Кеше қазақ киносы мен театрының аңызына айналған актер, режиссер, Қазақ КСР халық әртісі Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден өтті. Өнерге ғұмырын арнаған сахна саңлағы артынан ел жадында сақталған тағылымды сөздер мен өмірлік сабаққа айналған терең ойлар қалдырды. Осы орайда ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның көзі тірісінде айтқан, көпшілікке ой салған әңгімелерінің маңызды тұстарын назарларыңызға ұсынамыз.
«Өміріме өкпем жоқ»
Асанәлі Әшімов соңғы сұхбатын осыдан 3 күн бұрын «Qazaqstan» телеарнасының «1001 түн» бағдарламасына берген еді. Ол өмірі мен шығармашылығы туралы сыр шертіп, өміріндегі ең үлкен өкініші туралы айтты. Актер өмірден озған балалары Сағи мен Мәди Әшімовтерді еске алды.
Бір жылы емханада жатқанда таңертең сегізде процедураға баруым керек еді. Ұйықтап қалыппын. Сағидің «аға» деген дауысын естідім. Саңқ ете қалды. Сағатқа қарасам процедураға баратын уақыт болған екен. Оятқаны ғой. Балаларыма тәрбие бере алмадым. Балалар менің інімдей болды. Өйткені шешей тәрбиеледі. Шешем бұларды бала қылды. Мені «аға», Майраны «тәте» деді. Мен олармен қалжыңдасып, құрдас адамдай болдық. Мектебіне барып, сабағына қатысып деген менде болған жоқ. Тең өстік деген сөз ғой. Кейін кеткеннен кейін өкінем ғой. беттерінен ең құрмаса бір рет сүймеппін деп, – деді ол.
Өміріндегі ауыр сәттер мен ішкі арпалыс жайлы ол кейін арнайы кітап та жазған.
Өмірді жаңадан баста бастама, не болды сол қалады жүректе. Қазіргі қасымда жүрген жарым барлық жағдайымды жасап жүр. Осы жасқа келмей қалуым мүмкін еді. Өміріме өкпем жоқ. Қаншама қиындық болды. «Жан бөлек» деген кітап жаздым. Олармен бірге кете алмайды екенсің, жаным бөлек. «Тірі адам тіршілігін жасайды». Сәтті отанасы болса, сол үй бақытты. Сәтсіз болса, ол үйде жақсы өмір болмайды, – деді Асанәлі Әшімов.
«Қазақ өлген адамды шығарып салудан мықты»
Асанәлі Әшімов студенттік шағынан бастап күнделік жазуды әдетке айналдырған. Соңғы уақытта желіде сол күнделіктерінен үзінділер таралып, көпшіліктің назарын аударды. Сақталып қалған жазбалардың өзі актердің ішкі әлемін, өмір жолындағы толғаныстары мен таңдауларын тереңінен танытады.
01.01.1985
Биыл жалпы Шоқанның жылы. Тағы да күнделік бастадым. Студент кезімде 13 дәптерім болған. Жоғалды. Салақтық.
25.05.1992
…Телефон арқылы Оралхан Бөкеевпен біраз жылы сөз айтыстық. «Газетті творчествосы таусылған біреуге тапсырып, жазуға кіріссем деймін» дейді. Бірақ мансап деген пәле қазаққа дерт боп жабысқан, айырылғысы келмейді.
10.06.1992
Қазақ өлген адамды шығарып салудан мықты. Тірісінде соның 3 пайызы болса…
14.03.1993
Мюнхень. Майра ауруханада. Ес-түссіз. Бүгін отау құрғанымызға 35 жыл. Қасымда ұлым Мәди.
11.01.1994
Кино үйі. Депутаттыққа ұсынған екен. Соған отказ беруге бардым.
06.03.1997
Баспасөз министрі Алтынбек Сәрсенбаевқа бардым. Фотоальбомымды шығаруға көмектесетінін, орынбасары Әлібек Асқаровқа тапсырғанын айтып, жүректі жібітті.
01.01.1999
Мәдидің дүниеден өткен күн. Адал да, ақылды баламды жоғалтып, сорлап қалған қаралы күн.
01.09.1999
«Үйдің берекесі әйелге байланысты» дегенге көзім толық жетті.
18.10.1999
Сағиым үйге келіп, апаммен әңгімелесіп отырғанында келдім. Таңданып: «Мұндай уақытта келе бермеуші едің» дедім. «Аға, қонғалы келдім» деді. Ваннага түсіп, бөлек бөлмеге төсек салып жатып қалды. Содан тұрмай қалды ғой, құлыным. Мен үшін жұмбақ.
06.12.2000
«Тарлан» деген сыйлық ойлап тауып, енді, әсіресе, талантсыздарды жүгіртіп қойды.
24.01.2001
Қазақтың тамақ пен бос әңгімеге жаны құмар.
15.03.2003
Ауруханаға соғып Бағдатты үйге алып кеттім. Бағдаттың инициативасы. Үйдің берекесін кіргізетін әйелдер болады, Майра сияқты. Бұл да солай-ау деймін. Дай бог!
«Ең үлкен атақ – жұрттың сенімі»
Асанәлі Әшімов атақ пен даңққа ешқашан масаттанбағанын, өзін қарапайым қалыпта ұстауға тырысты. Мұны «Oimaqnews.kz» сайтына берген сұхбатынан да байқауға болады.
Дандайсу деген менде жоқ. Қара нанның дәмін білеміз. Жеттім дегені адамның жетпегені. Еңбегіңді халық білгеннен артық баға болмайды. Ең үлкен атақ жұрттың сенімі, жылы көзқарасы. Көрегенім, естігенім көп, соны ала білдім, – деген еді.
Асанәлі Әшімов өмір жолында көргені мен естігенін сүзгіден өткізіп, соны бойына сіңіре білгенін де жасырмады. Жастайынан үлкендердің әр сөзін өмірлік сабақ ретінде қабылдағанын айтып, қазақ киносының классигі Шәкен Аймановтың бір ауыз сөзін ерекше ықыласпен еске алған еді.
Жас күнімде қазақтың ұлы режиссері Шәкен Айманов «адамның арқасында қорғасын болуы керек» деді. Соны дұрыс ұқтым. Сол себепті осы күнге таза еңбегіммен жеттім деп ойлаймын, – деген еді актер.
Ол жеткен биігін мансап не марапатпен емес, ұлттық тәрбие мен адалдықпен байланыстырды.
Ұлттық тәрбиенің, адалдықтың арқасында көтерілген болармын. Қазір тәубе жанұям жақсы. Мен 90 жасқа таядым. Өмірді бір адамдай көріп келеміз, өкпе жоқ. Бұйырса, тағы да мәнді-мағыналы ғұмыр кеше берсек дейміз. Жаратқан берген өмірді сүреміз, – деп түйіндеді ол.
«Елді текті өнер басқарады»
Қазақ театрының бүгінгі жай-күйі туралы сөз қозғағанда Асанәлі Әшімов өнердің ішкі заңдылықтарын ашық айтып, нақты мәселелерге тоқталатын еді. «Massaget.kz» сайтына берген сұхбатында қазақ театрындағы басты әлсіз тұсты да жасырмай айтты.
Жалпы, театрды театр жасайтын – драматургия, режиссура, актерлік өнер. Осы үш таған үндескенде дұрыс шығарма туады. Бізде бірақ соның режиссура жағы нашар. Бізде қазір актерлік өнер жоқ емес, бар, драматургия да жоқ емес, ақсап тұрғаны – режиссура. Театр таланттардың үндестігінен құралады. Рас, режиссер көп нәрсені жасайды, бірақ актер де өзінің рөлінің авторы болуы тиіс, – деді режиссер.
Асанәлі Әшімов актер үшін кейіпкерді тек сырттай көрсету жеткіліксіз екенін, оның ішкі әлемін түсіну аса маңызды екенін атап өткен. Ол бұл ойды Абай бейнесін сомдау мысалымен түсіндіріп, актердің дайындық деңгейіне ерекше мән берген.
Кез келген кейіпкердің рөлін ойнағанда оның өмір сүрген заманын елестетіп, ойын сезіне білу маңызды. Мысалы, актер Абайдың рөлін ойнағанда онымен бірге тамақ ішіп, өзімен тілдесіп көрмеген. Сондықтан ақын өмір сүрген заман туралы көп оқуы тиіс, өлеңдерін оқи отырып, оның ішкі жан дүниесін, ойын түсінуі керек. Егер актер өзі сомдайтын кейіпкердің тек сыртқы бейнесін, жүрісін аудырмай салса, бұл – қоқибайлық, – деді актер.
Өнер адамына тән басты қасиет туралы айтқанда ол намыс ұғымын алдыңғы орынға қояды.
Егер дарынды адамға тән басты қасиет не десе, мен намысқойлық дер едім. Намыссызды наданға теңеуге болады. Намыспен қаруланған актер ғана ұлттық өнердің мүддесін, мұратын көздейді. Патриоттықтың негізі – намыс, – деді Асанәлі Әшімов.
Сондай-ақ ол актерлік жолдың жеңіл еместігін айтып, өнер адамдарына жауапкершілік жүктелетін жауапкершілік жайлы сөз қозғады.
Режиссердің айтқанына әркез бас шұлғи беретін актер шахмат ойынындағы пешкамен тең. Актер өз рөлінің авторы болмай, кейіпкер жасауы мүмкін емес. Өзіңді өзің жиі сынамасаң, қажет болса отқа да, суға да түспесең, жақсы актер болу мүмкін емес. Өйткені халыққа сенің атақ-даңқ, дақпыртың керек емес, елді текті өнер басқарады, – деді ол.
«Әйел адам жалаңаштана бастаса, ұлттың жаны жалаңаштана бастайды»
Асанәлі Әшімов бір сұхбатында ұрпақ тәрбиесі мен ананың, әйелдің орнына қатысты ойымен бөліскен еді. Актердің айтуынша, бұл – тек сыртқы өзгеріс емес, ұлттың ішкі болмысына әсер ететін мәселе.
Қазір қызы да бір, анасы да бір. Баяғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұзатылғасын көзден жаулық арқылы көлегейленбесе, қасиет қайтады деп айтатын. Кейде оңашада осыны ойлағанда қорқамын, қазақ бар қасиетінен айырылып бара ма деп. Айналама қараймын, қамығамын кеп. Бүгін мүлдем жат ұрпақ өсіп келе жатқандай. Ертең кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасы жер мен көктей алшақ тартып, ежелден ұлы құндылыққа бай біз ұлт ретінде өзімізді жоғалтып аламыз ба деп алаңдаймын, – деді режиссер.
Бұл ойды ол әйелдің, ананың бейнесімен тікелей байланыстырған. Асанәлі Әшімов үшін орамал – жай ғана киім емес, ұлттың ішкі тәрбиесінің, ұяңдығы мен ұстынының белгісі.
Өйткені айдың, күннің аманында аналар түгел жалаңбас қалды. Бастағы орамалдың мәнісі де жат жұрттық болды. Егер әйел адам жалаңаштана бастаса, ұлттың жаны жалаңаштана бастайды екен. Тіпті сонау ашаршылық кездерінде де, соғыс тұсындағы аласапыран күндерде де біз басымыздан жаулығымызды тастамаған едік, – деді ол.
Актер бұл өзгерісті тек сән немесе уақыттың талабы деп қарауға болмайтынын айтқан. Оның сөзінше, бұрынғы қазақ ұғымында әр дүниенің астарында тәрбие жатқан.
Алда-жалда шашыңның сәл тұсы ашылып қалса да: «Ашық жерге шайтан ұялағыш дейді, қарғам. Шашыңа мұқият бол» деп үйрететінбіз. Бүгінде мұның бірі жоқ. Шашымыз жалаңаштану былай тұрсын, басқа жеріміз де жалаңаштана бастады. Сонда бүгінгі қазақта не қасиет қалды?!, – деген еді Асанәлі Әшімов.
Айта кетейік, бұған дейін Алаш жұртының Асанәлі Әшімовтің қазасына байланысты көңіл айтқаны жайлы жазған едік.