25.11.2025
17:27
448
«Ең жоғары көрсеткіш». Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандардың өмір сүру ұзақтығы артқан

«Ең жоғары көрсеткіш». Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандардың өмір сүру ұзақтығы артқан

Қазақстанда қатерлі ісік диагнозы қойылғаннан кейін бес жыл өмір сүрген пациенттердің үлесі 65%-ке жетті. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Еуропа мемлекеттерінің деңгейіне жақындап келеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Астанада өткен Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Қазақстанда қатерлі ісік диагнозы қойылғаннан кейін бес жыл өмір сүрген пациенттердің үлесі артқаны хабарланды.

Бес жылдық өмір сүру деңгейі алғаш рет жоспарланған 58% межеден асып, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткішке айналды. Қазақ онкология және радиология ҒЗИ басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетовтің айтуынша, бұл индикатор онкологиялық көмек тиімділігін бағалауда негізгі өлшемдердің бірі саналады.

Жалпы өсімге ең үлкен үлес қосып отырған – сүт безі, жатыр мойны және қуықасты безі қатерлі ісігі бойынша қол жеткізілген нәтижелер. Бұл бағыттарда Қазақстанның бес жылдық өмір сүру деңгейі 80%-тен асып, Еуропа стандарттарына барынша жақындады. Сондай-ақ ерте диагностиканың артуы да болжамды айтарлықтай жақсартып отыр: нөлінші және бірінші сатылардың үлесі 32,8%-ке дейін көтеріліп, былтырмен салыстырғанда 4,1%-ке артқан. Онкологиялық науқастардан болатын өлім-жітім 100 мың адамға шаққанда 59 жағдайға дейін төмендеді – бұл былтырғы деңгейден 3%-ке аз және мақсатты көрсеткіштен жақсы.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомствоға мына міндеттерді жүктеді:

  • аяқталған жағдай үшін төлем қарастырылған арнайы скринингтік орталықтарды құруды пысықтау;
  • онконауқастарға амбулаториялық бақылау орталықтарын іске қосу;
  • скринингтермен қамтуды 2025 жылы – 70%-ке, 2026 жылы 80%-ке жеткізу;
  • бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде онкоқырағылықты арттыру арқылы кеш анықталатын сатылардың үлесін төмендету.

Өңірлік басқармалар скринингтерді күшейтіп, кеш анықталатын сатылардың үлесін азайтуы керек. Бұл адамдардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығына тікелей әсер етеді, – деді Ақмарал Әлназарова.