тіпті бес бала емес-ау, мыңнан астам баланы аяққа тұрғызды деуіме болады. Бәрін басынан бастап айтайын. 21 жыл бұрын анам тұңғышын туады. Ағамда аутизм спектрлерінің белгілері бар еді. Дәрігерлер мұндай баланы "адам қылу" мүмкін емес екенін айтады. Бірақ анам мойыған емес, ол аутизм туралы барлық ақпаратты оқып, зерттеуге кірісті. Осылайша анам аутизм бойынша маманға айналды. Ағам Әлібек кішкентай кезінен скульптура мен суретке бейім болды. Анам оның қабілетін аша білді. Ағамның жұмыстары Канадада өткен Аутистер жетістігінің халықаралық фестивалінде екі рет қатарынан жүлделі орынға ие болды. Алматы қаласында оның жеке көрмесі өтті.  Әлібек біздің бүкіл отбасымыздың мақтанышы.

(Фотода: Алуаның анасы)

Менің анам аутист балаларға ғана емес, дамуында түрлі проблемалары бар балаларға көмек береді. 2010 жылы ол өзі сияқты екі әйелмен бірігіп "Ашық әлем" қорын құрды. Бұл қор әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Бірақ бірнеше жыл бұрын анам мен әкем өз алдына жеке іс ашпақ болып ескі базаны сатып алды. Қазір бұл компания "Pioneer Concept" деп аталады. Мұнда анам ерекше балаларға арналған тренингтер, жаттығулар өткізеді. Ол менталды және физикалық дамуында қиындықтар бар балалармен жұмыс жасаудың әдістемесін жасап шықты. Әке-шешем балаларға шаңғы, сноуборд тебуді үйретеді. АҚШта бұл әдіс гипокситерапия деп аталады. Зерттеулер бұл әдіс аутистік спектрдің түрлі белгілері бар балалардың санасына, физикалық дамуына оң әсерін беретінін дәлелдеді. Бұл тек зерттеулермен ғана емес, анамның орталығына келген әр баланың тәжірибесімен де дәлелденуде.  

 Анамның бойындағы үш қасиетті айта алам: қуат, мейірім, қайсарлық. Отбасының тірлігін, балалар тәрбиесін, оған қоса қордың жұмысын дәл осындай биік межеде алып жүру оңай ма? Таңнан кешке дейін анам бір дамылдамайды. Өзім таң қалам қайдан алады осы күш-қуатты. Әрине, әкемнің беретін қолдауы да бар ғой. Бірақ анамның бойында қуаттың сарқылмас көзі бар сияқты. Ол қуаты басқаларға да күш береді. Біз үйде бес баламыз. Кенжеміз бес жаста. Анашым "сен ерекшесің, сен ересексің, сен кенжесің" демейді. Әрқайсымызды мейіріне бөлеп жүреді. Былай қарап отырсам мен өзге елдемін, арамызда қаншама мыңдаған шақырым бар. Бірақ анамның жылуын, мейірімін үздіксіз сеземін. Үнемі телефон, мессенджерлер арқылы ақыл-кеңесін, қамқорлығын беріп тұрады. Қорға келетін балалармен қалай жұмыс жасайтынын көрсеңіз ғой. Жұмыс емес, махаббат дер едім. Әр балаға көңіл бөліп, айналып толғанып жүреді. Аналардың барлығының мейірімі осындай шексіз бе еді? Менің анама тән тағы бір қасиет - табандылық. Қайсар мінезді анам "жоқ" дегенді білмейді. Ағам дүниеге келгенде дәрігерлер оны адам қатарынан сызып тастаған. Ал анам үміт пен мүмкіндікке ешқашан жоқ деп айтуға болмайтынын дәлелдеді. Қор жұмысына қатысты да түрлі кедергілерге мойынсұнбайды. Оның қолынан бәрі келеді.

Анамның осы мінезі маған мотивация береді. Мен 18 жасымнан Лос-Анджелес қаласында тұрамын. Журналистік қызметті Павлодар-Қазақстан телеарнасынан бастадым. Қазір журналистика факультетінің соңғы курсында оқып жүрмін. Алдағы уақытта заңгер мамандығы бойынша да білім алуды жоспарлап жүрмін. Себебі қазір эмиграциялық істермен айналысатын адвокат көмекшісі болып қызмет етемін. Сонымен бірге эмиграциялық соттарға, интервьюлерге барып аудармашылық қызмет көрсетемін. Мен де қиын жағдайларға тап болған адамдарға көмек қолын созғым келеді. Мен үшін анам тек мәпелеп, тәрбиелеп, қамқор болған адам ғана емес, ол маған үлгі болып, әрқашан бағыт ұстайтын темірқазығым.      

Бэлла Орманбет
Бөлісу: